• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету – прокурорлық қадағалаудың басым бағыты

519 рет
көрсетілді

Азаматтардың еңбек құ­қы­ғының негізге алынатын кепілдіктері, атап айт­қанда, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау, ең­бегі үшін нендей де бір кем­сіту­сіз сыйақы алу, ең­бек қауіпсіздігі жағдай­ла­ры, демалу және жұ­мыс­сыздықтан әлеуметтік қорға­­лу құқықтары Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Конституциясында бекітілген. Әрине, азаматтардың еңбек құ­қық­тары сақталуын қамтамасыз ету про­ку­рор­лық қадағалаудың басым бағыт­тарының бірі болып табылады. Олар­дың еңбекақысын төлеуге қатысты конституциялық құқықтарын қорғауға ерек­ше назар аударылады. Осы мақсатта «Уақы­тылы жалақы» республикалық бағдар­ламасы жү­зеге асырылып, оның ая­сында азамат­тардың еңбек құқық­тары мен оларды қорғау тәсілдерін түсін­діру бойынша ауқымды жұмыстар ұйым­дастырылды. Прокуратура органдарында тәу­лік бойы жұмыс атқаратын Call-ор­та­лық­тарының арқасында жалақы берешегі бойынша туындайтын өзекті мәселелер туралы мәліметтерді уақытылы алу және әрбір дерек бойынша жедел әрекет жасаудағы өзекті мәселелер жойылды. Прокуратура органдары жалақы берешегі бойынша қарыздарды өндіру жұмыстарын толығырақ жүргізуді азаматтардың еңбек құқықтарының бұзы­луына жол бермеуге бағытталған дағ­дарысқа қарсы шаралар аясында 2009 жылдың екінші жартысында бастады. Мысалы, 2009 жылдың қыркүйек айында кәсіпорындардың өз қызметкерлері алдындағы жалақы бойынша берешегі 4,9 млрд. теңгені құраған. Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 2011 жылдың аяғына аталған соманы 1,8 млрд. теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік туды. Бұдан кейін берешек біртіндеп азая бастады: 2012 жылдың басында бере­шек 1,6 млрд. теңгені құраса, 2013 жылы – 1,4 млрд. теңге, 2014 жылы – 859,7 млн. теңге, 2015 жылы – 735,1 млн. теңге болды. Өткен жылдың басында эконо­мика­лық жағдайдың нашарлауы жалақы берешегінің күрт өсуіне әкеп соқтырды. 2015 жылдың ақпан айы­ның 1-іне берешек 1,2 млрд. теңгеге дейін өссе, нау­рыздың 18-не ол 185 кәсіпорында 1,8 млрд. теңгеге жетті. Атал­ған жалақы бе­ре­шегінің күрт өсу бет­алысына байланысты оны нақты өндіру және одан әрі өсуі­не жол бермеу прокуратура орган­дары­ның басым міндеттері болып белгі­лен­ді. Осы мін­деттерді жүзеге асыру үшін қысқа мер­зімде прокурорлардың ғана емес, барлық уәкілетті мемлекеттік ор­ган­дардың іс-әрекеттері жандандырылды. Барлық проблемалық кәсіпо­рын­дарды зерттеу бо­йынша ауқымды жұмыстар жүр­гізіліп, нәтижесінде бере­шек­ті өтеуге нақ­ты мүмкін­дік­тері бар кәсіп­орындар тізімі жасалды. Осы кәсіп­орындардан жалақы бойынша қарыз­дарын өндіру мақсатында мемлекеттік органдармен тексеру шаралары, сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүр­гізіліп, жұмыс бе­ру­шілер әкім­шілік жауапқа тар­тылды және оларға ұйғарымдар енгі­зіл­ді. Бұл ретте басты назар жұмыс істейтін кәсіп­орындарға аударылды, өйткені, адамдар жалақысыз жұмыс істеп жатқан осындай кәсіпорындарда әлеуметтік шиеленіс ошағының пайда болу ықтималдығы жоғары болып табылады. Бүгінгі күні берешегін өтеу мүм­кіндігі болған көптеген кәсіпорын­дардың қарызы өн­діріліп, қалғандары ерекше бақылауда ұсталуда. Мысалы, 2015 жылдың желтоқсан айында Шығыс Қазақстан облысында прокуратура органдары қабылдаған шаралардың нәтижесінде «Земстрой» ЖШС-нің 144 қызметкеріне 40 млн. теңге қарыз өндірілді. Тағы бір мысал, Қараған­ды обл­ысында прокуратураның ұйғары­мымен «TroyTech» ЖШС-нің 120 қызмет­керіне 4 жыл бойы тө­лен­бей келген 37,4 млн.