немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатырда» ұйыған хандық
Тоғанның інісі Есен ханның тұсында ойраттар өрлеу дәуірін бастан кешті. Ол Шыңғыс әулетінің соңғы ханы Дайди ханды өлтіріп, бүкіл моңғолға тұтас билік құрды. «Тоқаш тойынан» соң айырылған империяның басын қайта қосты. Шүршіттерді жаулап алды. Содан кейін қытай императоры Ин-цзунды – Чжу-цижені (1436-1450 жж. тақ иесі) тұтқынға алып, басқа патшаны таққа отырғызды. Бірақ, қайырсыз келген билік – қайырсыз ажалға алып келді. Шүршіт (мәнжу) пен қытай империясын тітіренткен, «батыста – Зайсан көлі мен Қарашар кентін, шығыста – Қанғай тауының батыс етегін, оңтүстікте – Тұрфан, Хами, Баркөл көлін, солтүстікте – «Ертістің жоғарғы ағысы мен Енисейдің арасын атажұрт еткен, қазақтармен, қырғыздармен шекараласқан» (И.Я.Златкин) Есен хан өзінің ойраттарының ішіндегі ұсақ ұлыстан жеңіліп, дала безіп кетті. Қаңғып жүрген кезінде қолға түсіп, қашқынның кебін кешіп өлді.
Міне, «алтын ұрықтың жиендері» қонтайшылар осылай хан тағына көтеріліп, заңды мұрагер атанды. Ендігі кезекте Самур ханшайымның немересі Есентайшы 1453 жылы таққа отырды. Шеше жағынан тікелей Құбылайдың жиені, жиеншарлары болғандықтан да, таққа қонтайшылардың отыруы, не тақтан дәметуі толықтай орынды деп табылды. Ойраттың төрт тайпасының бірі шоростан шыққан Тоған мен Есен тайшылар кейіннен көшпелілердің соңғы империясының – Жоңғар хандығының негізін қалаған «алтын ұрық» деп танылды.
Міне, біз түп тамырынан тектеп келе жатқан, әфсана басында «санда – санаты, елдігі – есте жоқ жоңғарлар қайдан шыға келді?» деп сауал қойған «ата жауымыздың» тарих алаңына шығу жосығы осындай. Әрине, олар Тоған тайшы мен Есентайшының тұсында ұлы жоңғар емес, жай ғана қонтайшы – қан тамшы – жиен ғана болатын. Оларды қатардағы қонтайшыдан жоңғар ханы еткен, ойдағы ойраттың басын төрге – билікке шығарып, Жоңғар хандығын құрып берген тағы да «кекті бесіктің» иесі – қыз, шорос қызы, Тоған мен Есеннің қарындасы, «рух патшалығы» Тибетті басқарған кекті билік иесі, Темір-шинсан ноянның қызы – Мандухай еді. Сондықтан да, Мандухай әрі «алтын ұрықтың», әрі «қасиетті рухтың» ханшасы ретінде Құбылайдың немересі Меңдіғұлға (1463-1467 жж. тақ иесі) ұзатылады. «Шоңмұрын Меңдіғұл ханның төсек тойы кезінде сіреспесі ұстап қалатындықтан да, онымен (Мандухаймен) қосылыса алмапты» («Алтын топшы»). Меңдіғұлдың өзін де таққа отырғызған ойрат көсемі Бегерсін-тайшы болғандықтан да, апалы-сіңілі Жүңкен мен Мандухайдан бас тарта алмайды. Хандықтың басқа тұқымға, не ойраттарға ауып кетуінен сескенген Меңдіғұл – өзінің орнын шөбересі Баян-Мөңкеге аманаттайды (1467).
Тағдырдың тосын тәлкегі деген осы, Қазақ хандығы құрылған жылы Баян-Мөңке, хандық ныспысы – Болқы-жан да таққа мұрагерлік етті. Бұл да Меңдіғұлдың қатынын тартып алмақ болғанда, пиғылы жария боп, қуғынға ұшырайды. Меңдіғұл да дүние салады. Баян-Мөңке қаңғып жүріп қарақшылардың қолынан өлім құшады.
