Атырауда мұнайды заңсыз сатып алу, тасымалдау және сатумен ұзақ уақыт айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет етіп келіпті. Олар жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде құрықталды. Қылмыстық топтың өз әрекеттерін жүзеге асырып келген химиялық зауыт аумағын тексеру барысында, шикі мұнай тиелген Ресей Федерациясы Волгоград қаласының коммерциялық ұйымына қарасты «МАЗ» маркалы автокөлігі мен «Композициялық тұрмыстық отын» түрі екенін растайтын жалған құжаттар анықталып, тәркіленді. Сонымен қатар, сыйымдылығы әртүрлі он бестен астам мұнайға ұқсас қара түсті сұйықтық толтырылған ыдыстар орналастырылған өндірістік цех анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, зерттеуге жіберілген өнімдердің мұнай екені белгілі болды. Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және басқарды деген күдікпен еліміздің 2 азаматы ұсталды, деп хабарлады Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.