• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2016

Орта білімді – оң жолға

827 рет
көрсетілді

Қазақстан 2015 жылы бәсекеге қабілетті елдердің ішінде 42-орынды иеленіп, өз рейтингін 2006 жылмен салыстырғанда 14 сатыға жақсартқаны барлығымыз үшін қуанышты хабар болды. Қазақстан 2050 жылға дейін әлемнің 30 бәсекеге қабілетті елдері қатарына енуі тиіс болса, онда білім беру сапасы да сол қатардан табылуы керек. Бәсекеге қабілетті­лік­ті анық­­­­­тайтын факторлар ішін­де: «Денсаулық және бастауыш білім» және «Жоғары білім және кәсіптік даярлық» бар. Осының алғашқысының көрсеткіші 2006 жылмен салыстырғанда 7 сатыға, ал екіншісінің көрсеткіші 9 сатыға төмендеп, еліміз 93-ші және 60-шы орындарды иеленген. Білім сапасы қай елдің болмасын келе­шегі, оның өркендеп-өсуі, мемлекеттік қауіп­сіздігінің түп қазығы екені баршаға мәлім. Осы істі тиянақты атқару үшін дамыған елдер оқушылардың біліктілігі мен бағаларының Ха­лық­аралық PISA, TIMSS және басқа да зерттеулеріне қатысып, өзіндегі жағдайға салыстырмалы түрде баға беріп отырады. Біздің еліміз 2007 жылы алғаш рет TIMSS-қа тек 4-сынып оқушыларымен қатысып, математика бойынша 5-орын, жаратылыстану бойынша 11-орын ал­ғанда қатты қуандық. 2011 жылы осы зерттеуге 4-ші және 8-сынып оқушылары қатысты. Оның қорытындысы шыққанда бар қуанышымыз су сепкендей басылды. 4-сыныпта оқып жүр­генде жоғары көрсеткіш көрсеткен балалар 8-сыныпқа бар­ғанда 17-ші және 20-орындарды иеленіп, бұрынғы деңгейді 12 және 9 сатыға төмендетті. Ал 4-сынып оқушылары 27-ші және 32-орындарды иеленіп, 4 жылда сәйкесінше 22 және 21 сатыға төмендеп қалды. PISA зерттеуіне біздің ел 2009 жылы және 2015 жылы қатысты. Осы жылдары 15 жастағы оқушылар оқырман сауаттылығынан 65 елдің ішінде сәйкесінше 59-шы және 63-орындарды, ма­те­матикалық сауаттылықтан – 53-ші және 49-орындарды, жа­ра­тылыстану-ғылыми сауат­тылықтан – 58-ші және 52-орындарды қанағат тұтты. Бұл нәтиже­лер ЭЫДҰ елдері бойынша орташа нәтижеден төмен болды. Білім сапасының ішкі көр­сеткіші – ҰБТ нәтижелеріне де көңіл толмайды. Оны жақсарту үшін 2012 жылдан бастап мектеп бітірген түлектердің 25-30%-ы ҰБТ тапсыруға жіберілмейтіні туралы БАҚ-та ашық жазылды. Бұған түлектердің шектік деңгейден өте алмағандарын қоссақ, онда білім сапасының төмен екенін байқаймыз. Неге? * * * Біз білім сапасына қатыс­ты зерттеулер жүргіздік. Ал­дымен PISA, TIMSS, PIRLS зерттеулеріне барып, олар­дың соңғы 10-12 жыл­ғы қоры­тын­дыларын зерделеп, оқушылары тұрақты түрде жоғары нәти­желер көрсететін елдер­дегі, та­быстылық пен тиімділік себеп­терін анықтап, басқа елдер ғалымдарының зерттеулерін талдадық. McKinsey&Company компаниясының ғалымдары М.Барбер, М.Мушед, Ч.Чийоке: «Мектепте оқытудың тұрақты жоғары сапасына қалай жетуге болады?» және «Мектепте білім берудің ең үздік жүйелері қалай жетіле түсуде?» деген сұрақтарға жауап беру үшін 45 ел­дің білім беру жүйесін бүге-шігесіне дейін зерттеп, құнды қорытындылар жасаған екен. Біз осы еңбектерді де пайдаландық. Елімізде егемендік алғаннан бер­гі уақытта атқарылған істер де зер­деленді. Білім беру жүйесін құрушылар: білім стандарттары мен оқу бағ­дарламалары; оқу әдебиеті; педагог кадрлардың кәсіби бі­ліктілігі; білім мониторингі; рухани-адамгершілік және пат­риоттық тәрбие беру; ғылыми-зерттеу жұ­мыстары; басқару жүйе­сі; материалдық-техникалық база. Демек, 12 жылдық мектепке өткенде, әр сыныпта жүйелі түрде барлық құраушылардың сапасын көтермейінше, білім сапасы көтерілмейді. 