ҚОСТАНАЙ. 4 ақпан. Қостанайда жергілікті полиция қызметкерлері машина ұрлаған 15 жасар жасөспірімді ұстады. Бұл туралы alau.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарады.
Ұры жалғыз емес, қасында өзінен үлкен жігіттер болған. Қостанай-Әулиекөл-Сұрған бағытында ВАЗ — 2104 машинасының шамын жағып ызғып бара жатқан оларды жол патрулі қызметінің экипажы байқап қалған.
Жергілікті полицияның аға инспекторы Юрий Панасенко: «Полиция қызметкерлері оларға тоқта деген бұйрық берсе де, олар тыңдамайды, жүргізуші жасырынғысы келеді. Машинаны ұстауға тағы да қосымша авто-патруль шақырып, оларды екі жағынан қысып, тоқтауға мәжбүрледік. Көліктің ішінен 15 жасар жасөспірім, 18 жастағы екі жігіт болды. Олар машинаны Майкөл селосындағы бір гаражды бұзып, алып шыққанын мойындады», – деді.
Ал көлігін гаражға қойған қожайын машинасының ұрланғанынан да хабарсыз болып шықты. Полиция қызметкерлері ұрылардың машинаны Ақмола облысына апарып, қосалқы бөлшектер ретінде сату жоспары болған деген күдік айтады.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек: alau.kz.
Сурет: medialipetsk.ru.