Елбасы бесінші шақырылған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сонымен, Парламент Мәжілісінің кезектен тыс және мәслихаттардың кезекті сайлауларына орай аламан дода басталды деп айтуға толық негіз бар.
Парламент Мәжілісінің сайлауын кезектен тыс өткізуде ең алдымен сыртқы факторлардың ықпалы басым болғандығы анық. Жаһанды жайлаған экономикалық дағдарыс, көмірсутегі бағасының құлдырауы үлкен әсерін тигізді. Қазақстанның басты сауда серіктесі – Ресейдің санкция құрсауына алынуы да отандық экономиканың өрістеуіне кедергі болып отыр. Оның сыртында халықаралық жағдай да шиеленісіп тұр. Таяу Шығыс қырғи-қабақ қақтығыстың алаңына айналғандай. Қысқасы, осындай алмағайып заманда өз мүддеңді өзің ойлап, алдын ала қамданбасаң, қосақ арасында кетіп қалуың да ғажап емес. Ынтымағы жараспаған елдің ішіне іріткі салып, бүлдіргі саясаттың құрбанына айналғанды да көз көрді. Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу уақыт талабынан туындап отырғанын төрткіл дүниеде болып жатқан оқиғалардан жан-жақты хабардар саясаттанушылар да, сарапшылар да айтады.
Мәулен Әшімбаевтың айтқанына құлақ түрсек, ол Президенттің өте дұрыс қадам жасағандығын тілге тиек етеді. «Іс жүзінде Президент Парламенттің темірқазығы болып табылатын саяси элитаның жаңаруына мүмкіндік беріп отыр. Өйткені, саяси кеңістік мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етудегі өте маңызды құрал. Себебі, Парламент тек партиялардан ғана емес, қоғамның алуан түрлі өкілдерінен құралады. Қазіргідей алмағайып кезеңде президенттік бағытты және партиялардың сайлауалды бағдарламаларын әрі қарай жалғастыруға сенім мандатын иеленуі өте маңызды».
Саясаттанушы Андрей Чеботарев та Парламенттің қызметі сапалық тұрғыдан өзгеретіндігіне бек сенімді. «Мемлекет басшысының стратегиялық тұрғыда көрегендік қасиеті басым. Парламентшілердің бастамасына саяси партиялардың да ықыласы ерекше. Жұртшылық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қызығушылық танытуда. Осындай уақытта кезектен тыс сайлау өткізу тиімді болмақшы. Қоғам және биліктің өзі тарапынан да сұраныс жоғары. Елдің саяси жүйесінің шешуші тетігі Парламенттің жаңаруы тұтас алғанда элитаның жаңаруына әкелмек. Жаңадан сайланған депутаттардың келуі плюрализмді білдіреді, жаңа идеялар саны артады, депутаттық сауалдарда, заң жобаларында көрініс беретін әртүрлі ұстанымның өрістеуіне әкеледі».
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов болса, Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған үндеуінде сайлауға қатысты мәселені жіліктеп түсіндіріп бергенін айтады. «Меніңше, бұл жерде бірнеше мәселеге көңіл аударуға болады, – дейді саясаттанушы. – Біріншіден, «Сайлау туралы» Заңға сәйкес, нақты шешім қабылданды. Елбасы әуелі Парламент палаталарының төрағаларымен, одан кейін Конституциялық Кеңестің төрағасымен кеңесті. Содан кейін барып өзінің құзыретіне сай шешім қабылдады. Бұл шешім өте маңызды, өте қажет. Себебі, Елбасы өзінің халыққа арнаған үндеуінде айтқанындай, қазір әлеуметтік-экономикалық жағдайда, сыртқы саясатта, аймақтық қауіпсіздікке байланысты қордаланған көп мәселе бар. Осының бәрін шешу үшін Мәжіліске білімді, білікті депутаттар сайлануы керек.
«Экономикалық дағдарысқа қарсы күрес тек экономикалық шаралармен шектелмеуі тиіс, дағдарысқа қарсы бағдарламаға қатысты саяси тұрғыдан алғанда басты қадамның бірі, әрине, кезектен тыс сайлаулар болып табылады, – дейді сарапшы Марат Шибұтов. – Біріншіден, біз қайтадан заңды сайланған Парламентке ие боламыз. Сондай-ақ, халықтың саяси партияларға, олардың саяси идеологияларына қаншалықты сенім білдіретіндігін сынақтан өткіземіз. Екіншіден, партиялар туралы жан-жақты мәлімет аламыз. Бізде оңшыл да, солшыл да, центристік бағыттағы партиялар да бар. Қайсысы көп орынға ие болады, соның идеологиясын көбірек пайдалануымыз керек. Үшіншіден, пікірталастарда, саяси бағдарламаларда қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде пікірлер жинақталады. Төртіншіден, элитаның ротациялануы. Экономиканың жаңа инновациялық секторының мүддесін қозғайтын жаңа адамдарды сайлауымыз қажет. Осыған орай, меніңше, мемлекеттік шара ретінде халық үшін де сайлау маңызды».
Елімізге белгілі саясаттанушылардың пікірі осы төңіректе тоғысады. Яғни, Парламент Мәжілісіне сайлау жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын көрінеді. Біріншіден, Мәжіліс сапына жаңа депутаттардың келуі арқылы заң шығарушы органның қызметіне қан жүгіреді. Екіншіден, сапалы заңдар қабылдау жолға қойылады. Үшіншіден, алдыңғы екеуінен туындайтын мәселе мемлекеттің алдында тұрған міндеттердің жүзеге асуына соны серпін береді.
Ал енді өзімізше ой өрбітіп көрсек, төмендегіше түйіндер едік. Қазіргі экономикалық дағдарысқа қарсы Үкіметтің жүзеге асырып жатқан шаралары толық көңілден шығады деп айту қиын. Сол себепті Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы Үкіметті қамшылауға, ел экономикасына оң өзгерістер жасауға мүдделі болмақшы. Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жолында билік тармақтарының бірін бірі қайрап отыруы заңдылық. Оның үстіне, әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көрінуге ұмтылған Қазақстанда қоғамның аманатын арқалаған көппартиялы Парламент бұқараның әлеуметтік жағдайына да баса мән беретіні сөзсіз.
«Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында Елбасы қоғамдық кеңестердің мән-маңызына жан-жақты тоқталған-ды. Биыл жылдың басынан «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар, әкімдіктер жанынан Қоғамдық кеңестер құрылып, маңызды мәселелерге қатысты қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Яғни, мемлекеттік органдар қызметіне халық өкілдері арқылы баға беріледі деген сөз. Олай болса, Парламент тарапынан да Үкіметтің қызметін бағамдау, саралау басты назарда болмақшы.
Қалай дегенде де, «бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан өзгерек» болатыны айқын. Өйткені, алдына асқақ міндет қойып отырған елдің Парламентіне де, Үкіметіне де жүктелетін жауапкершіліктің орны бөлек.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».