• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2016

Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ: «Ақылымның асқанынан емес, көргенімнің көптігінен айтамын...»

541 рет
көрсетілді

Жаңа жылжазбамыз басталар межелі мезетте Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен сұхбат құруымыздың сәті түсті. Көкейде тұнған сан түрлі сауалға жауап алдық. Шаруашылық жайымен ғана шектелмей, шығармашылық, адами-ғұмырлық ұғымдарға қатысты әңгіме өрбітуге тырыстық. Сонымен...

Азық-түлікпен  өзін-өзі қамтиды, артығын сатады

– Бақтықожа Салахатдинұлы, «Атырау облысы бойынша 2015 жылғы басты жетістік не?» деп сұрағанда, қалай жауап берер едіңіз? – Облыс жетістігі ел жетіс­тігі­мен етене. Еліміздің ең үлкен жетістігі, бақ-берекеміздің бастауы – еліміздегі тыныштық пен тұрақ­тылық. Әлемді тұрлаусыздық жайлағанда, Елбасымыз Қазақ­стан­ды қанаттыға қақтырмай, мақ­сатты жолдан мүдірмей алып келе жатыр. Ширек ғасырда жинаған сыртқы беделіміз бен ішкі айбарымыз мүдделі міндеттерді жүзеге асыруға зор мүмкіндік беріп отыр. Қазақстан халқы Ассам­блея­­сының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығы мен Ата Заңымыздың 20 жыл­дығы ерекше аталып өтті. Елба­сы­ның 5 институттық реформасы – «100 нақты қадам» Ұлт Жос­пары тарихи теңдессіз бастама болды. 2012 жылы Атырау облысының әкімі болып тағайындалғанымда өңір экономикасын саралап, өнер­кәсіптің бес бағытына басымдық бер­дік: құрылыс индустриясы, мұ­най-химиясының жаңа бағыттары, машина жасау, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру-өңдеу. Тұрғын үй құрылысына қа­тыс­ты екі бірдей комбинатты іске қостық. Қазір бұл комбинаттар об­лысты түрлі темір-бетон бұйым­дарымен қамтып отыр. Биыл іске қосылатын фармацевтика ке­шенінің жалпы ауданы – 42 мың шаршы метр. ТМД-дағы ең үлкен жоба. G.M.P. стандартымен алғаш­қыда 50 түрлі дәрі-дәрмек шығарады. Былтыр жүзеге асқан айтулы жоба – тоқыма фабрикасы. Бізде сұраныс болмаған соң, түйелер жүнделмейді. Азып-тозып жалбырап, желмен ұшқан жүн даланы бүлдіреді. Түйені жүндеген, қойды қырыққан күннің өзінде жиналған жүнді не өртеп жібереді, не жерге көміп тастайды. Осы жағдай ескеріліп, мал жүнін өңдейтін шаруашылықты дөңгелету жайын қарастырдық. Жүнді жуады, түтеді, жіп жасайды, одан бастапқыда жабын мен жамылғы шығарамыз. Қондырғыларды құрып, жергілікті мамандарды тоқыма ісіне үйреткен италиялықтар алғашқы өнімімізді өздері сатып алуға ниет білдірді. Агроөнеркәсіп саласында соңғы 3 жылда 16 кәсіпорын ашылды. Алғашқыларының бірі – сиыр сүті фермасы, 1179 асыл тұқымды сиыр сауылып отыр. Қазір күніне 7 мың литр сүт өнімдерін шығарады. Жоспар – 12 мың литрге жету. Салынған қоралар, қоймалар мен өңдеу цехы Еуропадағыдан еш кем емес. Кезінде Италияға барғанымда ешкі фермасын көріп, осындай шаруашылық бізде де ұйымдастырылса деген ойда келіп едім. Жергілікті кәсіпкерлерге ешкі фермасын ашқыздым. Республикадағы тұңғыш ашылған ешкі фермасы жұмыс істейді. – Облыста ауыл шаруашылығының еліміз бойынша тағы бір баламасыз жобасы қолға алынғанынан құлағдармыз... Толықтыра айта кетсеңіз. – Бұл шаруаның да қиыншылығы жоқ емес. Мәселен, сүтінің өзіндік жағымсыз иісін азайту үшін, сауын ешкіге күніне бір алма немесе сәбізден беріп отыру керек екен. Жаңа кәсіпорында ешкі сүтінен еуропалық стандартта бірнеше түрлі ірімшік, брынза, иогурт, қаймақ, сүзбе секілді жиырмаға жуық өнім шығарып