Сөйтіп, ұлы Шыңғыс империясы мұрагерсіз қалды! Бұл қағанаттың қара шаңырағының күйреуі деген сөз! Тіпті, Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстары да мұрагерліктен дәме етпеді. Оның есесіне Мин (қытай) мен Түркістан әміршілері көз сұғын кадады. Соның ішінде, Қазақ хандығы да қанатын Шығыс Түркістанға қарай жайып келе жатты. Демек, қазақ пен жоңғар хандығы қатар тұяқтанып, бір-біріне бетпе-бет бағытта шеңгелін жая қозғалды. Араларын бағы тая бастаған Шағатай ұлысының жұқа ғана шымылдығы бөліп тұрды.
«Қара шаңырақ» ортасына түсе шайқалғанда, шоңмұрын, сіреспе Меңдіғұлдың баласыз қалған жесір ханымы, шорос қызы Мандухай бар тізгінді қолына алды. Қағанатты қарс айырып қаһарын төкті. Мандухайдың мысынан ыққан Мин патшасы: қытай патшалығын мойындасаң, қауіпсіз, қамсыз өмір сүруіңе кепілдік береміз деп мүләйім хат жолдады. Бірақ, Мандухай жесір: «Мен байсыз қалсам да, қара шаңырақ қағансыз қалмасын. Қағанатты – байлыққа айырбастамаймын» деген мазмұнда уәж айтты. Сөйтіп, Шыңғыс империясының басын жұтқан әйел емес, қағанатты екінші рет тізесінен тік тұрғызған «қатын» – императрица атануды қалады. Сол үшін бүкіл қағанатқа жаушы жіберіп, Шыңғыс әулетіне тиесілі тұқымды іздетті: «Сол тұқымның таққа отыруына бар күшімді жұмсаймын» – деп салауат айтты.
Іздегені – табылды. Бірақ, күткені ол емес еді. Кілтипан мынада: табылған тұқымның жасы бес-алты мөлшерінде ғана еді. Бай боп та, хан болып та жарытпайтын, тағдыры – тұл, жасы – кенже, өзі жетім Бату-Мөңке – Мандухайды, не оның әпкесі Жөнкені Меңдіғұлдан тартып алмақшы болып қашқынға айналған Баян-Мөңкенің ұлы болып шықты. Бату-Мөңке бір жасқа толғанда Қашқардың Хами өлкесінің Исмал-тайшысы шабындыға түсіріп, Шығыр-жананды емшектегі ұлымен қосып алып кетіпті. Шығыр-жананды қатын етіп, кішкене сәбиді Бақай деген біреуге асырауға береді. Өгей әке баланың өкпесін өкпеге толтырған. «Асқазаны ас қорытпайтын, терісін теңбіл теміреткі басқан» жетім Бату-Мөңкенің мүшкіл жағдайын естіген Мандухай астыртын жаушы жіберіп, дертін сонда емдетіп жазады. Қастандықтан сақтану үшін баланы арнайы сандықтың ішіне салып, қазақ арбамен алдыртады. Содан бастап болашақ Бату-Мөңке хан «Қобдидағы хан» (Үкекте қаған) аталып кетеді. Енді Мандухай сол жетім мұрагердің атынан жарлық шығарады.
Алайда, «жесір қатын мен жетім ханның» дәргейі кімге өтсін?
