Облыс әкімдігінде Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын өз деңгейінде өткізуге арналған семинар-кеңес өтті. Онда сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың және үкіметтік емес ұйымдар мен сайлау барысын байқаушылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимыл тиімділігін арттырудың түрлері мен әдістері ортаға салынды.
Оңтүстік Қазақстан облысында 3 миллионға жуық халық тұрады. Соның 1 млн. 317 мың 225-і дауыс береді. Былтырғымен салыстырғанда сайлаушылардың саны 100 мың адамға артқаны облыстық сайлау комиссиясының жұмысын біршама күрделендіретіні анық. Бұл жолы 1047 сайлау учаскесі жұмыс жасайды.
– Сайлауды заң аясында, жоғары деңгейде ұйымдастыру үшiн алдымен сайлау комиссияларының мүшелері заңды жан-жақты бiлуi тиiс. Бүгiнгi жиынның мақсаты да осы – 20 наурызға белгiленген сайлауға байланысты заңнамаларды түсiндiру. Бұл саяси науқан – халықтың өз қалаулысын заңдық тұрғыдан бекiтетiн үдеріс. Сол себептi, халық үшiн, мемлекет үшiн өте маңызды саяси шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру бiзге сын. Оңтүстiк Қазақстан облысы сайлаушылардың көптiгiмен ерекшеленедi. Халық санының өсуiне байланысты қосымша 46 сайлау учаскесi ашылып отыр. Қазiр барлық дауыс беретiн учаскелерде жарақтандыру жұмыстары жүргiзiлуде, – дедi облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлiбек Өмірәлиев.
Семинарда облыстық сайлау комиссиясының мүшелерi сайлау науқанын заңдық, қаржылық, материалдық-техникалық ұйымдастыру мен ақпараттық қамтамасыз етуге қатысты заңнамалық құжаттарды түсiндiрдi.
Бұған қосымша айтарымыз, сайлау Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтетіндіктен, көптеген азамат тұрғылықты жерлерінде емес, басқа елді мекендерде болуы ықтимал, іссапармен жүретіндер де бар. Семинар-кеңесте осы жағы да пысықталды. Сайлау кезінде облыс аумағында 9 мыңға жуық комиссия мүшесі жұмыс жасайды. Сонымен қатар, сақтық мәселесі де күшейтілетін болады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.