• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2016

«Құнанбай» Өскеменге келді

269 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасы­мен облыс орталығында режиссер Досхан Жолжақ­сыновтың «Құнанбай» көркем фильмі көрсетілді. Аталған фильм «Қазақфильм» киностудия­сы мен облыс әкім­дігінің қолдауымен 2014 жылы Абай ауданында түсірілген болатын. Сондықтан, өткен жылы кинокартинаның елі­міздегі тұң­ғыш тұсаукесері Абай ауда­ны­ның орталығы Қарауыл ауылы мен Семей қаласында ұйым­дастырылды. Бұл жолы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың ұйытқы болуымен өскемендік көрерменнің назарына ұсынылды. «Юбилейный» кинотеатрында өткен көрсетілімге көрермендердің көп жиналғаны соншалық, олардың бірқатарына орын жетпей, еденге отырып көрді. Тұсаукесерге фильм режис­сері әрі басты рөлде ойнаған актер Досхан Жолжақсынов та қатысты. Фильмнің алғашқы тұсау­кесерін ел оқыр­мандарына «Егемен Қазақстан» газеті жеткіз­ген болатын. Семей қаласындағы көрсетілімнен кейін «Экранда – Құнанбай» атты мақала ертеңгілік газетке жарияланды. Сондықтан, фильм жөнінде емес, фильмге деген көрермен ықыласы жөнінде әңгімелейік. Кинокартина шығыс­қазақстандықтардың көңілінен шықты. Фильм аяқталғанда залда жанған жарықтан көпшіліктің бұлаудай болған көздерін сүртіп отырғанын көріп, тың туындының өте әсерлі болғандығын байқадық. – Досхан ағамызға шығысқа­зақстан­дық­тардың атынан көп рахмет айтамыз. Бүгінгі фильм, бір сөзбен айтқанда, тарихи ақи­қат­тың жеңісі! Құнанбай баба­мыздың кесімді сөзі іспетті ақи­қат пен әділдіктің де шығар биігі әрдайым жоғары болсын!, – деді фильмді тамашалауға арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов. – Бұл кино көпті көргенімен, бас­қаша оқып, зерделеген біздің мұқым қазақтың, ал­ты Алаш­тың тарихын жетік біле бермей­тіні­­мізді көрсетті. Құнанбай бабамыз туралы ки­но­дан нағыз қазақтың жүрек лүпілін көрдік. Осын­дай туындылар көбейе берсін, – деді Өс­кемен қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев. Көрсетілім соңы көрермендер мен киноре­жиссер арасындағы еркін сұхбатқа, риясыз тілекке ұласты. Режиссердің айтуынша, фильм алдағы уақытта отандық телеарналарда көр­сетіледі. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.