Мандухай дереу шешім қабылдап, әскери жорыққа аттанады. Анау-мынау елге емес, тура өзінің ұлысына – ойраттарға тұтқиылдан шабуыл жасайды. Шайқасқа Мандухайдың өзі тікелей қатысады. Ұрыс қызған кезде Мандухайдың дулығасы ұшып кетеді. Мұны көрген жауынгер шоростың бірі өз дулығысын кигізе салады. Сөйтіп, Мандухайды ажалдан құтқарып қана қоймай, әскерді үрейлене шегінуден сақтап қалады. Ең бірінші және ең маңызды жеңіске жеткен Мандухай жік шығарушы тайшылардың көзін жойып, хандықты мойындаттырады. Олжаны жомарттықпен бөліп береді де, ойраттардың дәстүрін ойрандап, яғни, елдік қасиетін ұмыттыратын: «Осыдан бастап киіз үйлеріңді орда деп атауды қоясыңдар, бас киімдеріңе екі еліден артық жыға тақпайсыңдар, малдас құрып отырмайсыңдар, тізелеріңді бүгіп отырасыңдар. Айранды – көже дейсіңдер, етті кесіп жемей, тістеп жейсіңдер» – деген жарлық шығарады. Кейін етті пышақпен турауға келісімін береді.
Тарихшылар: «Неге Мандухай өзінің жұртын шапты?» деп сұрақ қояды. Бірінші, ойрат – «төрт тайпа бірлестігі» ол кезде жоқ еді. Торғауыт, дүрбіт, телеуіт, шорос – өз беттерінше дербес ұлыс еді. Демек, Мандухай шоростан басқа, хандықты мойындамаған қалған үш тайпаны, не солардың мойынсұнбағандарын шапқан. Екіншіден, таққа отырған қонтайшылардың барлығы да өз туыстарының, яғни, ойраттардың арандатуынан қаза тапқан болатын. Үшіншіден, бұрын-соңды тақ иесінің ең сенімді кешіктендері – ханның қайын жұрты, қатынының төркіні, құдалары еді. Ал Мандухай үшін осы төрт жұрт – бір жұрт, ойраттар еді. Сондықтан да, хандықтың қалған қарашы тайпалары мен руларын қаймықтыруы үшін ең әуелі өзінің іргесін бекітіп, яғни, төркіндерін тұқыртып алуы тиіс-тін. Бұл үш мақсатқа қолы жетіп, хандықтың ханымы атанған соң, әрине, тақ иесі – ханды таңдауы заңды еді.
«Төсек көрсе сіреспесі ұстайтын» Меңдіғұлдан жар қызығын көріп жарытпаған Мандухай Шыңғыстың бауыры Хасардың үрімі, ежелден жақаттас Өне-Болатпен көңіл қосады: «Оған ресми күйеуге тисе – Өне-Болат заңды тақ иесі атанады. Сөйтіп, ұмытылған тақ таласы қайта қозады, хандықтың ішіндегі былғақты енді Хасардың тұқымдары бастайды. Шыңғыс әулетінен басқа әулетке күйеуге шықса – «қатын» аты жойылып, «қара шаңырақтан» айырылады, моңғолдарға сөзі өтпейтін болады» – деген туған ағалары Жыға мен Меңді-Өрліктің уәжі көңіліне қона кетеді. Ұрғашылық долылығы ұстап, Өне-Болатқа тиюге кеңес берген Сатай сараместің басына ыстық шайды құйып жібереді. Еті үйренген Өне-Болатты өкпелетіп алмаудың амалымен Шыңғыс ханның әруағы қонған «сегіз ақ боз үйге» барып, Алан-гуаның әруағына шағынады: «Өне-Болат – етенем емес. Қағанның «алтын ұрығына» күйеуге тиіп, жеті ұл, бір қыз табуыма жар бол, Алан-гуа!» – деп жалбарынады. Әрине, Алан-гуа тура солай аян береді. Сөйтіп, «Сайын Мандухай нәпсіге беріліп, ләззәтқа құмартса, жас ноян Болаттың дегеніне көнер еді. Алайда, ол мемлекеттің мүддесін жоғары қойды».1470 жылы құрылтай шақыртып, Бату-Мөңкені – Даян хан, яғни, Да юань (Ұлы юань патшалығының ұлы қағаны) – деген ныспымен таққа отырғызды. Бұл кезде Бату-Мөңке 7 жаста, Мандухай 33 жаста еді.
