Тәуелсіздік – ең қастерлі ұғым. Сақалына шіркей ұялап ұлан-ғайыр қазақ жерінің бір пұшпағын жау қолына бермеймін деп бес қаруын асынып, ат үстінен түспеген ата-бабаларымыз армандап өткен Тәуелсіздігімізге биыл 25 жыл толады. Оған деген құрмет ешқашан бәсеңдемеу керек.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы 11 жоғары оқу орнының студенттері осынау мерейлі мерекеге өз үндерін бір мезеттегі жаттығу үлгісімен көрсетті. Бұл шараға 30 мыңға жуық студент қатысты. Іс-шараға негізінен Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жандарын салды десе болады. Осы екі ірі оқу орнының бір мыңға жуық студенті жаттығуға қатысқан.
Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы ХҚТУ мен Мақтаарал ауданындағы «Сырдария» университетінің студенттері де қалыс қалмады.
Таңертеңгілік бір мезеттік жаттығуды ұйымдастырушылар жастардың басын осындай шараға біріктіру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу, атқан таңдай жарық сәулесін шашқан Тәуелсіздікке құрмет, ата-бабаның орындалған арманына ізет дегенді айтады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.
Суретті түсірген
Қайсар ШЕРІМ.