Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІІ съезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру Атбасар ауданында белсенді сипат алуда. Жуырда осы игі істің бір мысалының куәсі болдық. Облысқа танымал кәсіпкер, «Құрмет» орденінің иегері Уәлихан Әріпов Покровка ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке жаңа «жедел жәрдем» автокөлігін сыйға тартты.
Ауыл тұрғындары «жедел жәрдем» көлігінің жоқтығынан көптеген қиындықтар көріп келгенін білеміз. Ауыр сырқаттарды аудан орталығындағы ауруханаға жеткізу машақатынан құтылғанына тұрғындар дән риза. Сондай-ақ, фельдшерлік пункттің отын-суы, жөндеу жұмыстары да кәсіпкердің көмегімен атқарылатынын, ауыл мектебіндегі оқушылардың ыстық тамағы ұйымдастырылғанын айта кеткіміз келеді.
Ауыл қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Сергей Кулагин қазір «Покровка» ЖШС директоры қызметіндегі Уәлихан Сәпиұлының бастамасы өзге кәсіпкерлерді де қозғалысқа салатынына сенім білдірді және жомарт азаматқа алғыс айтты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы.