Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бірқалыпты. Түбекте негізінен мұнай мен газ өндіруге, мұнай сервисін жетілдіруге, сондай-ақ көлік пен логистиканы және құрылыс пен туризмді дамытуға басымдық беріліп отыр. Кеше бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімі Алик Айдарбаев айтты.
Қазіргі таңда мұнай-газ өндіруші және мұнайсервистік кәсіпорындар еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттыруға бағыт алған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 454 млрд. теңгені құрады. Кәсіпорындар штаттық тәртіпке сәйкес жұмыс істейді. Былтыр өндіріс үдерісі тұрақтылығын сақтау мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы жасалған 620 меморандумның нәтижесінде экономиканың әртүрлі секторындағы 105 мың қызметкердің мүддесі қорғалды. 2016 жылдың алғашқы айының өзінде өңірдегі ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорындармен үшжақты 16 меморандум жасалды. Осы игіліктер жалғасын таба беретінін жеткізген өңір басшысы, халықты жұмыспен қамту шарасында жақсы жетістіктерге қол жеткізгендерін алға тартты.
Аймақта экономиканың даму қарқынын сақтауға құны 159 млрд. теңгені құрайтын «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында іске асырылған 14 жоба ықпал етіпті. Осы бағдарлама аясында жаңадан 4 мың жұмыс орны ашылған. 2015 жылы индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы құны 50,5 млрд. теңгені құрайтын 11 индустриялық және инфрақұрылымдық жоба, оған қоса, «Азерсун» өндірістік-логистикалық орталығы, «Софи Медгрупп» көп салалы медициналық клиникасы және Ақтау теңіз солтүстік терминалы іске қосылыпты. Облыстағы жетістіктерді шегелеген облыс әкімі былтыр Маңғыстауда 18,5 млн. тонна мұнай мен газ өндірілгенін мәлімдеді. «Қабылданған шаралар сапалы экономикалық өсуді, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі жүзеге асыруды, халықтың тұрмысын және өмір сүру деңгейін жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталды. Мұны былтырғы жылдың макроэкономикалық көрсеткіштерінің оң динамикасы айғақтап отыр», деді ол.
Баға мен сұраныстың төмендеуі мұнай саласына әсер еткен. Мәселен, облыстағы мұнай компаниялары техникалық және сервистік қызметтер шығынын оңтайландыруға кіріскен. Сондай-ақ, баға мен конъюнктуралық қысымға байланысты кәсіпорындар инвестициялық бағдарламаларын кейінге қалдырып, өндіріс пен еңбек өнімділігін арттыруға күш салыпты. Оған қоса, кәсіпорындар штаттық режімде істеп жатыр. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 454 млрд. теңгені құраған. «Жалпы, Маңғыстауда былтыр мұнай мен газ өндірісінің жоспары орындалып, 18,5 млн. тонна өнім өндірілді. Ал «Шағырлы-Шөмішті» жаңа газ кен орнының ашылуы табиғи газ өндірісін 1 млрд. шаршы метрге ұлғайтты. Осылайша, өңірде газ өндірісінің жалпы көлемі 2,5 млрд. текше метрге жетіп отыр», деді әкім.
Облыс басшысы еңбек нарығындағы көрсеткіштердің жақсарғанын да айтты. «Тұтастай алғанда, жыл қорытындысы бойынша еңбек нарығындағы көрсеткіштер жақсарды. Мысалы, экономикалық белсенді халықтың саны 7 пайызға артып, 283,4 мың адамнан 302,4 мың адамға дейін өсті. Экономика саласында қызмет етушілер саны 286,9 мың адамды құрады. Облыстағы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 19,7 мыңнан 15,2 мың адамға дейін азайып, жалпы санындағы үлесі 5 пайызды ғана құрады. Бұл – еліміздің аймақтары арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Бұған қоса, ашық нарықтағы жұмыссыздық деңгейі 5,3-тен 5,1 пайызға төмендеді. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық 7,4-тен 4,7 пайызға дейін қысқарды», деді А.Айдарбаев.
