• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2016

«Мемлекеттің көмегін сезіндік, енді біздің кезегіміз келді»

272 рет
көрсетілді

дейді бірі төрт отбасыны қамқорлығына алып, екіншісі 99 жастағы кейуанаға баспана тұрғызып берген атыраулық кәсіпкерлер «Біз көптеген ауқатты адамдарды қалыптастырдық, олар елімізде капитал жинақтады... Бақыт та, байлық та, өмір де өз елімізде...» Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVІІ съезінде айтқан осы сөзіне лайық іс атқарып жүрген кәсіпкерлер Атырау облысында да бар. Мәселен, Қызылқоға ауданында шаруа қожалығын ашып, мал шаруашылығын өркендету ісін қолға алған Мұрат Сарманов бұған дейін де тұрмысы төмен отбасыларына қарайласып келеді. Туған жерінде төрт түлікті түлетіп, бірнеше адамға тұрақты жұмыс тауып беріп отыр. Өз кәсібін жандандыруда мемлекеттің қолдауын сезінгенін жасырмайды. Қазақтың дархан даласындай көңілі кең, халқымыздың ең асыл қасиеттерімен тәрбиеленген кәсіпкер жігіт биыл да қамқорлық шарасын жалғастыруды көздеп, өңір кәсіпкерлерін тұрмысы төмен, сонымен бірге, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық танытуға шақырды. «Еліміздегі кәсіпкерлердің бәрі де мемлекеттің қолдауымен кәсібін кеңейтіп жатыр. Кәсіпкерлікті бастаған сәтте сондай қолдауды өзім де сезіндім. Рас, халықтың бәрі бірдей кәсіпкерлікпен айналыспайды. Арамызда тұрмысы төмен отбасыларда кездеседі. Бұл әсіресе, қазіргідей әлемді қаржы дағдарысы дендеген тұста байқалары даусыз. Міне, осындай сәтте біз, кәсіпкерлер мемлекеттің өркендеуіне, отандастарымыздың тұрмысы төмендеуіне қолдауымызды көрсетуіміз керек», деген Мұрат Сарманов Атырау қаласына қарасты Геолог кенттік округінен екі, өзі туып-өскен Қызылқоға ауданынан екі, сөйтіп, төрт отбасыны өзінің қамқорлығына алды. Осылайша, ол бір жыл бойы төрт отбасыға бірінші кезекте тұтынатын нан, сүт, май және ет секілді азық-түлікпен қамтуды бастады. «Тәубе деп айталық, ең бастысы, еліміздің даму бағдары дұрыс, татулығымыз бекем. Экономиканың әр саласы қарқынды дамуда. Әлемде дағдарыс болғанмен, біздің алған бағытымыздан дағдарған сәтіміз жоқ. Кәсібіміз де кең қанат жая түсті. Мұның бәрі Елбасының жүргізіп отырған саясатының, реформаларының жемісі деп толық сеніммен айта аламын. Бір жыл бойы төрт отбасыны қамқорлау бастамасын көтергенде, алдымен елдің бірлігін, халқымыздың қанындағы қиналған жанға қолдау көрсететін мейірімділік, қайырымдылық қасиеттері жас ұрпаққа жұғысты болса екен дегенді ойладым. Менің асып-тасып бара жатқан байлығым болмаса, өз елімнен тапқан табысымды тек өз қажетіме жаратқаннан не табамын?! Елмен бірге еңсе тіктедім, енді елге қамқорлық танытқанды жөн санадым», деген ойымен бөлісті ол. Дәл осындай қайырымдылық қасиетті бойына жиған тағы бір кәсіпкер –Нұрлан Құсайынов. 1993 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысатын ол Құрманғазы ауданында тұрады. Бұл аудан да облыс орталығынан шалғайда орналасқан, тіпті, ауылдарының өзіне жету үшін бірнеше сағаттап жол жүруге тура келеді. Аудан орталығынан 170 шақырым қашықтағы ауылдың бірі –Асанды мекен еткен майдангер жесірі Уағиса Мұхтарқызының жасы 100-ге таялды. Нақытысын айтқанда, келіні мен екі немересінің қызығына бөленіп отырған кейуананың жасы – 99-да. Алайда, ұлы өмірден өтіп, келіні мен немерелерінің қолдауына сүйенген ғасыр жасындағы кейуана басты уайымы – баспанасының ескілігін аудан әкімі Амангелді Барақатовқа құлаққағыс етіп, жайлы тұрғын үй салып беруді сұраған екен. Көпті көрген көнекөз, ашаршы­лық пен Екінші дүниежүзілік соғыс секілді ауыртпалықтарды қайыспай көтеріп, бір ғасырдай ғұмыр кешкен кейуанының өтінішін орындау үшін аудан әкімі Амангелді Бара­қатов түрлі нұсқаларды ой елегінен өткізіп, қайырымдылық жасаудан тартынбайтын кәсіпкердің бірі Нұрлан Құсайыновқа қолқа салыпты. «Жасы 100-ге таялған ана тек бір әулетке ғана емес, бәрімізге де ана ғой. Еш қиындығы жоқ, мен сол кісіге арнап, төрт бөлмелі үй салып беремін», деп сөзге келместен іске кірісіпті кәсіпкер жігіт. Сөйтіп, Асан ауылын бетке алған Нұрлан Құсайынов өзінің иелігіндегі техникаларын, қажетті материалдарды жеткізіп, өзі жетекшілік ететін серік­тестікке жұмысқа тартылған жұ­мыс­шыларымен тұрғын үй құрылысын жүргізуге дереу кіріседі. Арада көп уа­қыт өтпей, Асан ауылында осы заман­ға лайық жаңа баспана бой көтер­ді. Құрылыс жүргізуге жұмсалған қар­жы­ның бәрін кәсіпкер өз қалтасынан шы­ғарды. Жақында 99 жастағы Уағиса Мұхтарқызы келіні және екі немере­сімен бірге жаңа баспананың қуаны­шын атап өтті. Сол қуанышқа баспа­на бақытын сыйлаған Нұрлан Құсайы­новты да шақырып, аналық батасын берді. «Қиындық атаулының бәріне шыдап, біздің бүгінгі бейбіт өміріміз үшін еңбектенген үлкендеріміз алаңсыз, жайлы өмір сүруі қажет. Біз оларға мәңгі қарыздармыз», дейді кәсіпкер. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. Суретте: 99 жастағы кейуана Уағиса Мұхтарқызы келінімен бірге. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.