Кеше Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Орталық сайлау комиссиясының 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының және 2016 жылғы 21 наурызға тағайындалған Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі сайлау рәсімдерін түсіндіру бойынша баспасөз мәслихаты болды.
Ортсайлауком Төрағасы Қ.Тұрғанқұлов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін 20 қаңтарда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы аталған сайлау науқандарын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларын бекіткені туралы ақпараттандырды.
«Жалпы, Мәжіліс депутаттары мен мәслихаттар депутаттарын сайлауды қоса өткізу қазіргі экономикалық жағдайда объективті негізделген шешім деп санаймыз. Бұл сайлау науқандарын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын едәуір үнемдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бұл шамамен – 4,8 миллиард теңге», – деді Қ.Тұрғанқұлов.
Бекітілген күнтізбелік жоспарларға сәйкес сайлау науқандарының негізгі кезеңдері келесідей мерзімдерде өтеді.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда кандидаттарды ұсыну 2016 жылғы 8 ақпанға дейін, ал партиялық тізімдерді тіркеу 19 ақпанға дейін жүргізіледі.
«Сайлау туралы» Заңға сәйкес партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы Ассамблея Кеңесіне тиесілі.
Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Қазақстан Республикасының Конституциясы белгілеген талаптарға сай келуі тиіс. Атап айтқанда, еліміздің Ата Заңының ережелеріне сәйкес, Мәжіліс депутаты болып 25 жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл тұрақты тұратын азамат бола алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлау және сайлану құқы жоқ.
Мәжіліс депутаттығына сайлану үшін партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілігімен жүргізіледі. Бұл ретте, саяси партиялар партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшесі болып табылмайтын адамдарды енгізуге құқығы жоқ.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау ресімдерінің мерзімдері партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау үшін айқындалған мерзімдермен тұспа-тұс келмейді.
Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну 29 ақпанға дейін созылып, ал оларды тіркеу 29 ақпан – 5 наурыз аралығында өтеді.
Мәслихаттар депутаттарын сайлауда кандидаттарды ұсыну 2016 жылғы 19 ақпанға дейін жүргізіледі.
Бұл ретте мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсынуды белгіленген тәртіпте тіркелген республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ, олардың құрылымдық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады.
Баспасөз мәслихаты барысында Ортсайлауком басшысы қазіргі уақытта Ортсайлаукомда сайлауды өткізуге қажетті барлық кадрлық және материалдық ресурстар бар және оған дайын екенін атап өтті.
Азаматтарға және сайлау үдерісіне қатысушыларға өздерінің конституциялық құқығын еркін іске асыру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Сөзінің соңында Ортсайлауком басшысы жақын арада сайлауды әзірлеу мен өткізу уақытына тұрақты түрде жұмыс жасайтын баспасөз орталығының ашылатындығы туралы айтты.
Баспасөз мәслихаты барысында Ортсайлауком мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Атап айтқанда, еліміздің сайлау органдарының маңызды міндеттерінің бірі – сайлауды ұйымдастырудың, әзірлеу мен өткізудің негізгі халықаралық қағидаттарын сақтауды қамтамасыз ету болып табылады.
Сайлау үдерісінің барлық кезеңдеріндегі оның ашықтығына, жариялылығы мен транспаренттігіне сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылардың сайлауды байқауға белсенді қатысуы ықпалын тигізетін болады. Ол үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп халықаралық байқаушылар институты жұмыс істемек.
Ортсайлауком сайлау органдарына қажетті ұйымдастырушылық, әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсетеді. Тиісті құралдар, кітапшалар, баспа, сондай-ақ, дыбыс және бейнематериалдар әзірленуде.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».