Әкім келтірген деректерге қарағанда, былтыр 27 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 26,4 мың адамды құраған екен. Осы ретте индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру аясында жұмысқа орналасқандар саны 24 мың, ал ондағы тұрақты жұмыс орындары 20,1 мың, маусымдық жұмыс орындарына 3,2 мың адам тартылған. Ал әлеуметтік жұмыс орындарымен 1,5 мың, жастар практикасы аясында мыңнан астам адам еңбек етіпті. Осы мәселелерді тәптіштеген ол әлеуметтік саланың шығыстары жөнінде әңгімеледі. «Әлеуметтік саланың шығыстары бюджеттің 60 пайызын құрайды. Облыста өткен жылы білім саласына 46 млрд., ал білім беру нысандарын дамытуға 8 млрд. теңге жұмсалды. Сондай-ақ, былтыр барлығы 5257 орынды қамтитын 35 балабақша ашылып, балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту көрсеткіші 77,4 пайызға жетті. Оған қоса, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешілді. Енді үш ауысымды мектептерді жою мақсатында қалған бір мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары интернат мекемелеріндегі жетім балалардың да саны еселеп азайды. Бұл – қуантарлық жағдай. Қазір жетім балаларды үймен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін табуда. 2013-2015 жылдар аралығында 97 жетім балаға пәтер кілттерін табыстадық. Биыл да осы үрдіс жалғасын табады. 740 млн. теңгеге 70 балаға пәтер алып беру жоспарда бар. Қалған балаларға пәтер табыстау 2017-2018 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», деді әкім.
Аймақта соңғы 2 жылда жаңа жолдар салу мен жөндеуге 16,5 млрд. теңге бөлініпті. «2014 жылдан бері жолдарды жөндеуге және жергілікті маңызға ие жаңа жолдар салуға айтарлықтай назар аударылды. Мәселен, соңғы екі жыл ішінде жол жөндеу мен жаңа жолдар салуға бюджеттен 16,5 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде, жолдардың сапасы бойынша қанағаттанарлық деңгейге жеткені 24,5 пайызды құрады. Егер 2012 жылы автожолдардың 40 пайызы қанағаттанарлықсыз болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 16 пайызға дейін төмендеді», деген А.Айдарбаев жалпы өңірде 2013 жылы жолдардың 36 пайызы сапасыз болса, 2014 жылы бұл 33 пайызды құрағанын айтты.
Былтыр облыс халқы «Нұрлы Жол» бағдарламасының нақты шапағатын көріпті. Нақты айтар болсақ, бағдарлама аясында 867 отбасына арналған 5 тұрғын үй салыныпты. «Тұрғын үй құрылысы жылдан жылға өсуде. 2015 жылы 180 млрд. теңге көлемінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар 32 млрд. теңгені құрады. Мұнымен бірге, 645 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 867 отбасына арналған көлемі 100 мың шаршы метрге жуық 5 тұрғын үй салынды. Оған қоса, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының көрсеткіштері де жоғары деңгейде. Мәселен, бағдарлама шеңберінде Ақтау қаласындағы 120 жас отбасы жаңа пәтерге ие болды», деді өңір басшысы.