Бату-Мөңке балиғатқа толған соң, яғни, 1482-1494 жылдардың аралығында үш егіз, бір жалқы ұл, бір қыз тауып, жалғыз мұрагерді етегімен жарылқайды. Сөйтіп, «алтын ұрықтың» басы – Алан-гуа ананың аяны дәл келеді. Бір қызығы, Мандухай қатын 1490 жылы үшінші егізге аяғы ауыр кезде шайқасқа қатысып, аттан жығылады. Шеріктердің бірі қалқалап атқа мінгізіп, майданнан алып кетеді. Аман-есен босанып, кезекті егіз ұлын табады. Соған қарағанда, «Сайын Мандухай» десе дегендей сайын екен. Бірақ, содан бастап «сайын қатынның» сағы сына бастапты: сайын даладағы хандықтарды (оның ішінде, оңтүстік Орта жазық – Сардала мен Сарыөзен, Шығыс және Орталық Түркістан, әрине, «Алтын орда» да бар) ұлы Шыңғыс қағанның қара шаңырағының астына қайыра біріктіру арманы орындалмай қалды. Бату-Мөңке – Даян хан енді билікті белсене өз қолына алды. Сайын Мандухай – 1509, Даян хан – 1517 не 1543 жылы дүниеден қайтты. Ендігі тізгінді Мандухайдан туған көп ұлдар ұстады.
Міне, ойрат-шорос қызы Мандухайдың егіздері нағашылары ойраттардан – «сол қол» – жоңғар әскерін жасақтап, өздері «Жоңғар хандығын» құрып, соңғы шылбырды қонтайшыларға – жиендеріне ұстатты. Көп ұрықты шашыратпай Мандухайдан туған Ұлыс-Болат, содан кейін Барыс-Болат «рух қорғаны» – Тибет пен Ордосты иеленгенін ерекше назарға аламыз. Барыс-Болаттың ұлы Алтын-хан таңғұттардың «даңқты да құдіретті билік әрі рух қорғанышы» атанды. Ал оның немере-жиені Құтықтай-сечен (шешен, көсем) қонтайшы 1577 жылы пұт нанымын – мемлекеттік қасиетті дін, ал далай лама – Пұттың елшісі – деп жариялады. Қағанның өзі далай-ламаның алдында басын шұлғып, мүлгіп тұратын болды. Алтын ханның немересі «моңғол тұқымынан шыққан тұңғыш және соңғы Далай-лама ІV» атанды. Тоған мен Есен ханның кіндіктесі, ойраттардың ұлыс көсемі Байбағыс-хан 1578 жылы 50 мың әскермен Ертістің мойнағынан өтіп, қытайдың дәргейіндегі халха-моңғолдың 80 мың қолын талқандап, моңғол империясын қайта біріктіру керек – деген дәмені қоздырады. Құлашын солтүстіктегі Көшім ханның жеріне сермеп, Омбы мен Есіл өзенінің жоғарғы ағысына иелік етті. 1628-1632 жылдары Хо-Ұрлық (Қойырлық) бастатқан торғауыттар, дүрбіттер «ұлы ноғай даласын көктей өтіп» Еділ бойына қотарылды. Орыс ғалымдары Петр І патшамен салыстыратын Батыр-қонтайшы таққа отырған тұста, яғни, 1635 жылы Жоңғар империясы толықтай қалыптасып болды деп есептеледі.
Ал 1610 жылы Байбағыс хан өзінің ұлының орнына Тибетке тақуалыққа жіберген бала кейін «аса дана және қасиетті Зая-пандит құтықты» атанды. Пұт дінін насихаттап «Жайық пен Ертіс арасын, Көкнор мен Тибет арасын шарлап», жоңғар хандығының тұтастығы мен бірлігіне кепілдік беретін әулие дәрежесіне көтерілді. Жоңғарлардың қазақ даласына жаппай қотарыла бет алуына батасын берген де сол ойрат, яғни, «Мандухай қатынның» қандасы. Сол Зая-пандит Батыр-қонтайшының сегіз (кей деректе тоғыз) ұлының бірі алты жасар Галданды Тибетке әкетіп, тақуалыққа тәрбиелейді. «Құт иесі құтықты» дәрежесін алады.