12 жылдық білім беруге өту үшін 1-сыныптың білім сапасын арттыруды қамтамасыз ететін барлық құраушылардың сапасын көтеру жұмыстары жүйелі орындалуы керек. Келесі оқу жылында 2-сынып, одан кейінгі оқу жылында келесі сынып бойынша нәтижелі жұмыс жасалғанда ғана білімде сапа болады. Біз осы құраушылар негізінде еліміздегі қазіргі кездегі нақты жағдайды саралай отырып, оған баға бердік және озық Отандық, шетелдік тәжірибелер негізінде осы әрбір құраушының сапасын көтеру үшін не істеу керек екенін анықтай келе, қай жылы қандай жұмыстарды кімдердің қалай атқаруы, онда қандай нәтиже­ге қол жеткізуі керектігін және жал­­пы күтілетін нәтижелерді анықтадық. Білім стандарттары мен оқу бағдар­ламалары сапасын көтеру (Сст). Қазір мектепте білім, білік, дағды парадигмасы негізінде дәріс беріледі. Ал білім сапасын көтеру үшін 12 жылдық мектепке өткенде нәтижеге бағдарланған, бала біліктілігін қалыптастыратын парадигма негізінде дәріс беруді іске асыру керек. Оның түпкі мақсаты – әр баланың алған білімін өмірдегі жағдаяттармен байланыстырып қабылдауына қол жеткізу. Мұндай білім мазмұны орта білім саласы үздік дамыған Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Финляндия сияқты елдерде ұзақ жылдардан бері қолданылып келеді. 12 жылдық мектептің жетіл­дірілген Бастауыш білім стандарты мен оқу бағдарламаларын мұқият қарап шықтық. Стандарт біршама дұрыс, ал оқытылатын пәндердің оқу бағдарламалары әлі де болса жетілдіруді қажет етеді. Мысалы, 3-4 сы­ныптарда оқытылатын Ақ­параттық-коммуникациялық технология­лар пәнінің оқу жоспарында «Қарапайым графикалық мо­дельдерді құру және редакция­лау», «Нысандарға анимация қолдану», «Кестелік модельдерді құру», «Желіде орналасқан ақ­параттың барлығы нақты жә­не пайдалы екенін анықтау» сияқты аса күрделі дүниелерді оқыту қарастырылған. Бұларды мең­геру барысында бала қатты қиналады. Ал музыка пәні оқу бағдарламасында негізінен ұрма­лы-шулы аспаптарды меңгеру қарастырылған. Қазақтың ұлттық шертпе аспаптары екінші кезекке ығыстырылған. Жалпы, балаларды ерте жасынан игеруі қажетті күрделі пән­­­дермен жүктеудің алдын алу керек. Себебі, бұл баланың пси­хо­физиологиялық және ақыл-ой дамуына теріс әсер етеді, сондай-ақ, олардың білімге деген ынтасын шектейді. Оның орнына жас балалардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалып­тастырып, зияткерлік дамуына әсер ететін пәндерге көп уақыт бөлу керек. Оқу әдебиетінің сапасын көтеру(Со). Оқу әдебиетін дайын­даудағы біздегі үлкен кемшілік, бір авторлық ұжым құрылып бір пәннен бір концеп­цияға негіз­делген барлық сынып­тарға арналған желілік оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындамай отыр. Білім сапасы жол­ға қойылған елдерде бұл талап қатаң сақталады. Бір пәннен әр сынып­та әртүрлі авторлардың оқу әдебиеттерімен оқыған жағдайда оқушылар осы пәннен сапалы білім ала алмайды. Сондықтан, бір пәннен сол пәнді оқитын барлық сыныптарға арналған желілік оқу­лықтар мен Инновациялық оқу-әдістемелік кешендер әзірлеу үшін арнайы авторлық ұжымдардың болуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі уақытта әр оқулықпен бірге муль­тимедиялық оқу құралы қоса дайындалады. Онда осы оқулыққа қатысты интернет жүйе­сінен алынған қажетті материалдар жүйеленіп беріледі. Яғни бала өзі интернетке кіріп, қосымша материалдар іздестірмейді, бәрін осы дискіден оқып, көре алады. Бұл әр пәннен терең білім алуға ерекше ықпал етеді. Педагог кадрлардың кәсі­би біліктілігі сапасын көтеру (Сккб). Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру бойынша жұмыстар екі бағытта жүргізілуі қажет: педагог кадрларды даярлау және мұғалім кадрлардың кәсіби біліктілігін көтеру. McKinsey&Company компаниясы ғалым­дары жүргізген зерттеулер, егер 8 жастағы қабілеті ор­таша оқушыларға біреуінің білік­тілігі жоғары, екіншісінікі төмен мұғалімдер сабақ берсе, он­да оқушылардың оқу нәтижесі үш жылдың ішінде 53%-ға алшақ­тайтынын көрсетті. Кәсіби қабілеті жоғары мұғалім сабақ беретін сы­нып оқушыларының ой-өрісі біліктілігі төмен мұғалім сабақ берген оқушы­ларға қарағанда, үш есе тез дамиды