отырмыз. Болашақта асыл тұқымды ешкілерді де сатамыз деген жоспардамыз. Одан бөлек, тағы бір ерекше жобалар – екі бекіре зауыты іске қосылды. Балықты да аулап емес, бағып өнім алуға болады. Белгілі бір уақыттан кейін кемінде 160 тонна қызыл балық, 2 тонна уылдырық шығаратын болады. – Ауыл шаруашылығы туралы сөз болғанда, егін салу, одан әрі азық-түлік қауіпсіздігі жайын айналып өту мүмкін емес қой... – Біз алдыңғы жылы жаз мезгілінде облысымызды өз көкөнісімізбен толық қамтамасыз еттік. Артылған өнімді 2014 жылы көрші Ресей аймақтарына сата бастағанбыз. Өткен жылы көкөніс консервілейтін өндіріс орнын іске қостық. Онда жылына 370 тонна салат түрлерін және 75 мың құты көкөніс консервілейтін өндірісті іске қостық. Жылына 12 миллион дана ет консервісін шығаратын өндіріс іске қосылды. Қазір Астана дүкендеріне дейін сатылуда. Екі құс фермасы ашылды. Облысымызды жұмыртқамен артығымен қамтитын қуаты бар. 4,5 мың тоннаға жететін тұрақтандыру қорын жинап қойдық. Онда тамақтың 14 түрі бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мен бағаны тұрақтандыру мақ­сатында осы жұмыстың жалғасы – Атырау қаласында таяуда ғана коммуналдық базар ашылды. Картоп егілетін алқап едәуір ұлғай­тылды. Облыста небәрі 57 гектарға картоп егілсе, қазір 1,5 мың гектарға жетті. 2014 жылы 16 мың тонна, 2015 жылы 20 мың тонна картоп жинадық. Алма мен жүзім өсі­ру өрісін кеңейттік. Бал шығаруды бас­тадық. Тауық етін өндіретін бройлер құсы фабрикасы биыл жұмыс істей бас­тайды. – Ауыл тіршілігін жандандыра түсу жайы инфрақұрылымсыз, әлеуметтік нысандарды жетілдірусіз жүзеге асуы екіталай екені түсінікті. – Облыста әлеуметтік инфрақұрылым едәуір жақсарды. Облыс елді мекендерінің 75 пайызы табиғи газбен қамтылды. Халық санына шақсақ, облыс халқының 97 пайызы өркениеттің қызығын көріп отыр. Атыраумен Махамбет және Индер аудандарының Бұхар жағын қосатын 170 шақырым жолды жаңғырту аяқталды. Бұл 19,2 миллиард теңге бюджет және басқа да демеушілік қаражатқа салынды. Жол бойындағы ондаған ауылдың кіреберіс жолдары мен негізгі көшелері жөнделді. Жалпы, соңғы үш жылда облыста 600-ден астам шақырым жол жөнделіп, тәуір жол 30 пайыздан 47 пайызға көтерілді. Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасына Атыраудан Ақтөбе және Астрахань бағытындағы рес­пуб­ликалық маңызды жолдар енді, құры­лыс биыл басталады. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 86 елді мекен ауыз сумен қамтылды. 2013 жылдан бері жүзден астам білім нысаны жөнделді. Соңғы үш жылда денсаулық сақ­тау саласына 9 млрд. теңге бөлінді, 23 ден­саулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Халық өнер тамашалап, бас қосып, түрлі жиындарға қатысып, келер күннің жайын ойласар бірден-бір ортақ орны – мәдениет үйлеріне келсек, соңғы үш жылда 28 мәдениет үйі жөнделіп, жаңадан 2 мәдениет үйін салдық. Биыл екеуін пайдалануға береміз. Тағы 10 мәдениет үйін жоспарлап отырмыз. – Шекараның шетінде, желдің өтінде жатқан бұрынғы полигон – Азғыр өңірі өркениеттен кенже қалып жатқан жоқ па? – Бұл өңірге ауыз су апаратын Қоянды жобасы ертеректе басталып, аяқталмай қалған екен. Бұл жоба шешімін тапты. Аз­ғырға 367 шақырымдық газ құбыры құ­рылысының жобасын жасап қойдық. Демеушілік қаражатпен биыл басталады. Себебі, бұл жаққа көмір тасудың жө­ні жоқ. Қымбатқа шығады. Көмірді жет­кіздік дегеннің өзінде, оны тұтататын еш­бір тамызық таппайсың. Шағырмен, шөп­пен отын тұтату қиын. Онда тіпті қамыс та өспейді. Газ жеткізу – халыққа жы­лу беруге ғана емес, болашақта шағын және орта кәсіпті дамытуға да жол ашады. Шека­ралық аймақтардағы елді мекендерді сақтап қалуымыз керек. – Қазіргі таңда елді мұнайдың бағасы да алаңдатып отыр. Теңге мен доллардың арақатынасы бар. Кәсіби мұнайшы-маман ретінде болжам жасасаңыз. – Біріншіден, теңгенің құны, жасыратыны жоқ, көп жағдайда мұнайдың бағасына тәуелді. Бізде де, Ресейде де солай. Екіншіден, мұнай бағасының бұлайша кенеттен құлдырап кетуі, көбіне, геосаяси себептерден туындап отырғаны жасырын емес. Менің жеке ойым бойынша, мұнайдың баррелі 30 доллардан көп төмен түспеуі керек. Мұнайдың әр баррелі 30 доллардан төмендеп кетсе, барлық қатысушыларға соққы болып тиюі мүмкін... Пейілдің кеңдігі пендешіліктен аулақ қылады – Сізді әкімдік қызметіңізде ғана емес, азамат ретінде алаңдататын жайттар туралы айта аласыз ба? – Адамдар ең үлкен байлығымыз –тыныштығымызды терең ұғынып, бағалап, өзара қамқор болса, ортақ іске ой қосып жүрсе екен дейсің. Орынсыз сынға жиі жүгініп, «Өзің білме, білгеннің тілін алма» қағидасының аясында қалатын болсақ елдің елдігіне сын, зор нұқсан. Демократия мен демогогияның ара-жігін ажыратпай, аузымызға келгенді айта берер болсақ, алған бағыттан адасуымыз қиын емес. Абайды сабап, Сәкеннің әдемі жүзін қанға бояп, көзін ағызған кімдер? Өзіміздің туыстар! Кекшілдік, көреалмаушылық, алауыздық – біздің қайғылы сорымыз. Хан да, қара да ақылымен, шешендігімен, кө­сем­дігімен көзге түседі. Өседі. Қандай әдемі гүл де құнарлы ортада өспесе, ерте солады. Жақсы, ерекше қасиеттерімен дараланған азаматтарымызды ерте жоғалтып, жалтақ­тап, жалбақтап өскенімізді түсінеміз бе екен? Әй, қайдам! Әлі де шаруамызды күйттеп, ағайын­дарымыздың айналасынан аса алмай, асқандарды көре алмай, сүрінгенін күтіп, біреу күйе жаға бастаса, қуана қоштап, жоғарыда айтқан үш қайғылы сордың шырмауында жүрміз. Халқымыздың қаймағын сол сұрқия қасиеттердің кесірінен ерте, жазықсыз жо­ғалтқанымызды, «өрмелеп шығып күн болам» деген азаматтарсыз түнерген түн­дей жылдарға қалай кіріп кеткенімізді бай­қамаппыз-ау деп ойлаймын. Мұның бәрін ақылымның асқанынан емес, біраз жасқа келіп, тарихты парақтап, көңілге тоқығаннан айтып отырмын. Айналамызға сын көзбен қарамауымыз керек деуден аулақпын. Адам сынды әуелі өзінен бастаған дұрыс шығар. Әр азамат «Осы ел, Елбасы, Үкімет, басшылар маған не берді?» деп емес, мен отбасыма, ортама, еліме, халқыма не бердім деп ойлап жүрсе көптеген арзан, берекесіз сөздер азаяр еді. Осындайда америкалық психолог Брайан Трейсидің сөзінің орыс тіліндегі аудармасы есіме түсе береді: «Вы там, где вы есть, и тот, кто вы есть, из-за того, как вы себя воспринимаете. Измените мнение о себе, и вы измените вашу жизнь... Никто не заставляет Вас сердиться, это – ваша реакция... Незнание того, что от тебя требуется, – демотиватор номер один в мире...». Қандай сөздер! Әр адам өз орнын біліп, өз мүмкіндігін барынша пайдаланса, көптеген келеңсіздіктер болмас та еді. – Адам бойындағы қандай қасиеттерді жек көресіз? – Көреалмаушылық пен сараңдық! Көреалмаушылық қасиет талайдың түбіне жеткен. Сараңдық ауру секілді. Кей адам өзінің осы қасиетімен бақытсыз екенін бай­қамайды. Барлық халықта «Құдай бергенге береді» деген сөз бар. Пейілдің кеңдігіне не жетсін! Тарихтан тағылым алып, айналамызға ұялмай қарауға тиіспіз ғой. – Еңбек өтіліңіздің басым бөлігін бас­шылық қызметтерде өткізгенсіз. Тұтас дәуір дерлік осынау кезеңдегі тәжі­рибеңізді бірер ауыз сөзге сыйғызу керек болса... – Ғұмыр бойы жиған жеке тәжірибемнен түйгенім – біріншіден, басшылық лауа­зым­дағы адам нәтижелі жұмыс жасауы үшін, ең алдымен, өзіне дұрыс мақсат қоя білу керек. Екіншіден, сол мақсатына қандай жолмен тезірек әрі тиімдірек жетуге болатынын дер кезінде ұғына білген жөн. Ал айналасындағы адамдарды нақтыланған мақсатқа ұйымдастыра, жұмылдыра білу – кезекті шарт. Өз басым жанымдағы азаматтарға әзіл-шыны аралас үнемі «Жігіттер, менде ой мен идея жетеді. Тек соны жүзеге асыруға уақыт пен қаражат жетсе екен», деп айтып жүрем. Еліміздің барлық облысында, соның ішінде, біздің Атырауда да, жағымды өзгерістер жеткілікті. Соның барлығы тек қана Елбасымыздың әу бастан сарабдал саясат, көреген мақсат қоя білгеніне байланысты. Өткен ғасырдың 90-жылдарымен салыстырып қараңыздаршы. Ел – сол ел. Халық – сол халық. Жер астын­дағы байлық та өзгеріп кеткен ештеңесі жоқ. Бәрі сол қалпында. Бірақ ол кез бен бұл кездің жағдайындағы айыр­машылық жер мен көктей. Оның сыры неде? Оның сыры – Мемлекет басшы­сының дұрыс мақсат қоя білгенінде. Қыс­қа уақыт ішінде елімізге шетелден қанша­ма миллиардтаған инвестиция келді. Қан­шама жастарымыз шетелде білім алды. Азаматтардың жұмысқа деген, бола­шаққа деген ұмтылысы түбегейлі өзгерді. Соның арқасында біз бүгін қазіргі же­тіс­тіктерімізге жетіп отырмыз. Елбасының нақтылап берген міндеттерін ойдағыдай орындар болсақ, біз әлі де талай межені бағындыратын боламыз. – Сұхбатымыздың соңғы сауалы шаруашылық жағынан емес, шы­ғармашылық жайынан болса деп ойлаймын. Қырық жылдан астам басшылық қызметтер атқарғаныңызды айтып қалдыңыз. Оның үстіне шығармашыл адамсыз, өлең жазатыныңызды білеміз. Ғұмыр жолыңыздан келер ұрпаққа олжа, тағылым болып қаларлықтай ме­муар, не ғылыми-тұжырымдық кітап жазып жүрмісіз немесе жазу жоспар­ыңызда бар ма? – Жазған да жоқпын, жазып жүрген де жоқпын. Өзімнің ешқашан ақын бол­майтынымды да білемін. Ал ақын болу­ға ұмтылу, еліктеу, ақынжандылық деген болады. Өмір жолымда, жалпы, елік­теу­дің үлгілері аз болған жоқ. Бір кездері математик те болғым келді, журналист те болғым келді. Музыкадан да жақсы хабарым бар. Айналып келгенде, мұнайшы болдым... Өмірімде адам таңғаларлық оқиғалар аз болмаған шығар. Мысалы, Уфаға институтқа түскен бойда 1966 жылы Қазақстан Жазушылар одағынан көп жазушы келді. Оларды башқұрттың Жазушылар одағының төрағасы Мұстай Кәрім күтіп алды. Айтулы мәдениет сарайының ішінде әсерлі кездесу өтті. Сонда мен сұранып, сахнадан жазушылар алдында өлең оқыдым. Түсіп келе жатқанымда ақ көйлек, қара костюм киген, шашы бұйра, шалбары тар әрі қысқалау (дәл қазіргідей есімде), бойшаң бір жігіт «Бері кел» деп шақырып алды. Мән-жайымды сұрады. Содан кейін айтқаны: «Мұнай институтында оқысаң, сенен ақын шықпас. Бірақ ақынжанды адамдардың жаны нәзік болады, осыны тас­тама», деді. Ол Төлеген Айбергенов екен. 1967 жылы, арада бір жыл өткенде қайтыс болып кетті. Мұндай сәттердің өмірімізде талайы өтті. Жазған-сызғандарымды өз алдына жеке кітап етіп шығарғаннан гөрі осындай сұрақтарға естелік айтқанды жөн санаймын. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескендер Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан», Ерболат ҚАМЕНОВ, журналист. АТЫРАУ.