• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2016

Үшқоңырда бәйшешек гүлдеді

379 рет
көрсетілді

Таңсәріден Үшқоңыр ауылын бетке алып келеміз... Сірә, бұл жолы табиғат түсірілімі сәтсіз болатындай. Алматыдан қанша шақырым алыстасақ та, қара түтінмен тұмшаланған бұлыңғыр аспан соңымыздан қалар емес. Көктен ақ көрпелі кеңістікке қиғаш түскен күн көзі көз қарық­тырады. Алыстағы Алатау тіпті бұлдыр бейнеге айналған. Су­ретке түсіру тұрмақ, бедерін тамашалау да мүмкін емес. Десек те, сол жоталарға жол тартып ке­леміз. Шамалған өзенінен асып, Үшқоңыр жайлауын кесіп өтіп, өзі аттас Алатау жоталарына қарай өрледік. Анадай биікте бір топ табын жайылып жүр. Қасына барып, жақыннан түсірілім жасау үшін, сол биікке төтесінен шығуға тура келген. Сәтті көріністер түсіргені өз алдына, табиғат ғажайыптарына еріксіз куә болдық. Көктем ны­шаны – бәйшешектер осы Үш­қоңыр жотасында қауызын жарыпты. Әдетте, оңтүстік өңірде байқалатын тосын құбылыс, қа­лың қар басқан біздің Алатаудан қайталанғанда, не деріңді білмей қалады екенсің?! Биыл Алатау табиғаты қызық болып барады, тамызда қалың қар жауып, әсем желектің белінен үзген еді, енді қытымыр қаңтар келгенде, тағы да мінезі күрт өзгеріп, бәйшешекпен төңірекке көктем лебін сездіргендей... Үшқоңырдың сымбатты жоталары болса, осы тылсым сырымен көпшілікке бөліскендей... Ал таудың кең шат­қалдарын аралай қозғалсаңыз, мөлдір тұнық бұлақтарға кезігесіз. Бірінші, екінші, үшінші бұлақ деп жалғаса береді... Тіпті, бірінші бұлақты тауда демалыс жасаушы­лар үшін арнайы көркемдеп, барыспен безендіріпті, тіпті, дем­алып, тынығу үшін, арнайы орын­­дықтармен жабдықталған. Ша­малы тыныққаннан кейін, шат­қал­мен биікке өрлесеңіз, тау дидары бірінен соң бірі жалғасып, ерекше айшықталады. Алыстан сығалаған Күн көзі де, төңірекке өзгеше рең берген... Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ. Суретті түсірген автор