1653 жылы Галданның әкесі Батыр-қонтайшы, 1662 жылы ұстазы Зая-пандит дүниеден өтеді. Далай-ламаның бұйрығы бойынша шеберлер Зая-пандиттің мүсінін жасайды. Галдан бастатқан ойрат тақуалары Зая-пандиттің өртелген мәйітінің күлін қою сиямен араластырып, қасиетті өсиет жазып, оны мүсіннің ішіне салады. Сыртына: «Тағы моңғолдардың шет аймағына құдіретті дін таратушы» деген Далай-ламаның жазуы жазылған бұл мүсінді Галдан құтықты Жоңғарияға өзімен бірге алып келеді. Сөйтіп, Зая-пандиттің рух мұрагері атанған Галдан құтықты Далай-лама V-тен: «Туған ағам Сенге-қонтайшының жанындағы құтықшысы болайын. Біздің ойратта: «Менің сұр арғымағым шабысынан әлі жаңылған жоқ, менің сұр жебем әлі нысанадан шалыс кеткен жоқ. Әке, жібер мені жорыққа, аттанайын!» – деген жыр бар. Жіберіңіз мені, Жоңғарға» – дейді. Далай-лама панчен-ламаның (қасиетті ламаның) мұрынынан аққан қанымен қаймышталған белгілер (кабалистические знаки) жазылған дуананың бас сүйегін сыйға тартып: «Пұт мінәжатын тарат, бірақ мұндағы жұмбақты зерде иелері ғана білсін» – деп жолға шығарып салады.
Сөйтіп, «жоңғар хандығын» – «көшпелілердің соңғы империясы» атандырған атақты Галдан құтықтының Жоңғарияға жорығы, міне осылай, Далай-ламаның «батысты қасиетті дінге кіргізуі» туралы аманат-тапсырмасымен басталды. «Қасиетті рух» пен «рух патшалығының кепілі» Галдан құтықты ағасы Сенген-тайшының қарауындағыларды дінге ұйытып, басын шұлғытып, өзіне қаратып алады. Галдан құтықты 1669 жылы: барунғар – оңтүстік (оң қол), жоңғар – солтүстік (сол қол) атанып, екіге бөлініп кеткен ойраттардың басын қосамын – деген желеумен Ошырты-ханның ордасына келеді. Құтықты болса да құлқыны Ошырты ханның қызы Ану аруда болады. Сол сапарда, Жоңғар ханы Сесен-тайшы мен Жотпа-батыр түн ішінде Барунғар ханы, Галданның бір әке, бір шешеден туған ағасы Сенге ханды өлтіріп кетеді. Галдан мұны естіп, Ошырты-ханмен анттасып, кек алуға серттеседі. Галданның ордасы – Ертіс, Сесен-ханның ордасы – Еміл өзенінің бойында еді. Қаранор көлінің жағасында Сесен-ханды талқандайды. Бұдан кейін құтықтылықтан бас тартып, өзін қонтайшы емес, хан деп жариялайды. Ану аруға үш рет қатарынан жасау-таралғы жіберіп, айттырады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізеді. Бірақ, Ану ару Галданға бақ емес, мәңгілік таусылмайтын кек әкелді.
Себебі, туған ағасы Сесен-ханның заңды тақ мұрагері, өзінің етбауыры – Соном-Рабданды у беріп өлтіреді, ал екінші ұлы Себен-Рабтан (Цэван-Рабдан) Тұрпанға (екінші бір деректе нағашысы торғауыт ханы Аюкеге) қашып кетеді. Ағалы-інілі екеуінің, яғни, Галдан мен Себен-Рабтанның бүтін Жоңғарияны бөлшектеген, ақыры, Моңғолия мен Жоңғарияны қосып мәнжулерге теліткен өштігі осылай өршіді. Шыңғыс қағанатын қалпына келтіріп, солтүстік және оңтүстік (мәнжу бодандығындағы) моңғол хандығын ойратпен қоса біріктіруге барын салған, 1679 жылы Шығыс Түркістанды жаулап алғаны үшін Далай-лама V Галдан құтықтыға «Бошықты хан» – «Тәңір жарылқаған қаған болсын» (бурхан тэнгрийн бошгоор хаан болсун) деген атақ береді. Бұл – Пұт құдайының жердегі өкілі деген сөз.
