• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Қостанайда қылмыстың ашылу көрсеткіші өте төмен

278 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 26 қаңтар. Қостанайда облыстық ішкі істер департаментінің жедел топтар қызметінің 2015 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген жедел мәжілісі болып өтті. Онда Қостанай облысы бойынша қылмыстық ахуал біршама тұрақты болғанымен, оның ашылу көрсеткіші төмен екені айтылды. Бұл туралы ng.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Мәжілісте облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Тілеген Мәткенов облыста жасөспірімдер қылмысының азаймай отырғанын айтты. Оның себебінің бірін департамент бастығының орынбасары Мейірхан Торғаев қылмыс жасаған жасөспірімдерді уақытша ұстайтын арнайы мекеменің жоқтығы және ата-аналарға бергенмен нәтиже болмай отырғанынан деп түсіндірді. Мәжілісте облыс көлемінде жасалған қылмыстың ашылуы да нашар екені айтылды. Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Мейірхан Торғаев: «Өзгенің  мүлкін ұрлау орта ауыр қылмыстың 88 пайызын құрайды. Ал оның жыл бойындағы ашылу көрсеткіші 25 пайыздан аспады. Сонымен қатар орташа ауырлықтағы қылмыстардың ашылуы 29 пайыз болды», – деді. Мұның себебін сұраған ішкі істер министрлігі жедел жоспарлау департаментінің бастығы Қайрат Тыныбековке ол іздестіру, тергеу қызметкерлерінің тәжірибесіз жастар екендігін алға тартты. Ол тергеу қызметкерлерінің 60 пайызының жұмыс тәжірибесі әлі 5 жылға жетпейтіндігін айтты. Облыста әр 10 000 тұрғынға 257 қылмыстан келеді екен. Сондықтан Тыныбеков қызметкерлерді үйретіп, бар күшті профилактикалық жұмыстарға салу керектігін айтты. Дегенмен әр тергеушіге 135 істен келеді. Норма бойынша ол 41-ден аспауы тиіс. Қылмыстардың ашылмауына қызметкерлердің тәжірибесінің аздығы себеп пе, әлде жұмыс жүктемесінің шектен тыс көптігі себеп пе? Сонымен қатар Қостанайдағы қылмыс жасағандарды уақытша ұстайтын мекемеде жағдай жоқ, сондықтан іс сотқа берілгенше оларды Рудныйға апаруға тура келеді. Бұл да полицейлердің жұмысын қиындата, уақытты тығыздата түседі. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: ng.kz.
Соңғы жаңалықтар