екен. Зерттеулер нәтиже­сін­де оқу­шылардың білім сапасы мұғалімдердің білім сапасынан жоғары болмайтыны және оқыту нәтижелерін жақсартудың бірден-бір жолы оқытуды жақсарту екені анықталған. Себебі, мектепке бір нашар ұстаз келсе, одан білім беру жүйесі 40 жыл зиян шегеді екен. Сондықтан, білім сапасы озық ел­дерде бастауыш сыныптарда негізінен магистранттар дәріс береді және оларды әр хирургті опе­рация жасауға қалай дайындайтын болса, дәріс беруге солай дайындайды. Олай болса, бастауыш сы­нып­­тарда оқитын балалардың білім сапасы оларды оқытатын ұстаздардың білім сапасына тә­уелді болатын болса, онда пе­дагогикалық колледждерде білім алатын студенттердің дең­гейін бакалавр дәрежесіне көтеру кезек күттірмейтін аса маңызды проблема деп қарастыру керек. Қазіргі уақытта мектептерде сабақ беріп жүрген мұғалім­дер­дің кәсіби деңгейлерін ескере отырып, алдымен жаңа бі­лім мазмұнымен жұмыс жасай­тын барлық 1-сыныптарда дәріс беретін ұстаздардың кәсіби біліктілігін көтеру керек. Егер келесі оқу жылында бұл ұстаздар өз оқушыларымен 2-сыныпқа баратын болса, онда осы жылы 1-сыныпқа дәріс беретін барлық мұғалімдердің құзыреттілігін алдын ала көтерген жөн. Жұмыс осылай жүйелі түр­де жүргізілген жағдайда ғана білім сапасы көтерілмек. Ол үшін білім басқармалары 1-сыныптарда жұмыс жасайтын барлық ұстаздардың тізімін жасап, олар­дың кәсіби құзыреттіліктерін анықтап, білім жетілдіру инс­титуттарымен бірлесе отырып нәтижелі жұмыс жасаулары керек. Тәлімгерлер институтын же­тілдіріп, коучерлер институтын құру жұмыстары мақсатты түрде жүргізілуі тиіс. Білім сапасы озық елдерде жас ұстаздар өткізетін сабақтар са­пасын арттыру үшін үлгілік са­бақ жоспарлары мен арнайы оқу-әдістемелік материалдар әзірленеді. Шынайы ұстаз бол­ғысы келген жандарға үлкен қам­қорлықтар жасалады. Біз мұны ескеруіміз керек. Білім мониторингі сапасын көтеру (Смс). Білім сапасын анықтайтын өлшем жүйесі жасалмайынша оның сапасын көтеру мүмкін емес. Сондықтан, әлемнің жетекші елдерінде білім беру сапасы мониторингі жүйесін құруға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, АҚШ-та білім беру саласын дамытуға бөлінген қаражаттың 20-25%-ы оның мониторинг жүйесін жетілдіруге жұмсалады. PISA, TIMSS, PIRLS тәрізді білім беру сапасын бағалаудың халық­аралық зерттеулері және басқа да зерттеулер педаго­ги­калық өлшемнің озық әдістерін қолдануға негізделген. Қазақ­станда білім беру сапасы мони­торингі жүйесі жетілмеген. Бі­лім жетістігін бағалау жөнінде бірыңғай инструментарий жа­салмаған, білім жетістігін баға­лаудың педагогикалық өлшемі туралы педагогикалық квалиметрия және тестология ғылымдары дамымаған. 12 жылдық мектепке сапалы түрде өту үшін алдымен тек 1-сынып пәндерінен білім беру сапасын анықтау құралдарын жа­­сау, оқушылардың түрлі пән­дерден оқу же­тістіктері туралы объективті ақпарат алу үшін тестология ғы­­­лы­­мына негізделген сынама сұрақтарын дайындау қажет. Бұл шешілмесе, онда 12 жылдық мектепке өткенмен, ешқандай бағдары жоқ қараңғы кеңістікте жүргендей боламыз. Себебі, дұрыс бағаланбаған істің сапасын көтеру мүмкін емес. Рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие бе­ру сапасын көтеру (Ст). Білім беру саласындағы озат елдер ата-бабалардың ұлттық рухани-мәдени мұрасын сақтап әрі көбейте алатын, ұлттық ба­сымдылықтарды анықтай білетін, шығармашыл, рухани бай және интеллектуалды дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеуге ерекше кө­ңіл бөледі. Олардың бастауыш мектептерінің оқу жоспарла­рында рухани-адамгершілік құн­дылықтар мен дене қасиеттерін қалыптастыратын пәндерді оқып-үйренуге уақыттың 50%-ға жуығы бөлінеді. Ал бізде әзірленген 12 жыл­дық мектеп оқу жоспарын зерделегенімізде, бұл пәндердің үлес салмағы 40% көлемінде екені анықталды. Қазақстанда білім беру идея­лары қашанда берік рухани-адам­гершілік бағдарларға сүйеніп кел­ген. Қазақтардың өзіндік рухани филосо­фия­сы туған жеріне деген сүйіспеншілік, даналық, тө­зімділікке толы болған. Соңғы жылдары елімізде рухани-адам­гершілік тәрбие беруге жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Негізінен оқу­шылардың ресми білімдік жетістіктеріне – емтихан тапсырулары мен жақсы баға алғандарына мәзбіз. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру үшін ата-анасын сыйлайтын, Отанын сүйетін, мәдениетті, ел тарихын біліп, дамытатын; ел бірлігі, толеранттық және халықтар достығын сақ­тайтын; рухы бай, еңбексүйгіш, денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғайтын; қазақ және шет ел тілдерін меңгерген, сапалы білім алған, адамгершілігі мол, патриоттық қасиеті жоғары ұрпақ тәрбиелеу қажет деп есептейміз. Бұл идея барлық стандарттарда, оқу бағдарламалары мен оқу әдебиеттерінде іске асырылуы керек. Ғылыми-зерттеу жұмыс­та­ры­ның сапасын көтеру (Сғзж). Жалпы, орта білім сапасын көтеру үшін мақсатқа лайық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Себебі, білім беру жүйе­сінің даму деңгейі мен сапасы елдегі педагогика ғылымының жетістігіне байланысты. Елімізде білім беру саласындағы проблемаларды зерттеу үшін іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ осы проблемаларды зерттеуге қаражат, соңғы жылдары, қалдық қағидаты бойынша бөлініп келеді. 12 жылдық мектепке өту және оның білім сапасын көтеру, басым біліктілік көзқарасты жеке басқа бағдарланған парадигмаға ауысуды жүзеге асыратын жалпы орта білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларын дайындау, инновациялық оқу-әдістемелік кешен әзірлеудің ғылыми-прак­тикалық негіздері, білім беру сапасын бағалау жүйесін жасау проблемалары мүлде зерттелмеген деп айтуға болады. Жалпы, күн тәртібінде тұрған проблемаларды зерттеу негізінде оларды шешу және енгізу бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар дайындалуы тиіс. Барлық ғылы­ми-зерттеу және эксперимент­тік жұ­мыстар, олардың нәтижелері нақты практикалық қызметте дер кезінде пайдаланылуы үшін олар озыңқы режімде жүргізілуі тиіс. Басқару жүйесінің сапасын көтеру (Сбас). 12 жылдық мектепке өту барысында білім сапасын көтеру үшін басқару жүйесінің барлық институттары бірлесе отырып іс-қимыл жасауы керек. Білім сапасы құраушыларының сапасын арттыру үшін ғалымдар мен мұғалімдердің үлкен ұжымы, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен білім беру ме­кемелері, оқу­лық­тар авторлары мен баспалар, пе­дагогикалық ұжым­дар мен жұртшылықтың бар күш-қуатын жұмылдырып, олардың нәтижелі жұмыс жасауын қамтамасыз ету қажет. Білім сапасын көтеруге ба­ғыт­талған жұмыс­тар негізінен мектепте анықталады. Ал ол жұмыстардың сапалы атқарылуы мектеп директорының біліктілігіне тікелей байланыс­ты болады. Мектеп директоры осы істі бүге-шігесіне дейін жете меңгерген, үлкен ұстаздар қауымына білім сапасын көтеру мақсатында ақыл-кеңес айтып, нақты жол көрсете алатын ұлағатты жан болуы керек. * * * Қазақстан Педагогика­лық ғылымдар академиясының мү­­шелері академия прези­диумының шешімі негізінде еліміздің Орта білім беру сапасын көтерудің ұзақ жылдарға арналған тұжырымдамасы мен кешенді бағдарламасын әзірлеп, олар барлық аймақтар­да кеңінен талқыланып, айтылған ұсыныс-пікірлер негізінде жетілдіріліп, Үкіметке тапсырған болатын. Ол Үкімет деңгейінде талқы­ланып, оң баға алды. Қазіргі уақытта ғалымдар Білім және ғылым министрлігі­мен бірлесе отырып Қа­зақстан Рес­публикасында Білім бе­руді дамытудың 2016-2020 жыл­дарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу орайында жұмыс жүргізуде. Осының бәрі орта білімде оң жолға салу мақсатын көздейді. Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреты, академик. АЛМАТЫ.