Шақырғанға бармасаң...
«Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» дейтін атам қазақтың аталы сөзі сапарға сайланған жолаушыға жол сілтеп, қадамына қанат бітірердей. Иә, дәл солай. Біздің де қиялымызды қияға жетелеп, арманымызды алға сүйреп сағына күткен сапарымыздың да сәті туды. Желтоқсанның желі мен қаңтардың қарына қарамай, «түбім түркі, түлігім жылқы» деп келетін тіркеспен тілектес, ойы ортақтас Ататүріктің атамекеніне атбасын бұрған едік. Оған себеп, Еге университетінің егесіндей, түркі тілдес халықтардың арасына қағылған шегесіндей болып жүрген Метин Екжи мырзаның шақыртуы. Екі арада шекара тұрса да, көңілінің көпірі бұзылмаған қос мемлекеттің осындай игі істерімен достықтың дәнекері дәуірлері сөзсіз. Түсіңде көретін елдің ішінде жүргеніңді жүрегіңмен сезініп, толықтай түсіне алсаң, алыстағы арманыңның алақаныңа келіп қонғанын аңғарасың және сол сезім құлшынысыңды қуаттандыратыны да белгілі. «Шақырғанға бармасаң, шақыртуға зар боларсың» дегенді айтқан да қазақ. Негізгі міндетіміз тәжірибелік тағылымдамадан өту болғандықтан, оны да жоспарлап жолға қойдық. Көрген жердің көрікті тұстарын көңілге тоқып жүретінім болмаса, мақтап жату мақсатым емес. Дегенмен, жанарыма жазылған сәулелі сәттерімнің әдемі әсерлерін оқырманмен бөлісуді жөн санап отырмын.
Ұшақтан құшаққа
Қыр басынан қылтиып, күн күмбезі көтеріле бастаған уақытта ызғары ысқырып, аязы айқайлап тұрған Астанадан, мамыражай мамырдың мезгіліндей ыстық Ыстамбұлдың топырағына табан тіредік. «Ә» дегеннен әуежайының үлкендігіне үңіле қарап, таңғалыс білдіргенімізді жасырмаймыз. Ығы-жығы халықтың арасында адасып кету де әп-сәтте. Табалдырығынан аттаған мейманына мейіріммен қарайтын мекеннің күн райы да күлімдеп, шуағын шашып тұр. Түбі де, түрі де, тілегі де бір, жүрегі бір мұсылманбыз деп соғатын мемлекет болғандықтан, жат ел деп жатырқап жүрген біз жоқ. Негізгі баратын жеріміз Измир қаласы болғандықтан, таңда жеткен таңғажайып Ыстамбұлдан ақшам уақытында аттануымыз керек болды. Әбілқасым есімді сол жақта білім алып жатқан қазақстандық бауырымыз жолсерік болып, алып шаһарды армансыз аралатты. Алғаш табан тіреген жеріміз «Панорама» мұражайы болды. Мұражайды аралап шыққан адам құдды бір сұрапыл соғысты өзі бастан өткергендей күй кешері сөзсіз. Негізі мұражайдың түпкі мақсаты 1453 жылы Константинопольді Византияның қолынан босатып алған Осман мемлекетінің 7-ші падишахы Фатих Мехмет Сұлтанның соғыс кезіндегі әртүрлі әрекетін панорамалық бейнеде көрсету.
Құнды құжаттар мен құбылыстар сақталған сандықтай болған мұнаралы мұражайда көз тартар көптеген жәдігерлер жетерлік.
