АҚТӨБЕ. 12 қаңтар. Ақтөбе қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық хатшылығымен бірлесіп «Мәңгілік ел» патриоттық форумын өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Партия мүшелері мен жастар қатысқан жиында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айбек Сағиев сөз алып, Елбасы Жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» идеясына, оны жүзеге асырудың тарихи маңыздылығына тоқталды.
Шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Нұртаза Абдоллаев еліміздің жиырма бес жыл ішінде қол жеткізген жетістігі мен Елбасының көреген саясатын сабақтастыра баяндады. «Мәңгілік ел» бағдарламасының тарихи маңызының тұжырымдарын тарата әңгімеледі. Бұл идеяның патриоттық мәні мен тәрбиелік маңызына тоқталды. «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің оқытушысы Бекзат Қаумешев жастар атынан сөз алып, еліміздің тәуелсіздігі хақында тұщымды ойларын ортаға салды.
Ал Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы ғылыми-сараптама тобының мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Дмитрий Мацюк еліміздегі халықтар достығы туралы, бұл бағыттағы Елбасы ұстанымдары жайлы әсерлі әңгімеледі. Мұғалжар аудандық білім бөлімінің тәлімгері, жас ақын Нұрбол Ыбраев тәуелсіздік туралы жалынды жыр оқыды. Форум соңында патриоттық әндер шырқалды.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.