• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2016

Заң шығару қызметін атқаруға кірісті

279 рет
көрсетілді

Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Отырысты аша келіп, Сенат Төрағасы Қазақстан Респуб­ли­касының бесінші шақырылған Парламенті Мәжілісінің өкілет­тігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәсли­хат­тарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Елбасының Жарлығы шығуына байланысты жоғарғы палата алдында тұрған міндеттерге сенаторлардың назарын аударды. «Президенттің бұл шешімі қоғам мен мемлекет үшін өте маңызды реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісіп, дағдарысқа қарсы шараларға жаңа серпін беретіні сөзсіз», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Конституцияға сәйкес, Мә­жі­ліс уақытша болмаған кезде Пар­ламенттің заң шығару қызметін Сенат атқарады. Бұл жағдайда Елбасының Ұлт Жоспарын заң­на­малық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін Сенат Үкіметпен бірлесіп ауқымды жұмыстарды үйлесімді түрде жалғастыратын болады. Қ.Тоқаев Сенат депутаттары қоғам мен мемлекеттің тұрақты да­муы­на аса қажетті заңдарды қа­был­­дауда, өздерінің мол тәжіри­бесі мен терең білімін аямай жұм­­сай­­тынына күмән жоқ екенін айтты. Отырыс барысында Сенат Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялады. Келісім біліктілікті тәуелсіз бағалау және сертификаттау жүйесін енгізу және жетілдіруге, жұмыспен қамту қыз­метін жақсартуға, еңбекке жарамды халықты оқуға қол жеткізуін кеңей­туге бағытталған. Жобаның құны – 25 345 миллион теңге – 137 миллион АҚШ доллары, оның ішінде сыртқы қарыздарды республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру есебінен 6,8 миллиард теңге – 37 миллион АҚШ доллары, сыртқы қарыз есебінен 18,5 миллиард теңге – 100 миллион АҚШ доллары. Жобаны 2020 жылғы 30 маусымда аяқтау жоспарланып отыр. Сенаторлар заңнамаға спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады. Құжат жергілікті атқарушы органдардың бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатыстырылған ұйымдардың қызметін үйлестіретін ұйымдастыру комитеттерін құруын қарастырады. Ұйымдастырушыларға іс-шараға қатысатын көрермендердің болжалды саны туралы, сатылған билеттердің, тұрақ орындарының саны туралы жергілікті атқарушы органдарды уақтылы хабардар ету жөніндегі міндеттер жүктеледі. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғаларға іс-шараларға барған кезде тыйым салулар мен шектеу­лер енгізіледі. Атап айтқанда, стадиондарға алкоголь өнімдерін, шыны және металл ыдыстағы өнімдерді, пиротехникалық өнім­дер­ді алып кіруге, адамдар өміріне қауіп төндіретін кез келген зат­тарды мінбелер мен спорт алаңдары­на лақтыруға, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық және діни араздық туғыза­тын плакаттар мен эмблемаларды пайдалануға тыйым салынады. Депутаттар, сонымен қатар, сена­торларды халықаралық парла­менттік ұйымдарға және Сенат­тың шет мемлекеттердің парламент­тері­мен ынтымақтастық жөніндегі топ­тарына жіберу туралы мәселені қарады.