ШЫМКЕНТ. 4 ақпан. Шымкентте жұмыссыздардың мәселесі шешіліп жатыр. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахимов «Миланж» фабрикасы маңын тұраққа айналдырған жұмыссыздарға жаңа алаң ашып бермек. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жұмыссыздар тұрағы әр қалаларда бар. Ауызы ауырлаулар бұл жерді «Құлбазар» деп атайтын. Қала әкімі шаһардың көркін қашырып, әр өткен машинаның соңынан жүгірген жұмыссыздарды тіркеуге алып, проблемаларын шешуге талпынып жатыр.
Ғабидулла Әбдірахимовтың ұйытқы болуымен жұмыспен қамту орталығында арнайы операциялық зал ашылып, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің алтын көпіріне айналып келеді. Бұл алаң интернет жүйесіне қосылған. Жұмыс беруші бос орындарды тұрақты, уақытша, сағаттық кестеге жіктеп, орталықтандырылған базаға ендіреді. Әрі қарай еңбек биржасының шаруасы.
Қазір екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар әсіресе, адам ресурсына бай Оңтүстікте көп. Олардың қатарын ауылдан қалаға жыл сайын көптеп келіп жатқан жастар толтырып жатыр.
Қала әкімінің жаңа бастамасы жемісін берсе, еліміздің қалаларындағы көшедегі жұмыссыздық мәселесін шешуге сеп болар еді.
Бақтияр Тайжан.
Дерек: egemen.kz
Сурет: kzotyrar.kz