Бір уақыттары жұмыс іздеген адамға қала қолайлы болып, мектеп бітірген жастар үлкен шаһарларға ағылды. Қазақтың алтын бесігі – ауыл орыс деревнияларындай қаңырап қалмаса да төрт-бес ірі қара, оншақты ұсағы бар, кенже ұлы шаңыраққа ұстап қалған әулеттің қолында қалғандай көрінетін. Жастардың ауылға тұрақтамауы жұмыссыздық мәселесі болса, тамыр-танысы аз қалада да оларды күтіп тұрған ешкім жоқ болатын. Жалдап тұруға пәтерақы қымбат, тапқаны тамағына жетпеген жастар ұрлыққа, зорлыққа үйір болып, бір мезет қылмыс та көбейіп кетті.
Сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов, кезінде Ауыл шаруашылығы министрі болған, бүгінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жоғары жаққа айтып жүріп, ауылды қаржыландыратындай тетіктің кілтін тапқан еді. Облыста арнайы бағдарламалар қабылдаған.
Шамаңа шақтап он сүтті сиыр ал, енді бірің бордақыға он бас ірі қара ал, үшіншің ет пен сүт өткізетін селолық тұтынушы кооперативін құр. Мемлекеттен жеңіл несие әперді. Оңтүстікте ауыл осылай көркейген.
Бүгінде осы идея кәсіпкерлікті дамыту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Нұр Отан» партиясы мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бірлескен түрде «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» бірлескен жобасына ұласты.
Ауыл тұрғындарына 6 млн. теңгеге дейін 5 жыл мерзімге төмендетілген мөлшерлемемен шағын несие берілуде. Тұрақты жұмыс орындарын ашуға, жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде отбасылық бизнесті дамытуға бағытталған бұл жобаның қаржыландырылуы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы іске аспақ. Бұл жобаның бірқатар артықшылықтары бар. Атап айтқанда, отбасылық кооперация мен ауылда өндірілетін өнімді тиімді жылжытудың логистикасын дамыту көзделуде.
Жоба қатысушыларының бірі Абдрамановтар отбасы. Әбдікәрім мен Светлана Оңтүстік Қазақстан облысы, Көксәйек ауылының тұрғындары. Әбдікәрім– зоотехник, Светлана – кітапханашы.
Екі ұлы ата-анасына қожалықтағы жұмыстарды жүргізуге көмектеседі.
Қара шаңырақтың иесі Әбдікәрім Абдраманов 1986 жылдан 1996 жылға дейін аталған ауданның шаруашылықтарында зоотехник қызметін атқарған. Колхоз тараған соң өз үлесіне егістік жер алып, егін және мал шаруашылығымен айналысып келеді. Қазіргі таңда өзінің атында «Пик Сайрама» ЖШС бар, ауыл шаруашылығы саласы бойынша тұрғындарға қызмет көрсетеді. Атап айтқанда 2013 жылы «Ырыс» ЖШС-нің лизинг бағдарламасы бойынша 2 дана МТЗ-82/1 маркалы тракторларын жалпы соммасы 6900 000 теңгеге алған. Несиені мерзімінде төлеп келеді. Жұбайы Абдраманова Светлана Анатольевна 983 жылы отбасылық жағдайымен Қазақстанға көшіп келген. 1986 жылдан бастап 2013 жылға дейін ОҚО Төлеби ауданы Көксәйек ауылындағы балалар кітапханасында жұмыс істеп келді. Қазіргі таңда шаруашылықпен айналысуда. Атап айтқанда, 2015 жылы «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-ден мал бордақылау жобасын ұйымдастыру үшін 3 млн. тенге несие алып 20 бас мүйізді ірі қара мал бордақылауда. Арнайы қора жайы, жем-шөбі және бір жұмысшысы бар. Жұбайы екеуі үлкен шаруашылықты дөңгелетіп отыр. Абдрамановтар отбасы Мемлекеттік қолдау арқылы жеңіл несиемен мал, лизингпен техника алған. Несиені төлеп бітудің төбесі көрініп қалды.
Ішіп-жемге келсек, «сен же, мен же». Бұл шаңырақты жұмыссыздық пен кедейшілік атты кесапаттар атшаптырым жерден айналып өтеді. Алтын бесік ауыл осылайша көркейіп келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы.