Талай аласапыран заманды бастарынан өткізген қазақ халқының Тәуелсіздік алғанына 25 жылға аяқ басты. Осы дүбірлі мерейтойымызға орай «25 қайырымды іс акциясы» жобасын іске асыру аясында Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақпараттық библиографиялық бөлімі және мерзімді басылымдар залы мен негізгі қорды сақтау бөлімдері қаланың №21 орта мектебіне барып, тұрмысы төмен отбасының балаларына арнап шағын сыйлықтар ұсынды.
Мақсаты, қоғамдағы көмекке мұқтаж жандарға қолұшын беру және оқушыларды мейірімділікке, ізгілікке шақыру.
Іс-шара барысында оқушыларға тәуелсіздік туралы мағлұмат беріліп, оқушылардың пікірлерін тыңдап, сұрақтар ұйымдастырылды. Балаларға арналған әртүрлі танымдық журналдардан көрме қойылды. Оқушылар мен мұғалімдер жақсы әсер алып, кітапхана қызметкерлеріне өз алғыстарын білдірді.
Алдағы уақытта бұл акция Көкшетау қаласындағы әртүрлі мекемелерде өз жалғасын табатын болады. Қазіргі кезде мұндай қайырымдылық акциясының көбейгені жаныңды жұбатады, жүрегіңді қуантады. Сара Алпысқызы айтпақшы, «Адам баласы өзінің жан дүниесін қайырымдылық пен қайғыны түсіне білу қасиеттерімен нығайтып, шынайы өмір сүре білу керек». Аялы алақанымызды, қолұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялату өмірге деген көзқарасымызды өзгертетіні сөзсіз.
Әлкен ҚАНАТҚЫЗЫ,
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап
ғылыми кітапханасының библиографы.