• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Тынық мұхит табаны түсіп кетті

669 рет
көрсетілді

Бұл жайт Америка тұрғындарының зәресін алып отыр Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде Америка құрлығының бір бөлігін тасқын судың басып қалатыны туралы қауесет желдей есіп тұр. Алайда, АҚШ-тың Оре­гон штатының тұрғындары кешеден бері Тынық мұхиттың өз жерімен шен­десіп жатқан жағалауынан су қашып бара жатқанын айтып, жұртты тағы дүрліктіре бастады. Үрейге бой алдырған көпшілік мұхит деңгейінің әдепкі күні – 14, келесі күні 96 сантиметрге дейін түсіп кеткенін жеткізді. Осыдан мұхит айдынындағы №46404 белгісі көрініп қалған. Мұндайдың болуы әбден мүмкін, деседі ғалымдар. Тек бұл жағдайда Хуан де Фука мен Сол­түстік Америка арасында орналасқан су астындағы үстірт көрініп қалуы керек. Сол кезде мұхит аумағында жер сілкінісі орын алып, аса қуатты цунами көтеріледі. Тап сондай көрініс 1700 жылы болған екен. Соның салдарынан Солтүстік Американың батыс жағалауынан көптеген шақырымға дейін су қашқан. Ендеше, жағалау тұрғындарының үрейге бой алдырулары бекер емес. Рас, жергілікті билік сол бойда бұ­дан қорқатын ештеңе жоқ екенін білдіріп, жұрттың толқуын басуға әре­кет етті. Ол белгінің көрініп қалуы жө­ніндегі алып-қашты әңгімені журна­листер скриншот арқылы дайындап, ойдан шығарып жүрген бостекі тір­лікке жатқыза салды. Ал ресми орган­дар әзірге жұмған ауыздарын ашар емес. Бұл отқа май құя түскеннен басқа еш­теңе әкеле қоймады. Қазір жұрттың өрекпіген көңілін басып, мазасыз халге ұрындырмай тұрған бір ғана нәрсе бар. Ол соңғы бірнеше күннің ішінде ешқандай апатты өзгерістер орын алып, Американың солтүстік-батыс жағалауы «жала­ңаштана» қоймағанына, сондай-ақ, жақындап келе жатқан цу­намидің екпіні байқалмайтына саяды. Журналистер билік тарапынан қолдау таппағаннан кейін жағдайды түсіндіріп беруді сұраған АҚШ-тың көрнекті сейс­молог-ғалымы Джон Видал оқиғаға мы­надай баға берді. Су деңгейінің ай­тарлықтай түсіп кеткені қаншалықты шындық болғанымен, аса бір қорқыныш әкелетіндей ештеңе де жоқ. Мұның буй-белгі электроникасы жұмысындағы ол­қылық қана болуы да ықтимал. Мұрат АЙТҚОЖА.