• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Мызғымас бірлік, тынымсыз еңбек

340 рет
көрсетілді

Кеше Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс ХІІ съезі өтті. Жиында еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, кезектен тыс Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысу туралы партия шешімін мақұлдады. Сондай-ақ, съезде Парламент Мәжілісіне үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді әрі ұйымның сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Съезде бірінші кезекте сөз алған Ауыл» халықтық-демократиялық пат­риоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев ұйымның қазіргі таңдағы бағыты мен атқарып отырған қызметі жөнінде тоқтала келіп, алдағы сайлау науқанының маңыздылығына екпін берді. Бүгінгі басқосудың орны айрықша! «Ауыл» халықтық-демократиялық пат­риоттық партиясы қоғамымыздың өр­кендеуіне өзінің үлесін қоса жүріп, кемелденген саяси ұйымға айналды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жария етті. «Ауыл» партиясының да басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігін бекемдей түсіп, «Мәңгілік Елді» нығайтып, бекіту! Қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері халқымыздың рухани-адам­гер­шілік құндылықтарын сақтап қалу үшін уақтылы әрі нақты әрекет етуімізді талап етеді. Біздің партия осы мәселемен кешенді түрде шұғылданатын болады, деді Ә.Бектаев. Одан әрі спикер еліміздің ауыл ша­руашылығы саласының мол мүмкіндіктері жөнінде кеңінен әңгімелеп өтті. Біз ауыл халқының өзекті мәселелерін басты назарда ұстауымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, ауыл және агроөнеркәсіп кешені еліміздің дамуы жолында ерекше орын алады. Еліміздің 8,0 миллион тұрғыны, яғни халқымыздың 45 пайызы ауылдарда тұрады. Аграрлық өндіріс Қазақстан халық шаруашылығының ірі және дәстүрлі саласы болып табылады. Соңғы жылдары ауыл мен ауыл­ша­руашылық саласын қолдауға мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалды. Де­генмен, аталған салада шешімін күткен түйткілдер баршылық. Мәселен, отандық тауар өндірушілер өнімдерінің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде. Алайда, оларға орталық және жергілікті атқарушы орындар тарапынан жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеуде. Статистикалық мәліметтерге қара­ғанда, еліміз бойынша мал шаруашылығы саласына тиесілі жалпы өнімінің 72 пайызын жеке қосалқы шаруашылықтар өндіреді. Бүгінде ауыл тұрғындарының жеке қораларында ірі қара малдың 65 пайызы, қой мен ешкінің 61 пайызы, жыл­қының 54 пайызы шоғырланған. Біз осынау мүмкіндікті жалпы ел игілігі үшін ұтымды пайдалануымыз керек, деді партия төрағасы. Сонымен қатар, Ә.Бектаев съез­ге қатысушы делегаттардың назарын ауыл­ша­руашылық жерлерін мақсатты және оңтайлы пайдалануға бақылауды күшейту қажеттігіне аударды. «Ауыл» партиясы ауылшаруашылық жерлеріне қатысты мәселелерге көз жұмып қарамайды. 180 миллион гектар ауылшаруашылық жер­лерінің 30 пайызы түрлі эрозияға ұшы­раған. Бұл алқаптардың жағдайы бізді ойлан­дыруы тиіс. Ауылшаруашылық жер­леріне қазіргі заманауи технологиялар­ды қолданудың жеткіліксіздігі де үлкен мәселе. Сондай-ақ, астық егілетін жерлер­дің 40 пайызына арнайы дайындалған сапалы тұқым себіл­мейді, деді ол. Сондай-ақ, партия төрағасы аграрлық ғылым саласының мүм­кін­діктерін өз сөзінің арқауы етті. «Ауыл шаруашылығы саласына қатысты 200-ге жуық ғылым докторы мен 500-ден астам ғылым кандидатының әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз. Қазақстанда ғылыми институттардың саны білім беру орталықтарынан көп. Алайда, инновациялық жүйені жетілдіру өз деңгейінде емес. Осы орайда барлық аудан орталықтарынан мамандардың білімі мен машығын жетілдіретін орындар ашу қажет. Біз ғылым мен ауыл шаруашылығын тығыз байланыстыра отырып жұмыс істеуіміз керек, деді спикер. Сонымен қатар, партия төрағасы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына жасалып жатқан қолдаулар жөнінде айта келіп, ауылды кешенді дамытуға бағытталған – ауылдағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қабілетті «Ауыл инфрақұрылымы» атты мемлекеттік бағдарламаны дайындау қажеттігін жеткізді және басқа да өзекті мәсе­лелерді атап көрсетті. Жиын барысында партия төрағасы Әли Бектаев бірқатар әлеуметтік мәселелерді де сөз етті. Ол сөзінің соңын: «Алдымызда биік белестер бар. Олардан алқынбай асу – өз қолымызда. Мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, рухани биіктік – біздің ең басты құралымыз. Партиямыз пәрменді, елдігіміз мәңгілік болсын!» – деп түйіндеді. Бұдан кейін бірқатар азамат мінбеге көтеріліп, партияның алды­на қойып отырған мақсат-міндеті, бағы­ты тұрғысында сөз қозғай келіп, өз әріптестерін алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Сонымен, съезд соңында қаты­су­шылары «Ауыл» ХДПП-ның «Ауыл дәстүрін жаңғыртамыз» атты сайлауалды бағдарламасын бірауыздан қабылдады және заңнама талаптарына сай 19 адамнан тұратын үміткерлердің партиялық тізімін бекітті. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.