Әй, ауылдың аңғалдары-ай!
Әулиекөл ауданындағы Бағаналы ауылындағы мектепте от жағушы болып істейтін Евгений Кузнецовтың күрегіне былқылдаған жұмсақ, домалақ доп секілді нәрсе ілінеді. Оны күрекпен ұрып қалғанда жарылып, ішінен бу шығады, сосын «құбыжық» көрінеді. Әлгі жиырылып, созылып, жаны барлығынан хабардар етеді. Евгений таң қалады, «Бұл бұрын-соңды көрмеген не нәрсе, мүмкін, жаңа жан иесі пайда болды ма?» деп ойы да лезде сан-сақты шарлап кетеді. Ол аударыстырып отырып, «құбыжықтың» тісі, шашы, аяғы барын байқайды...
Содан Бағаналыға құрамында биолог, полиция, тағы басқалары бар комиссия жетеді.
– Бағаналыда белгісіз тіршілік иесі табылыпты дегенде, мен де комиссия құрамында бардым. Шынымды айтсам, осы гулеген әңгімеге еліткенім рас еді. Өйткені, көмір жынысынан динозаврдың жұмыртқасы секілді палеонтологиялық дәуірдің тіршіліктері табылып қалуы әбден мүмкін. Бірақ біздің көргеніміз ондайға ұқсамайды, жәй малдың ішегінің үзіндісі, оның ішінен шыққан паразит болуы мүмкін. Мектепке түсірілген көмірдің айналасына оны ауылдың иттері әкеліп тастады ма, кім білсін, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, биолог Андрей Андрющенко.
– Бұл дабырлататындай ештеңе де емес, сүтқоректі жануардың іш құрылысының, анығырақ айтсақ, ішек-қарнының бір бөлігі ғана. Оның ішінен шықты деген құрт сияқты ұзын нәрсе – ол ешқандай да ежелгі заманнан жеткен нәрсе емес, осы заманғы жануардың ұлпасы. Оның қандай жануарға тиесілі екенін анықтау үшін біз гистологиялық талдауға жібергелі отырмыз, – дейді Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты жаратылыстану ғылымдары кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Дамила Қонысбаева.
Сөйтіп, гуілдеген әңгіменің соңы пышырап, динозавр, ксеноморф-құбыжық болмай, малдың ішегі екен. Қайткенде де түкпірдегі Бағаналы ауылының аты бір шығып қалды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.
Суретті түсірген Ф.ДӘНДІБАЕВ.