• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Кішкентай Әсемнің үміт жібі

370 рет
көрсетілді

Жұмыста жазуымды жазып отыр едім, жылт етіп, хат кел­ді деген хабарлама түсті. Хат әлеу­меттік желідегі достарымның бірі– Дәулет Ахметжанов деген азаматтан екен. Достығын қа­былдағаннан өзге қадам жасал­маған мүлде бейтаныс жан. «Менің ортаншы қызым өте қатты науқас. Біз Корей еліндегі емімізді әрі қарай жалғастыра алмаймыз. Өтінем көмектесіңізші! Бұл не қылған ұятсыз адам деп сөге көрмеңіз, бұл үміті үзілердей болып, соңғы дәрменмен қарманған әкенің қимылы. Барлық ақпарат менің парақшамада» деген хат екен. Әншейінде әлеуметтік желі­лерде мұндай көмек сұрау­шы­лардың қатары өте мол, алайда дәл осылай танымайтын адамға жеке хат жазу бола бермейді. Солардың өзін оқып отырып жүрегің ауырып, қолыңнан келерің жоқ қиналып жүргенде мына хат менің бар ішкі әлемімді қозғап жіберді. Өткенде Орта­лық коммуникациялар орталығында бала құқығына қатысты өткен брифингте бір ұсыныс айтқан едік. Әлеуметтік желі арқылы жанайқайларын сыртқа шығарып, ауру балама көмектес дейтін жандардың қатары көп, соларға мониторинг жүргізіліп, нақты көмек көрсетудің шараларын қа­растырудың жолдарын іздес­тірсеңіздер, әйтпесе айлығы шай­лығына жетпей жүрген қара­­пайым адамдар қиналады. Қоғам­­да Үкімет көмектеспейді де­ген, билікке теріс пиғыл қалып­та­сады. Қазір бізде небір құ­рыл­­ғылармен, мамандармен жетіл­­дірілген клиникалар бар, солар­дың мүмкіндіктерін пайдаланып, халі мүшкіл жан­дарға алдыңғы кезекте көмек көрсетілсе, деген­біз. Сол жолы брифинг соңы­нан ұсынысыңызға рахмет, деп есімхатын берген лауа­зым иесі есіме түсіп, Дәулет Ахмет­жановтың парақшасына кірдім. Өзіне хат жаздым. Дәулеттен төмендегідей жауап келді. «Балама елімізде дұрыс диагноз қойылмай, симтомдық емді үйге жалғастыруға кеңес беріп кері қайтарған соң, Мәс­кеуде, Үрімжіде болдық. Олар да көмектесе алмаймыз деді. Ал Кореяда профессор Ю емдеп жазу­ға болады деп отыр. Біздегі Ана мен бала орталығының дәрі­герлері мұңымызға селқос қара­ды. Электронды адресіңізді бер­сеңіз орталықпен жазысқан хат­тар мен құжаттарымызды жібе­рейін», деді. Адам емес, құжат сөйлейтін, құжатқа сенетін уақытта емдеу мекемелері мен кішкентай Әсемнің әкесі арасындағы хаттар біраз жайды аңғартқандай. Алғашында нефробластома диагнозымен Ана мен бала Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығында емделген 5 жастағы Әсем Ахмет­жановаға осы жерде химиялық ем­нің 3 сатысын алып, содан кейін қатерлі ісікті сылып алу­ға ота жасалынады. Ота жасал­ғанда алынған ісіктің бөлшегі гистологиялық зерттеуден өткен­­де, Әсемге басқа диагноз қойы­лады. Өткен жылғы қара­ша айының 27-сі күні ауруханадан шыққан Әсемді ата-анасы Қы­тайға апарып емдетпек бол­ғанда ондағы дәрігерлер бас тар­тып, желтоқсанның 11 күні Ана мен бала Ұлттық ғылыми-зерт­теу институтына қабылдауға өті­ніш жасалғанда, аталған диаг­ноз бойынша емнің түрі – ота болып саналады, ал сіздің бала­ңызға ота жасалынған, ал Қазақ­станда тәжірибелік эксперимент тұрғысында ем жүргізуге тыйым салынған, әрі шетелдер­де химиялық-сәулелік ем қабыл­даудың оң нәтижелері жоқ, деген мазмұнда жауап алынады. Дәрменсіз ата-ана 5 жасар бал­ғынның көз алдарында семгенін қаламай әлемнің озық клиникаларына сұрау салғанда Сеулдегі Северанс клиникасынан профессор Ю үміт жібін қолдарына ұстатады. Дәулет Ахметжанов фейс­бук­тегі парақшасында былай деп жа­зады. «Бәріңізге қайырлы күн тілей­мін! Соңғы жаңалықты 17 қаң­тарда жазған болатынмын. Осы күндер ішінде профессор Ю бастаған корей дәрігерлері соңғы диагнозды қойды – нефробластома!!! 18 қаңтардан 5 күнге со­зылатын химиялық ем басталады. Емнің алғашқы күндерін Әсем белгілі дәрежеде жақсы қабылдауда. Өте көп зерттеулер, анализдер тапсырып жатыр. Біз мұнда қызымыздың дертіне дауа табылатынына үлкен сенім артамыз. Дәрігерлер өте білікті, мейірбикелер бар зейінімен қарайды. Алайда, клиниканың ең бір жаман жері – бағасының қымбаттығы. Осын­да өткен 15 күннің ішінде біз 22 мың доллар жұмсадық. Қар­жылық жағдайымыз аса қиын. Кө­мек көрсете алатын мейірімді жан­дар­дың қолдауына зәруміз. Аурухана Әсемнің еміне қатысты жалпы есепті бүгін-ертең береді. Осы ретте мынадай сауал туындайды. Неге біздің мемлекет Ю тәрізді жоғары білікті дәрігерлерді дұрыс жалақы төлеп жұмысқа шақырмайды. Мәселен, Северанс клиникасында бар-жоғы 4 профессор, ал оларға дүниежүзінің барлық аймағынан іздеп келіп емделеді. Егер елімізде осындай дәрежедегі дәрігерлер болса, ата-аналар балаларының өмірі үшін шекара аспас еді. Шіркін, балапаным өз елімізде емделсе» дейді. Дәулеттің арманының артында қаншама ой жатыр... Кішкентай Әсемге емің шипалы болсын дей отырып, осы жолдарды жаздым. Бәлкім, сіз Әсемнің қиналған ата-анасына қолұшын берерсіз. Немесе осы жолдарды оқып, біліктілігі аса жоғары деңгейдегі Ю профессор тәрізді дәрігерлердің елімізге келуіне ықпал етерсіз. Сөйтіп, қиналған жандарға медет болып, ауруына ем табылумен қоса, қиын заманда елдің ақшасының шетел аспай елде қалуына септігіңіз тиер. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».