Баспасөз мәслихатының екінші бөлімінде облыс әкімі журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Әуелгі сауалға орай, Қашаған мұнайын Құрық айлағы арқылы тасымалдау мәселесі әлі шешіле қоймағанын айтты. «Бір кездері Қашаған мұнайы «Құрық» порты арқылы тасымалданатыны туралы мәселе көтерілгені рас. Алайда, қазіргі күні мұндай мәселе шешілген жоқ. Дегенмен, бұл мәселе Қашаған кен орнын дамытудың келесі кезеңдерінде қарастырылуы да мүмкін. Қашағанды игерудің бірінші кезеңінде барлық мұнай Қарабатан зауытына, одан әрі Каспий мұнай құбыры консорциумы жүйесі арқылы тасымалданатын болған», деді А.Айдарбаев. Сөйтіп, сөз арасында «Қашаған» кен орны Атырау облысына қарайтынын, ал Маңғыстау облысында негізінен теңіздегі операцияларды қолдауға бағытталған жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Қазіргі таңда Ақтау қаласында 150 орындық Ана мен баланы қорғау орталығы салынып жатыр екен. Жалпы, облыс халқының денсаулығына қатысты әкім келтірген мәліметтерге қарағанда, 2015 жылы денсаулық сақтау саласында 7 емдеу амбулаториясы мен 1 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, қолданысқа беріліпті. Оған қоса, бір ауысымда 40 адамды қабылдайтын бес амбулатория іске қосылған. «Облыстағы денсаулық сақтау саласының негізгі жетістіктері ана мен бала өлімін төмендету болып табылады. Статистикалық мәліметтер бойынша, өңірде медико-демографиялық көрсеткіштер мен халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері оң үдеріске ие. Ана мен бала өлімінің деңгейі де төмендеп отыр. Туберкулез ауруы да азайды. Қазіргі таңда Ақтау қаласында 150 орындық Ана мен баланы қорғау орталығының құрылысы жүргізілуде», деді облыс басшысы.
Негізінен мұнай мен газ өндірілетін өңірде неге газ бағасының қымбат болып тұрғаны да журналистердің назарынан тыс қалмады. Бұл сұраққа облыс әкімі өзі де таң қала отырып жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, отандық сала компанияларының арасында үйлесімділік жоқ. Мәселен, «Теңізшевройл» мен «ҚазТрансГаз Аймақ» арасындағы келісім АҚШ долларымен жүргізіледі екен. Бұл мәселеге орай А.Айдарбаев Қазақстанда өндірілген газ бағасы теңгемен белгіленуі керек екенін айтты. «Қазақстандық «Теңізшевройл» мен «ҚазТрансГаз Аймақ» секілді екі компанияның арасындағы газ жеткізу туралы келісім неге доллармен жасалған? Мен осы мәселені бірнеше дүркін көтердім. Доллар бағамы өзгерсе болды, газдың құны да көтеріледі, сосын біртіндеп электр энергиясының, су мен жылудың тарифі де өзгереді. Бұлай болмауы керек. Мен Қазақстанда «Теңізшевройл» компаниясы өндірген газдың бағасы теңгемен белгіленуі керек деп санаймын», деді ол.
Осыған орай әкім облыста жыл сайын газ өндіру көлемі артып отырғанына қарамастан, көгілдір отынмен қамтылуы жеткілікті емес екеніне назар аудартып, бұл мәселемен тыңғылықты шұғылданып жатқандарын айтты. «Мен күні кеше ғана Үкіметте осы мәселені көтердім. Бізге газдың бір бөлігі Теңіз кен орнына келеді. Сосын газдың негізгі үлесі «МАЭК-Қазатомөнеркәсіпке» беріледі. Бұл кәсіпорынды Маңғыстаудың жүрегі десе де болады, онда электр энергиясы да, су да, жылу да өндіріледі. Былтырғы жылы біз газ өндірісін арттырғанымызбен, өзімізді әлі күнге толық қамти алмай отырмыз», деген әкім, өткен жылы Маңғыстау облысында мұнай мен газ өндіру көлемі 18,5 млн.тоннаны құрағанын тағы бір рет еске салды. Мұнымен бірге, «Шағырлы-Шөмішті» жаңа газ кен орнының іске қосылуы арқасында табиғи газ өндіру 1 млрд. текше метрге артып, жалпы өндіру көлемі 2,5 млрд. текше метрге жеткенін айтып қалды. Осыған қарағанда, газ мәселесі таяу күндері өз шешімін табуы әбден ықтимал сияқты.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».