Жақында Рудный қаласының тұрғыны үйлердің маңайындағы үйілген қардың үстінде маужырап отырған түлкіні түсіріп алып, интернетке салып жіберіпті. Әшейінде адамды көрсе, қыр асып қашатын түлкі қаланың шуын елер емес. Биыл қар жылдағыдан бірнеше есе көп жауды. Мұндай қалың ұлпаның Қостанай өңірінде көптен болмағанын қариялар да, табиғаттың тамыршысы іспеттес аңшылар да, ауа райын болжаушылар да айтып отыр. Сондықтан да болар, омбы қардан тышқан тауып жей алмаған ашқұрсақ түлкі елді мекендерді жағалай бастағанын жұрттың барлығы түсінді.
Мамандар елді мекендерге жақын келген даланың ашыққан тағылары құтыру ауруын таратуы мүмкін, деп алаңдайды. Дегенмен, түлкі мен қасқыр туралы аудандардан дабылды ақпараттар түсе қойған жоқ. Биыл қыстың басында жауған жаңбыр топырақтың бетін жауып қалды. Сондықтан, даладағы аңдарға да азығын тауып жеу оңай болмай тұр. Құстарға тіпті қиын.
– Қазір көптеген шаруашылықтар сататын астығын тасып жатыр, ал жол шетінде шашылған астық аң-құстардың несібесіне айналып тұрғандай. Әйтпесе, ағаштың басындағы жидектер де мұз болып қатып қалған, құстар ешнәрсе тауып жей алмайды, – дейді биолог Андрей Андрющенко.
Облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Михаил Семышевтің айтуынша, өңірдегі барлық орман шаруашылықтарында адамдар аңдарға жем шашу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ең бастысы, қар қалың, аңдар жүреді деген жерлерге жету де қиын, сондықтан, жолдарды қардан тазалау жұмыстары да қоса атқарылуда. Әзірге түз тағыларының жаппай ауылдарға кіруі немесе өлуі секілді ақпараттар түспеген.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.