Алтын уақытын арнайы бөліп келген адамдардың алты мұнаралы Сұлтан Ахмет мешітіне соқпай кетуі мүмкін емес. Біз де сол дәстүрден жаңылмай Мәрмәр теңізінің жағасына жайғасқан ғибадат ғимаратына қарай бет алдық. Бейнесін суреттен ғана көріп, тарихын елден естіп жүрген мінәжат мекенінің мұнаралары алыстан менмұндалап тұрды. Жақындаған сайын жүрегіміз толқып, сексен түрлі сезімнің сипатына ендік. Көлемінің кеңдігі қазақтың көңіліндей кең екен жарықтық. Ағылып кіріп жатқан жандардың тарылып жатқанын байқамайсың. Айта кететін тағы бір жәйт, құрылысы 1609 жылы басталған мешіттің 260 терезесі бар екен. Сәулелі нұрға шомылған сәулетті сарайдың сәулетшісі – Седефкар Мехмет Ага. Ол Синан атты шебердің шәкірті, әрі бас көмекшісі болған.
Жаратқан Тәңірі мен таратқан тамыры ұқсас ұлттардың ұғысуы қиынға соқпасы анық қой. Сапар барысында дәл осы негізге толықтай көзіміз жетті десек артық айтқандық болмас. Неге десеңіз, қажетіңді сұраған қай адам болмасын жан-тәнімен жауап береді, түсінбей жатсаң керек жеріңе дейін жеткізіп салудан да аянбайды екен. Бұл жағдай басымыздан бірнеше мәрте өткендіктен өшпестей сақталып қалды. Олардың материалдық, экономикалық дамуын айтпағанда, қоғамдық қалыптасуының ізі де ілгері, адами санасының да дамуы анағұрлым алда екенін аңғардық. Келіншектің кестелі орамалындай бірде оюланып, бірде қоюланып керуені кердең басып бара жатқан тіршілік тізбегінде үнемі материалдық байлық басым тұрмасы белгілі. Кейде жаның мұңайып, көңілің құлазып, шаруадан шаршаған шақтарда, тұрмыстың тұтқасы ұстатпай кеткенде адам баласының бір күліп қарағаны, бір жылы сөйлегені сүрінгенге сүйеу, тайғанға таяныш болып, жанталасқан жалғанның жәй ғана жарыс екенін сездіреді.
Теңіз тербеткен Измир
Табаның тұңғыш тиген кез келген мекеннің таңғаларлық тұстары жетіп артылады. Тек сол сәттерді мерген көзбен дәлдеп, шешен сөзбен қағаз бетіне қондыра алсаң болғаны. Ақша бұлттар азайған ақшам мезгілінде біздің де қозғалар уақытымыз таяды. Ыстамбұл мен Измирдің арасы ұшақпен бір сағат, жеңіл көлікпен 6-7 сағат, ал автобуспен тоғыз сағаттай екен шамамен. Автобуспен баратын адамдар жарты жолды теңіз арқылы басып өтетінін естіген соң қасымыздағы әріптестер бірден сол бағытты таңдады. Күні бойғы жүрістен шаршағасын ба көлікке міне сала көбінің көзі ұйқыға кетті. Түркия жолдарының тегістігі соншалық Ыстамбұлдан ырғала қозғалған автобусымыздың не жүріп, не тоқтап тұрғанын кейде аңғармай қаласың. Шалдығып келіп шалқая түскен бір топ студенттер теңіз толқыны тербеткен автобус әлдиінен оянып кетті. Таласа-тармаса далаға қарай жүгірді. Түс көріп жатқандар теңіз көруге шамасы жетпей ұйқыларын жалғастыра берді. Түнде көрген қызықтарын таңға жуық таңғала әңгімелегендер, шықпай қалған әріптестерін әбден қызықтырды.
