• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2016

Тайваньда – тұңғыш әйел президент

429 рет
көрсетілді

Өткен сенбіде Тайваньда президент және парламент сайлаулары болды. Бұл шым-шытырық тарихы бар Тайвань елінде алғаш рет әйел азамат президент болып сайланды – Демократиялық прогрессивтік партияның көсемі Цай Инвэнь жеңіске жетті. Тайвань туралы айтқанда, әсі­ресе, ресми адамдар байқап сөй­лейді. Әлем елдерінің көп­ші­лігі «Бір Қытай қағидатын» мойын­дағандықтан да, Тайваньды ресми түрде жеке мемлекет санамайды. Бірақ әлемде талай мықты дейтін елдермен тайталасатын Тайвань дейтін экономика барлығын мойындамай және тұра алмайды. Көп ел онымен экономикалық қарым-қатынас жасайды, саудасын жүргізеді, халықаралық қоғамдық, мәдени ұйымдардың да онымен байланысы бар. Айталық, спортшылары әлемге танылған. Мұның мәнін тереңірек түсіну үшін тарихқа жүгінген жөн. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қытайда бұрын агрессорларға қар­сы күресте Чан Кайши басқаратын Ұлтшылдар партиясы (Гоминьдан) мен Мао Цзедун басқаратын Компартия бірлесіп қимылдаса, соғыстан кейін билікті бөлісе алмай, елде азамат соғысы етек алған. КСРО-дан көп көмек алған Компартия жеңді де, Чан Кайши Тайвань аралына барып паналады. Ал бұл кезде 1949 жылы Қытай Халық Республикасы жарияланып, кейін алып елге айналды. Бұл ел Тайваньды өзінің бір бөлшегі санайды. Ал бұл аралдағы мемлекет өзінше өмір сүріп жатыр: мықты экономикасы өз алдына, президенті, парламенті бар, саяси партиялар елдің саяси жүйесін айқындайды. Арал-мемлекетте жетекші екі партия бар, басқалары олармен коалицияға бірігеді. Чан Кайши негізін қалаған Ұлтшылдар партиясы (Гоминьдан) ұзақ мерзімде билік басында болса, соңғы кезде Демократиялық прогрессивтік партия (Миньцзиньдан) айтар­лықтай беделге ие болды. Олар 2000-2008 жылдарда билікке жетсе, 2008 жылы Гоминьдан билікке қайта келген. Міне, енді тағы да билік ауысып отыр. Осы жерде бұл партиялардың ұстанымына тоқталу қажет-ақ. Кезінде Тайвань антикоммунистік қамалға айналса, бүгін гоминьданшылар өмірге біршама шы­найы­лықпен қарап, материктік Қытаймен байланысты жақсартуды қалайды. Бұл – өмірдің талабы, тіресе бергенмен мән шықпайтыны белгілі. Тайваньның дербестігін, тәуелсіздігін ұранға шығарды. Жал­пы, халыққа тәуелсіздік идеясы­ның ұнайтыны белгілі. Миньцзинь­даншылар арал-мемлекеттің тәуел­сіздігін жариялаймыз демегенмен, материктік елмен мүмкін болғанша арада алшақтық сақтауды қалайды. Осы идея оларға жеңіс әкелді. Цай Инвень кәнігі саясат­шы қайраткердің, парасатты тұлға­ның сөзін айтты. Жеңіске жетіп, тәуелсіздік туын көтереміз деген жоқ, материктік Қытаймен байланысын үзбейтінін мәлім­деді. Өз кезегінде Бейжің де жаңа президентті ойланбаған қадам­дардан сақтандырды. Ал жаңа президент ең алдымен АҚШ-пен байланысын нығайтуға ұмтылатынын жасырған жоқ. Вашингтон да дипломатиялық тілмен сөйледі. Алдымен кеткен президент Ма Инцзюге жақсы әріптестігі үшін рахметін айтты. Бір жағынан бұл жаңа президентке де құлаққағыс. Цайдың өзін құттықтап, АҚШ пен Тайвань халқының бейресми байланысын нығайтуға мүдделілігін білдірді. Бұл – сыртқы жаққа қатысты жай. Ел іші айтарлықтай толқыды. Цайға халықтың 56,28 пайызы дауыс берсе, Гоминьдан кандидаты Жаңа Тайбэй