Мұндай киелі лауазымды бауыры Себен-Рабтан ғана мойындамады. Неге? Кілтипан, сол баяғы «кекті бесікте» жатыр. Мәнжу патшасы Кан-си – оңтүстіктен, Себен-Рабтан – солтүстіктен, Тушету хан – шығыс солтүстіктен қыспаққа алып, Моңғолияның толықтай мәнжу бодандығына көшер кезде, мәнжу императоры ағалы-інілі екеуінің қанды кегі неден басталғанын сұратады. Сонда Себен-Рабтан: «Біздің Галданмен жауласуымыздың себебі мынау. Ол менің ағам Соном-Рабтанды у беріп өлтірді. Бір кезде маған (Себен-Рабтанға) айттырылған қалыңдығым Ануды (Ошыртының қызынан басқа, Галдан бошықтының екінші қатыны Ану. Ал Ошыртының қызы Ану ару өмірінің соңына дейін Галданның қасында болды. Мәнжумен, Себен-Рабтанмен, Тушету ханмен болған шайқасқа да қатысыпты-мыс) тартып алып, зорлықпен қатын етті. Сөйтіп, мені қатты қорлады. Қалыңдығым Ану мен балаларымды Ұлан-бүдіннің түбіндегі шайқаста Галданнан тартып алдым» – деп жауап берді.
Міне, өштіктің төркіні қайда! Тағы да зорланған әйел!
Жоңғарды – империя дәрежесіне көтерген, үш жақты қоршауда қалған, ұлы Себтен-Балжыр Канс-сидің тұтқынына түскен Галдан бошықты хан: «Менің түбіме сен жеткен жоқсың, Кан-си, туған бауырым Себен-Рабтан жетті. Жоңғарияны тартып алды. Мен отансыз қалдым. Мен сенімен соғысар едім, бірақ, халха моңғолдың керін құштырып, сарыаяқ шеріктеріңнің табаны Жоңғарияны басады-ау деп қауіптенемін. Одан да Отанымды азат сақтағаным артық. Бұл қорлықтан өліп құтылайын!» – деп сәлем айтып, 1697 жылы 3 мамыр күні Батыс Моңғолиядағы Ашамутай деген жерде құсалықпен дүниеден өтті.
Біз осымен Галдан Бошықты хан мен Себен-Рабтанның арасындағы «кекті бесікті» тербеткен, жоңғар империясын тарих сахнасына шығарған «қағанат қатындары» туралы әфсананы аяқтаймыз. Айтпақшы, бұл «кекті бесіктің» қазақ ханы Тәукеге және Себен-Рабтанның қазақ даласына шабуыл жасауына да қатысы бар болып шықты. Оны баяндамасақ, Себен-Рабтанның «қазаққа қастығым жоқ еді, өздері намысыма тиіп, «қалыңдығымды тонап, қорлады» – деген уәжі атаусыз қалар.
