Еуразиялық интеграция институтының арнайы жобасы
Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты
Бүгінгідей геосаяси өзгерістер кезеңінде тарих сахнасына Азия мен Еуропаны бағзы замандарда жалғастырған «Ұлы Жібек жолының» қайта оралуын заңды құбылыс деуіміз керек. Оның үстіне, бүгінгі мегаөзгерістерге толы ғасырда да қоғам болмысындағы негізгі басымдықтардың, ең алдымен, геосаясат пен геоэкономикалық мүдделерге тән екені қалтқысыз шындық. Сондықтан да болар, қай заманда болсын, әлемдік сауда-экономикалық қарым-қатынастар неғұрлым қарқын алған сайын мәдени-гуманитарлық немесе аймақтық қауіпсіздікпен байланысты қатынастар мен мүдделер де заман талабына сай, жарыса қалыптасатыны – объективті заңдылық. Демек, дәл сондай көпнысаналы мақсат-мүдделерді көздейтін «Жаңа Жібек Жолы» идеясын іске асыру сол жолдың бойына жақын орналасқан Азия мен Еуропа мемлекеттерінің ғана мүддесі емес, бұл тартымды идея, сонымен қатар, әлгі мемлекеттермен алыс-берісі бұрыннан қалыптасып үлгерген өзге мемлекеттердің де құлшынысын туғызуы көкейге қонымды дүние. Сосын, қайта түлеуге қанатын қомдап отырған «Жаңа Жібек Жолы» бұл күнде көне іздері жоғала бастаған сауда керуендерінің байырғы сүрлеуі емес. Керісінше, бұл жаһандық жобаның мақсат-нысанасы – бас-аяғы 5000 шақырымға созылып жатқан әрі осы заманның озық технологияларымен жабдықталған логистикалық хабтар тізбегі мен транзит-көлік жүйелерін қалыптастырып, экономикалық басымдықты күшейте түсу. Кластерлік іргетасқа негізделген бұл мақсат, өз еліміздің бес аймағының аумағымен өтетін, мыңдаған шақырымды қамтитын әрі құрылысы аяқталуға жақындап қалған Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізін де қоса қамтиды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәліз құрылысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2009 жылы басталған болатын. Жоба бойынша жалпы жолдың 2 452 шақырымы қайта салынады. Оның 1 390 шақырымы 1 техникалық санаттағы 4 жолақты қозғалысқа арналған. 2009 жылдан 2014 жылға дейінгі кезеңде Ресей Федерациясы шекарасынан Шымкент қаласына дейінгі 1 884 шақырымда жол бойында қозғалыс ашылған болатын. Енді биылғы жылы бұл жол Қытайға дейін жеткізіледі. Сөйтіп, жоба толық мәнде жұмыс істей бастайды. Өзінің Жолдауында Елбасы еліміздің шикізат ресурстарын шегіне жеткізе өңдеу және инфрақұрылымды күшейту бағытындағы ең басты мегажоба ретінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің қазақстандық бөлігін тілге тиек ете келіп, оның «Жаңа Жібек Жолы» жобасының ажырамас бөлігі екенін ерекше атаған болатын. Президент, сонымен қатар, әлгі дәліздің Азия мен Еуропаны жалғастырудағы тарихи рөлін қайта тірілту мен таяу арада оны Орталық Азия аумағындағы логистикалық және транзиттік хабқа айналдыру мәселесіне де үлкен басымдық берді. Бұл орайда, Елбасы аталмыш дәлізбен өтетін жүк тасқынының көлемі, жоғарыда атап өтілгендей, 2020 жылға дейін екі есе артатынына және одан кейінгі жылдары 50 миллион тоннаға жететініне үлкен сенім білдірді. Қазақстанның автомобильдермен жүк таситын халықаралық ұйымының есебі бойынша, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі іске қосылған кезден бастап, Еліміздің 14 елге жүк жеткізетін тасымалдаушылары орындайтын рейстердің саны жылына 15 мыңнан 100 мыңға дейін жететін болады әрі бұдан түсетін пайда да еселеп өсетіні күмән тудырмайды. Осы арада Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын көлік дәлізінің қомақты бөлігі Ресей аумағымен өтетіндіктен, жаңа жобаның тұтастай нәтижелі болуы көрші мемлекеттің көлік құрылымының даму деңгейімен тікелей байланысты болатынын да ескерген ләзім. Алайда, өз пайдасы үшін Ресей де көлік инфрақұрылымын дамытуға өте мүдделі, сондықтан, бар мүмкіндігін салып, «Жаңа Жібек Жолы» жобасының тезірек іске қосылуына өз үлесін қосып жатыр. Көлік-логистикалық және бизнес инфрақұрылымдарын қалыптастыру тек Қазақстан үшін ғана емес, еліміздің шетелдік әріптестеріне де ауадай қажет. Сондықтан да, үкіметаралық TRACECA (Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізі) комиссиясының аясында еліміздің Кеден комитеті, TRACECA хатшылығы және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесе отырып, Қытайды Оңтүстік Еуропа және Таяу Шығыс елдерімен жалғастыратын Каспий теңізі мен Оңтүстік Кавказ арқылы өтетін көлік-транзиттік тауар айналымын күшейтуге бағытталған шаралардың жоспарын алдын ала талқылап, келісімге қол қойған болатын. Сонымен қатар, TRACECA транзит дәлізінің табысты болуы да елімізде салынып бітуге таяп қалған әрі Қазақстан аймақтарының дамуына тегеурінді серпін беретін Жезқазған – Бейнеу теміржолымен де тікелей байланысты болмақ. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Біріншіден, бұл мәселенің түйінін ел ішінен де, сырттан да тікелей инвестиция тарту арқылы шешуге болатыны күмән тудырмайды. Екіншіден, транзиттік әлеуетті көтеру кедендік бекеттерге заманауи технологияларды белсенді ендіріп, олардың күллі қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, еселеп жылдамдату арқылы олардың экономикалық тиімділігін өсіру де еліміздің бүгінгі күн тәртібінде тұрған басымдықтарының бірі. Үшіншіден, еліміздің аумағынан өтетін «Жаңа Жібек Жолы» тармақтарының тартымды болуына ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Сарыарқа мен Солтүстік Қазақстан көлдері, сайын далалары, Қорғалжын және Науырзым қорықтары және аталмыш әлемдік мұраға жуырда ғана қабылданған Қаялық, Қарамерген, Талғар, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек және басқа тарихи-мәдени нысандармен қатар, жақын болашақта қабылданатын өзге тарихи мұралардың да өлшеусіз үлес қосатыны даусыз. Қазақстан аумағынан өтетін «Жаңа Жібек Жолы» еліміздің көлік-транзиттік және логистикалық әлеуетін ғана көтеріп қоймай, ел экономикасын нығайта түсетін туризм саласының гүлденуіне де қомақты серпін беретіні көрініп тұр. Ендеше, қайта түлейтін әрі еліміздің үстімен өтетін «Ұлы Жібек Жолы» жобасына тек қана сәттілік тілейік. Сәулебек БІРЖАН. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.