Иә, халыққа қадірлі үлкен бір өмір үзілді. Әбіш ағамыз мәңгі оянбайтын ұйқыға кетті. Әсіресе, қазақ баласына жұлдызы ыстық еді оның...
Асан Қайғы Желмаясының қомына сыймаған қайран Маңғыстау-ай! Осы мамырстан өлкеде әр дәуірде талай маңғаздар дүниеге келіп-кетіпті. Солардың ішінде маңдайынан күн сүйген кемеңгерлердің бірі – Әбіш Кекілбайұлы болар-ау! Өйткені, ол туғанына ел қуанған, өлгеніне жер қуанған қазақ сахарасының санаулы сәруарларының бірі еді. Кімнің кім екенін халық біледі ғой, бүкіл Тұран даласы арысын бір адамдай жоқтады, уһіледі, жас төкті, қамықты.
Жаназа намазына тұрған жанның қарасында қисап болған жоқ.
Бір ғажабы, ол бала кезінің өзінде бала болып біреумен төбелеспек түгіл, Маңғыстау қазынасын зерттеуге келген академик И.И.Бок, ғалым-геологтар А.Каримов, Д.Хайрутдинов, Ю.Мячиндерге жолбасшы болып, туған жерін аралатып, орыс тілін үйреніп, достасып, айлап-апталап солардың қасында жүрген. Кейіннен олар тоғыз жасар балаға Алматыдан, Воркутадан, Ташкенттен, Ленинградтан хат жазып тұрыпты.
Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезінде Әбекең қайтыс болған досы Максимнің шешесі Жәми Елеуованы орынсыз балағаттап, билеті болса да мінгізбей кеткен АН-2 ұшағы ұшқышының өрескел қылығын әшкерелеп, Мәскеудің «Комсомольская правда» газетіне тұңғыш рет орысша мақала жазады. Осы мақала жарияланысымен газет редакциясынан да, Батыс Қазақстан әуе тобының басшылығынан да хат келеді. Бұзақылық көрсеткен ұшқыш бір жылға дейін ұшудан аластатылып, әрі зәбір көрген анадан кешірім сұрапты. Әлгі ресми орындар 6-сынып оқушысы Әбіш Кекілбаевқа рахмет айтыпты.
Міне, бұл талапты ұланның біз білетін елеусіздеу бір қыры ғана.
Біздің тұстастарымыз М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан тәрізді ғұламаларды көрмегенімен, Әбекеңмен дидарласып қалды, ал оны көрмеген келер ұрпақтың тағы бір кемеңгер туғанша кемел ойшылға деген сағынышы басылмасы анық.
Қазақта небір өнер тарландары, даусыз дарындар, классик қаламгерлер баршылық. Бірақ, бәрінде бірдей кемеңгерлік, көл-көсір энциклопедиялық даналық, ең бастысы – әулиедей мейірбан мінез жетісе бермейді.
Міне, қанизесі кең Құдайтағала бөлмей-жармай, әлгі айтқан тәңірлік қасиеттерді Әбекең бойына түгел дарытып, ол – табиғатта аса сирек кездесетін алып бриллиант Кохинордай тұтасып, құйылып түскен ұлт мақтанышына, ой алыбына айналды.
Қарап отырсақ, көркем шығармаларынан бөлек, жаратылыстану, тіл, әдебиет, тарих, өркениет, мемлекет ісі, саясат, демография, экономика, әлеумет және руханият жазираларында Әбекең үңгімеген бірде-бір қалтарыс қалмапты-ау!
Өз өнерпаздарымыздың көсем туындыларын, жер-жаһан жампоздарының жауһар дүниелерін кейінгілер енді дәл Әбекеңдей бақайшағына дейін бекзаттықпен талдап, бүге-шігесіне дейін жіліктеп, баға бере алар ма екен?!
Жарықтық, ашынып, қамыққан кезінде: «Халқым-ай, саған не дейін, қайрай-қайрай азуымнан да түк қалмады-ау!», – деп, көпшілікке мұң шаққанын естіп едік.
Хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойында сөз алған Зейнолла Қабдолов: «Қазақ әдебиеті деген арғымақтың Мұхтар Әуезов алтын жалы болса, Әбіш Кекілбаев күміс кекілі ғой!», – деген еді. Тайтұяқ алтынға бергісіз осы баға енді ешқашан құнын жоймақ емес.
Небір алқалы жиындарда немесе әуежайларда жапырлай амандасқандардың бәрін «айналайын» деп бауырына тартатын, қолы жетпегендерді көз қиығымен аялай сипап тұратын, содан соң ақырын ғана басын изеп қоштасып, алып теңізге бет алған кемедей тербеле басып бара жататын, қазақтың маңдайына біткен Қызырғалайсаламы енді мәңгі жоқ...
Жұмабай ҚҰЛИЕВ.
АЛМАТЫ.