мэрі Эрик Чуды 31,04 пайыз сайлаушы қолдапты. Әсіресе, жастар жағы сайлау нәтижесін өз жеңісіндей қабылдаған. Чу болса, бірден партия көсемі орнын тастап кеткен. Қалай дегенде де, бұл арал-елдегі жағдай шектен шықпайтыны аңғарылады. Шенген аймағы тарылатын түрі бар Жақында газетімізде Австрияда Шенген келісімі уақытша тоқтатылатыны туралы федералдық  канцлер Вернер Файманның мәлімдемесі жайында жазылды. Бұл қазір жалпы Еуропалық одақ елдері  үшін өткір проблемаға айналып отыр. Бұл проблема сонау Африка, Азия құрлықтарындағы елдердегі саяси тұрақсыздықтан Еуропаға ағылған мигранттардың келуінен туындап отыр. Мәселен, соңғы 5 жылда Сириядан Еуропаға 507 мың мигрант келді. Соғыстан берекесі қашқан халық тыныш елдерге ұмтылады. Қанша бақуатты болғанмен, Еуропадағы елдер негізінен өз халқына лайықты ырыздық дайындайды. Сырттан келгендердің біразына рыздығынан бөліскенмен, артық адамды асырауға Австрия сияқты ауқатты елдің де шамасы келе бермейді. Содан да олар келімсектер тас­қынын тоқтатуға мәжбүр. Біршама ақпарат құралы Еуропа елдері сырттан келген бос­қындарды жөндеп қарсы алмай жатыр деп айыптауға құмар. Әділ­дікке жүгінгенде, қайырымды кәрі құрылық – Еуропаның сырттан күн көре алмай келгендерге қолынан келгенше қамқорлық көрсетіп жатқанына рахмет айт­қаны жөн шығар. Сын айтсақ, айыптасақ, өз халқына жағдай жасай алмаған, амалсыздан басқа жаққа босып кетуіне итермелеген елдерді, олардың билігін айыптаған жөн шығар. Шенген келісімінің кейбір елде тоқ­татылуына келсек, бұл енді – мәж­бүрлік әрекет. Қазіргі күнде өз елдерінің шекараларында құ­жат­тық бақылау енгізген ел жалғыз Австрия емес, бұл тәртіп бұдан бұрын-ақ Норвегия, Швеция, Дания, Германия, Франция және Мальтада да енгізілген. Осы жерде жалпы Шенген келісімі туралы аз-кем айта кеткен жөн. Келісімге 1985 жылы 14 маусымда қол қойылды. Алға­шында оған бес ел – Бельгия, Ни­дерланд, Люксембург, Франция және Германия мүше болды. Бұл келісімнің негізді де тиімді екеніне көздері жеткен соң, оған басқалар да қосылды. Қазір оған Еуропаның 26 елі мүше. Елдердің бір-бірімен шекара­да тексеру-бақылауды алып тастауы экономикалық байланыс­ты өрістетуге жол ашатыны өз ал­дына, өзара сенімді де ны­ғай­тады, бұл елдердің саяси бір­лі­гін де күшейтеді. Бұған бұрын бас­қа аймақтағылар қы­зыға да қыз­ғана қараса, енді соған селкеу түсті. Әсте де бұл Шенген ай­ма­ғындағы елдердің ынты­ма­ғының әлсірегенінен емес, сырт­қы жағдайдың, басқа жақ­тар­дағы тұрақсыздықтардың салдары­нан болып отыр. Еуроодақ елдерінің бұған қат­ты мазасыздануы да шындық. Еуро­палық кеңестің төрағасы Дональд Туск еуропарламентарийлер алдында сөйлеген сөзінде өзінің сыртқы шекарасын қорғай алмаса, Еуроодақ саяси жоба ретінде күйреуі де мүмкін десе, Еурокомиссияның басшысы Жан-Клод Юнкер де Шенген аймағының жойылуы Еуроодақтың өзіне де қауіпті дегенді айтып жіберді. Бұл енді қатаң айтып, қауіппен сақтандырудың да жолы шығар. Дегенде, қауіп үлкен. БҰҰ-ның есебінше, биыл, 2016 жылы Еуропаға ағылған мигранттар тасқыны екі есе, ал Еуроодақтың есебі бойынша үш есе артпақ. Оның салқыны бүкіл әлемге тиеді. Кей­біреулердің Шенген аймағының сетінегеніне қуанғандай табалауы – пендешілік пиғыл. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.