ҚОСТАНАЙ. 4 ақпан. Қостанайдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Иволга-Холдинг» серіктестігін банкрот деп тану жөніндегі сот ісі басталды. Сот жабық есік жағдайында өтуде. Бұл туралы облыстық сот баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Сотқа арызды «Иволга-Холдинг» өздеріне 80 миллион доллар қарызданған «Еуразия даму банкі» акционерлік қоғамы түсірген. Соттың бірінші отырысында «Иволга-Холдингтің» берешегі бар «Қазақстан Халық банкі», «Сбербанк», «Қарасу Нан» кәсіпорны қатысты. Оның сыртында Женева, француз, қырғыз банктері де бар.
«Иволга-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгерлері сот отырысының жабық есік жағдайында өтетінін хабарлады. Қырғыз банкінің өкілі соттың ашық-жабық өтуінен жауапкердің жұрт алдындағы қарыз көлемі өзгермейтінін, қарызды алып, осы күнге дейін жайбарақат жүрген шаруашылық құрылымының ісін қоғам да білуі керектігін айтты. Алайда, судья Гүлмира Рахымбаева жауапкердің өтінішін қанағаттандырды. Баспасөз өкілдері тек сот шешімін жариялағанда ғана келетінін ескертті.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.