Топырағында тоғыз күн болатын Измирдің де есігінен еніп, есімізді жидық. Тәжірибелік тағылымдамадан өтетін оқу орнының жатақханасына жайғасқасын, сол жердегі ұстаздардың дәрісін тыңдауға кірісіп кеттік. Түркі тілдес елдер болғасын олардың сөзін түсіну айтарлықтай ауырлық тудырмады. Бұл жақтағы ең ғажап күніміз Измирдегі исі қазақтың иісіндей, бауырларды бауырына басып қарсы алатын Кемал Паша дейтін жерде қазақ ауылының қазығын қаққан Шерзат ақсақалдың шаңырағында өтті. Ол кісіні танымайтын адам кемде-кем шығар. Бізге дейін бұл жерге қазақтың қаншама қаламгерлері де, тарихшылары да табан тіреген. Дәлірек айтсақ, Мұхтар Шаханов, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдіков, Сұлтан Оразалин, Қабдеш Жұмаділов, Қойшығара Салғараұлы, Рымғали Нұрғали, Мұхтар Мағауин, Фариза Оңғарсынова, Сәкен Иманасов, Сұлтанәлі Балғабаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Дулат Исабековтер. Бұл сол тізімнің жартысы ғана. Аталмыш ауыл жайлы Шерзат Доғру мырза өзінің бірнеше сұхбаттарында баян еткен.
«1988 жылы Измирден 35 шақырым қашықтықта орналасқан үш жағы орманмен қоршалған Ниф тауының етегіндегі сайды сатып алдым. Алға қойған мақсатымды орындау үшін алдымен қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын танытатын әсем етіп қазақ үйін жасаттым. 1990 жылдан бастап бие байлап, қымыз баптап қазақ екенімізді жергілікті халыққа таныта бастадым», – дейді.
Түске таман барған «Алаш» ауылынан кеш бата бір-ақ шықтық. Уақыттың да қалай өтіп кеткені байқалмай қалды. Қымыз ішіп, жылқы мініп елге деген сағынышымызды сәл де болса басуға мүмкіндік алдық. «Кешкен тірлік кете берер келгісіз, Қалған өмір қанша екені белгісіз» деп жүріп сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның Отанға деген орны бөлек сезімі көзінен аққан тамшы жасынан байқалып тұрды. «Түркиялықтардың жақсы қасиеттерін жандарыңа жинап, ұнамсыз қылықтарын ұстанбаңдар», деп сол жақта білім алып жатқан қазақ жастарына ақсақалдың жиі айтып жүретін ақылы екен. «Измирге келген бойда осында келуіміз керек еді», деген студенттердің өкінішке толы сөздері бұл жердің қаншалықты қадірлі екенін көрсеткендей.
Қуана-қуана қарсы алып, қимай-қимай шығарып салған шаңырақтың әсерін әлі күнге ұмыта алмай келеміз. Түркия жайлы естеліктерді еске түсіргенде ең бірінші Шерзат атаның ауылын еске аламыз. «Мың күніме татитын бір күнім» демекші, өз қазағың өркен жайып келе жатқан өлкеде санаулы сағат қана болсақ та, санамызда сапырылысқан сан ойдан тынығып, ол жақтағы бауырлардың тағдырын ұғынып, ақсақалдың ақ батасын, ақ сәлемін алып қайттық.
Шет жүрсем сағынарым
Арманым болған алып шаһар.Түбі бір түркі елінің ыстық Ыстамбұлы, аңызға толы Анкарасы, имандылықтың иісі кетпеген Измирінің де алар орны айрықша. Әсіресе,намаз уақытындағы азанның даусы бойыңды шымырлатып, жүрегіңнің соғысын жиілетіп, бейнамаз адамның бейнесіне ұяттың белгісін ұялататындай болып тұрады. Көшелерін айтпағанда, базары мен вокзалында да бірнеше ғибадат ғимараттары тізіліп тұр. Осындай мекенге келіп «намазым қаза болды» дегеннің өзі ыңғайсыз секілді. Құлшылығы қуатты елдің, тіршілігі шуақты боларына тағы бір мәрте көзімді жеткіздім. Барған жеріңнің бақшасы гүлдеп, жапырағы жайқалып тұрса да Отаның мен отауыңның орны қашанда жоғары. Аязды болса да аяулы Атамекенге не жетсін. Еліңді сағынғанда, адасып сабылғанда, тіл білмей жалынғанда өзгенің асылынан, өзіңнің лашығыңды сүйгеннің үстіне сүйе түседі екенсің.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».
Астана-Ыстамбұл-Измир-Астана.