теңге қарыз төлен­ді. Мұндай мысалдар көп. Жалпы, тек 2015 жылдың өзінде про­ку­рорлық қадағалау актілерінің арқа­сында 75 мыңнан астам қыз­мет­керге 6,6 млрд. теңгеден астам жала­қы қа­рызы өндірілді. Бұл өткен жыл­дар­дың қарыздары және жыл бойына пай­да болған ағымдағы қарыздар. Про­ку­рорлық қадағалау актісінің арқа­сында өз жалақысын алған әрбір қызметкердің артында оның отбасы тұрғанын атап өту қажет. Яғни, қабыл­данған шаралар қызметкерлердің кем дегенде тағы да 76 мың туыстары мен жақындарына әлеу­меттік тұрғыда көмектесті. Жалақы төлен­беген жағдайда қызметкер теріс пиғылды жұмыс беруші қарызды өздігінше төлейді деген көмескі үмітпен күтіп, шыдап отырмауы керектігіне назар аударғым келеді. Сондықтан еңбек инспекциясына, прокуратура мен сот органдарына жүгіну сияқты белсенді іс-әрекеттердің арқасында ғана еңбек ақысының уақытылы және толық төленуіне байланысты бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге болады. Бұл мәселе бойынша біз, сондай-ақ, «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлт­тық па­латасы мен бизнес-қауым­дас­тық­тың қолдауын күтеміз, өйт­кені, олар азаматтардың еңбек құқық­тары­ның бұзылуының алдын алу тақыры­бында жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыс­тарын үнемі жүргізе алады. Жалақы бойынша бере­шегі бола тұра, кәсіпкер ақшалай қара­жатты жеткізушілермен есеп айы­рысуға немесе басқа да өндірістік мақ­саттарға жұмсайтыны туралы да мысалдар бар. Қазіргі кезеңде биз­нес­тің қиыншылықты өткеріп жатқаны анық, алайда, кәсіпкер ертеңгі күні жала­қыны қайдан төлейтінін алдын ала білуі қажет. Жалақыны уақтылы төлеуге әсер етуі мүмкін өндірісті қолдау мен дамытуға қаржыны бағыттау ту­ралы шешімдер кәсіподақ ұйымдары мен ең­бек ұжымдарымен келісе отырып қабыл­дануы тиіс. Нәтижесінде әр­бір қыз­мет­керге ертеңгі күні ол өзінің жалақы­сын ала алатыны тү­сін­діріліп, кепіл­дік берілуі тиіс. Ішкі еңбек нарығын қор­ғауды қамта­масыз ету мәселелері проку­ратура органдарының назарынан тыс қалған емес. Өткен жылы «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламасының іске асырылуына, сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру заңдылығына тексе­рулер жүргізілді. Тексерулер маман­дарды дұрыс оқытпаудың 120-дан астам дерегін анықтады. Бұл олардың біліктілігінің төмен, еңбек нарығындағы бәсекеге қабі­летсіз болуына себепкер болады. Әлеу­меттік жұмыс орындарын құру мен жастардың тәжірибе өтуіне қатысты тексерулер жұмыс берушілердің өздерінің жұмыс істеп жүрген қызметкерлерін мем­лекеттен заңсыз субсидиялар ала оты­рып, әлеуметтік жұмыс орындарына ауыс­тырған деректерін анықтады. Бірқатар қомпанияларда шетел азаматтарын жалған құжаттармен жұмысқа тарту, Қазақстан азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, оларды қайта даярлау мен оқытуға байланысты жұмыс берушілерге рұқсат беру шарттарының орындалмау деректері анықталған. Шетелдік кәсіпорындар, сондай-ақ, шетел жұмыс күшін тартушы компания­лар қазақстандық қызметкерлердің құқықтарын бұзып қана қоймай, оларға тікелей кемсітушілік жасау деректеріне де жол беру жағдайлары орын алған. Мы-салы, прокурорлар теңдей атқарылған жұмыс үшін шетелдік қызметкердің жалақысы қазақстандық қызметкердің жалақысынан асып түсу деректерін анықтаған. Кейбір кезде біздің отандастарымыз шетелдік әріптестеріне қарағанда, қолайлылығы кемдеу жағдайларда жұмыс атқарған. Барлық анықталған бұзушылықтар бо­йынша кінәлі тұлғалар мен теріс пиғылды жұмыс берушілер заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылды. Жалпы, прокурорлар жүргізген тексерулер нәтижесінде әртүрлі мемлекеттік органдарға 171 прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді, 52 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген 2900-ден астам рұқсат кері қайтарылды. Бұдан басқа, Бас прокуратура анықталған құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Үкіметке ішкі еңбек нарығын қорғауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда кейбір тәсілдерді қайта қарау туралы ұсыныс енгізді. Андрей КРАВЧЕНКО, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары.