Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның қатысуымен Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын барысында еліміздегі білім саласының 2015 жылғы жұмыс қорытындысы және ағымдағы жылда атқарылатын міндеттер, халықаралық рейтингте отандық білім беру жүйесінің көрсеткіштері туралы кеңінен айтылды.
Сондай-ақ, мектепке дейінгі, орта, техникалық, жоғары білім және ғылым, балалардың құқықтарын қорғау мен жастар саясаты салалары бойынша реформалар нәтижесі талқыланған алқа отырысын Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева білім саласындағы көрсеткіштерді айқындау барысындағы маңызды кездесу деп атап өтті. Мемлекетіміз жастардың білімді болуын басты назарда ұстауы маңызды, себебі білім жүйесінің негізі студенттер мен балалар, сондықтан да олардың мүддесі бірінші кезекте болуы қажет, деген Д.Назарбаева, жақында өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы қазіргі және болашақ экономика жайында нақты айтып өткендігін жеткізді.
Сонымен қатар, біз бүгінгі таңда ақпараттандыру ғасырында өмір сүріп жатқандығымызды, қазір 4-ші индустриялық революция кезеңі орын алып тұрғандығын атап өтті. Осы себептерден жастарға, жалпы азаматтарға үлкен жауапкершілік жүгі артылып, олардан тіпті бөлек міндеттер талап етілуі мүмкін. Әр ата-ана өз перзентінің болашағына алаңдауға тиісті, бұл ретте олар өз баласына қандай жағдайлар жасап, қандай білім беретінін мұқият ойлауы қажет.
Және де білім жүйесінде алдағы 2-3 жылда шешілуге міндетті мәселелердің бірі – үш тілділікті қолға алу. Қай қазақтың болмасын баласының ағылшын тілінде жетік сөйлеп, олардың шетелден білім алуын қалайтыны рас. Еліміздің әр азаматы мемлекеттік тіл — қазақ тілін, орыс және ағылшын тілін жетік меңгеруге міндетті. Осы мәселеде білім ошақтарының әр жетекшісінен бастап, елдің әр азаматына дейін үш тілді білуін қолға алу қажет. Және де бұл алғашқы кезеңдерде яғни осы уақыттарда үш тілді білу қажет болса, болашақта одан да көп тілді меңгеруге сұраныс болуы ғажап емес. Мысалы, асқан жылдамдықпен дамып отырған көршіміз Қытай елінің тілін меңгеру қажет болуы мүмкін. Себебі, бұл мемлекет біздің елдің экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі, деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Осы ретте алқа отырысында сөз алған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бір жыл ішінде білім және ғылым саласының күрделі мәселелері бойынша көптеген жұмыстар атқарылғандығын көлденең тартты. Жалпы алғанда, 2015 жыл осы сала үшін сәтті болғандығын атап өткен министр, Елбасының тапсырмасына сәйкес, білім саласының басты құжаты болып табылатын мемлекеттік бағдарламалардың жаңа жобасын күнделікті талқылап, білімнің деңгейлері бойынша нақты жолдар қарастырылып жатқандығын жеткізді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамда» негізгі бағыттардың бірі ретінде білім және ғылым саласын дамытуды атап өтті. Адами капиталдың ең жоғары деңгейі ғана еліміздің жаңа кезеңдерге нық қадам басуына кепіл бола алады. Өткен жылы білім жүйесінде қандай жағымды жаңалықтар мен нәтижелі жұмыстар атқарылғандығын баяндай келе, А.Сәрінжіпов бірқатар деректерді алға тартты. Оның айтуы бойынша, мектепке дейінгі ұйымдар жүйесі 2015 жылы 367 бірлікке ұлғайды. Және де 2015-2016 оқу жылынан 30 қанатқақты мектептің бірінші сыныптарында білім берудің жаңартылған мазмұнын кезең-кезеңмен апробациялау, сондай-ақ, білім алушылардың оқу жетістіктерін критерийлік жүйемен бағалау басталғанын, республика мектептерінің 86,3 пайызында балалардың 93,8 пайызына ыстық тамақ беру ұйымдастырылғандығын айтты. Колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету бойынша 2015-2020 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітілді. Өткен жылы шетелдік әріптес ЖОО-лар мен жұмыс берушілердің қатысуымен 24 инновациялық білім беру бағдарламасы жасалды және бекітілді, деді министр. Белгілі болғандай, бейінді магистратурада кадрларды даярлау үшін 1900 орын және бакалавриатқа 120 грант бөлінген. Ал қазіргі таңда 24 зертхананы заманауи құрылғылармен жабдықтау ісі жүргізілуде.
2015 жылы еліміздің жоғары мектебі өзін өзі басқару әлеуетін барынша нығайтты. Жоғары оқу орындарының 100 студенті Назарбаев Университеттің базасында курстық даярлаудан және Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Сингапур елдерінде тағылымдамадан өтті. 18 ЖОО-да Назарбаев Университеттің корпоративтік басқару тәжірибесі таратылды. 9 жоғары оқу орындарына ЖОО-ны дамыту стратегиясын әзірлеудегі дербестік енгізілді. 2011 жылы Мемлекет басшысы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында қазақстандық университеттердің әлемдегі ең таңдаулы жоғары оқу орындарының рейтингіне енуі туралы тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда еліміздегі 9 ЖОО халықаралық деңгейде танылды. Олар QS-2015 рейтингінен көрінді. Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ИИДМБ-2
6 бағыты бойынша жоғары білікті кадрлар даярлау үшін 11 базалық ЖОО белгіленді, деді министр.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».