«Себен-Рабтанның жоңғар ханы ретіндегі алғашқы сыртқы шарасы қазақ ханы Тәукемен арадағы соғыс болды. 1698 жылы көктемде Себен-Рабтан қытай патшасы Сюань Е-ге жазған хатында: соғысты «өз еркіммен емес, аса мәжбүр болғандықтан да бастадым. Оған Тәуке ханның озбырлығы себеп болды. Әуеліде Тәуке менен: Галданның тұсында тұтқынға түсіп, Лхасадағы Далай-ламаға сыйға тартылған ұлын босатуға көмектесуімді өтінді, оның есесіне, ол – Тәуке менімен одақтас және тату болатынына сендірді. Мен – Себен-Рабтан, Тәукенің ұлын босаттырып алып, оның қауіпсіздігін сақтау үшін қасына 500 адам қосып қайтардым. Бірақ та Тәуке менің бұл қайырымдылығымның қарымтасын қастандықпен қайырды, менің адамдарымның бірін қалдырмай қырып тастады. Содан кейін менің қол астымдағы Уркедей-Батыр-тәйжіні және оның адамдарын түгел өлтіріп, тонады, өзіне тұтқын етіп алды. Содан кейін көп уақыт өтпей жүз түтіннен асатын менің ұранхай жасақтарымды әйелімен, баласымен, барлық мал-мүлкімен тартып алды. Сонымен қатар, Тәуке хан Еділ бойынан Жоңғарияға ұзатылып келе жатқан менің қалыңдығымның, Аюке ханның қызының көшіне шабуыл жасады. Сондай-ақ, ол – Тәуке хан Ресей жерінен тауар алып келе жатқан менің көпестерімді тонады. Сондықтан да мен оның қысасына – қысас жасап, әскеріммен соғысқа аттануға мәжбүрмін. Мен осы хабар арқылы, сізге, мәртебелі ағзам, мені соғысқұмар екен деп ойламасын деген үмітпен өзімнің жазықсыз екенімді мәлімдеймін» (И.Я.Златкин) – дейді.
Себен-Рабтанның жазып отырғаны шындық па, жоқ, жай бопса ма? Әлде бұл: жоңғарлардың 1628-1632, 1643, 1680, 1681-1684 жылдары қазақ даласына жасаған жорықтарына қайтарған Тәуке ханның жауабы ма? Себен-Рабтанның тұсындағы қазақты «ақтабан шұбырындыға ұшыратқан» 1711-1712, 1714, 1717 жылғы және «Алқакөлге апарып сұлатқан» 1723 және 1725 жылғы шапқыншылыққа «себеп болған», шынымен де, Аюке ханның қызының – Себен-Рабтанның қалыңдығының көшінің шабындыға ұшырауы ма? Сонда, «кекті бесіктің» құны үшін әр бес қазақтың үшеуі басын бергені ме? Анығы: 1726 жылы Білеуті өзенінің бойында 65 мың қалмақ әскерін 40 мың қазақ қолының жеңгені, Себен-Рабтанның 1727 жылы өлгені, сол жылы Аңырақай шайқасында қазақтардың шешуші жеңіске жеткені. Ал осы қырғынға Себен-Рабтанның қалыңдығының қолға түсуі себеп болды ма, ол жағын түбірлеп түсіндіру қиын. «Бай қимақ – жан қимақ» деген қазақ мәтелін білеміз, алайда, «қатын үшін жан пида» дегенді естімеппіз. Дегенмен де, дүниенің арғы-бергі тарихындағы, соның ішінде осы әфсанадағы қанды қырғындардың барлығы «қатындардың – императрицалардың» кесірінен ушыққанын ескерсек, ол да мүмкін. «Кекпен тербетілген бесікте» аяушылық болмақ емес. Сөйтіп, «кекті жатырда» туып, «кекті бесікте» тербетілген, «кекті жорықтан» пайда болған жоңғар хандығы ақыры «Ану қатын» мен Аюке ханның қызының және нағашылы-жиенді Даваци мен Әмірсананың кесірінен жойылып кетті.
Әлқисса, міне, осы жолдармен біз де діттеген жерімізге жеттік. Жоңғар хандығын тарих сахнасына шығарған: кекті бесікте тербетілген; не әке-шешесін, аға-бауырын өлтіріп, әпке-сіңілісі зорлықпен тұл етілген; не ел-жұртын аман сақтап қалу үшін басын кейқуат қатындыққа көндірген; не хандықты сақтап, ұлысын хандық деңгейіне жеткізген «кекті қатындар» екенін ерлі-зайыпты Почекаевтардың жинақтаған деректеріне жүгіне отырып пайымдадық. Осы әфсанада аты аталған, ескіше – қатын, бізше – әйелдердің әр қайсысы, басында ескертіп өткеніміздей, «санда – санаты, төрде – орыны жоқ» жоңғар хандығының тарих сахнасына шығып қана қоймай, «көшпелілердің соңғы империясы» деңгейіне жетуге, бірі – тамшыдай, бірі – тұмадай, бірі – бұлақтай үлес қосып, ақыры кекті теңізге айналдырды. Түпкі «кекті бесік» Боданшар-Мұңлықтың жүкті әйелді зорлауынан басталды. Амбағай қаған қызын ұзатқан жолда уланып өлді. Есукей меркіттің ұзатылып бара жатқан қалыңдығы Өлеуін-үжінді тартып алды. Есукейдің өзі Бөрте-үжінге құдалық түскенде улап өлді. Бөрте-үжінді меркіттер тартып алды. Көптің көзінше зорланған Теркен қатын ұлысты беске бөлді. Үгіл-Қаймыштың тұсында билік Үгедейден Толу әулетіне көшті. Сорқақтан қатын ұлы құрылтайдың беделін түсірді. Шәпи – «Ұлы жұрттың» дінін өзгертті. Мандухайдың тұсында , «алтын ұрыққа» әйелдер (қатындар) әулеті жағынан алыстан кеп қосылатын жиендер – ойрат ұлысы» таққа ұмтылды.
Олар өздерінің, яғни, шоростардың арғы тегін асылдандыру үшін, Шыңғыс ханның шығу тегіне балама ретінде мынадай әсіреәфсана шығарды. Есте жоқ ескі заманда жас аңшы биік таудың басындағы иен көлге келеді. Оның жағасынан суға түсіп жүрген перінің қыздарын көреді. Біреуін ұстап алып, мауқын басады. Арада тоғыз ай өткенде перінің қызы тапқан ұлын ағаштың басына іліп кетеді. Оны ағаштың өскіні емізіп өсіреді. Ағашты сораптап еміп өскендіктен «сорап, шорап, шорос» атанып кетеді. Оны тауып алған адамдар бір ғұламаға көрсетеді. Оқымысты: Көктен туған әулие бала екен. Хан сайлаңдар – дейді. Шорос тайпасы сол әулеттен тараған-мыс – делінеді (Е.И.Кычанов). Екінші бір аңызда, жас сәбиді ағаштың қабығының арасынан тауып алады. Қалай дегенмен де, шоростардың, ойраттардың арғы тегінде «кекті де күмәнді» бесікке қатысты бір бұлдырлық бар.
Қойшы, сонымен, әлгі «перінің тұқымдары», Шорос қызы Мандухайдың ұлы – Болаттар – Батырланып, хандық құрды. Солардың ішіндегі ең қатерлісі – Құтықтай-сечен қонтайжы болды. Ол: Сендердің ендігі ұлы ұрықтарың – батыста өсіп-көктейді. Пұт құдайы сендерге «Алтын орданы» мегзеп тұр. Аттан. Пұт дінін таратыңдар. Мен батамды бердім! – деп жар салуы мұң екен, қонтайшы атаулы батысқа – қазақ даласына, яғни, Сарыдаладан – Сарыарқаға дүлей құйын боп лап қойды.
Бұл тарих – біздің ұстынымыздан тыс тақырып. «Кекті бесіктен» туған тұқымдар кекті империяны дүниеге әкелді. Ал сол «кекті империяның» қыздары мен жесірлерінен туған жиендері – «қалмақтан жылқы қайырған, қатын-баласын айырған» қазақтар – көшпенділердің соңғы ұлы империясының тоз-тозаласын шығарып, жер бетінен атын өшіріп тынды.
Бұл не сонда? Тарихи заңдылық па, жоқ, тарихтың тәлкегі мен мазағы ма? Әлде, жөргегінен ұшынған кекті бесіктің зауалы ма? Кім білсін.
Бесігіміз бұзылмасын! Тәмәт-тамам.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ.
АСТАНА.
31 шілде – 28 тамыз. 2015 жыл.