АСТАНА. 8 ақпан. Футзалдан Сербия астанасы – Белград қаласында өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Қазақстан өз тобында екінші орын алды. Мұндай нәтиже Ресей мен Хорватия арасындағы матчтан кейін белгілі болды. Аталған кездесу 2:2 есебімен тең аяқталған болатын. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Осылайша, С тобында 4 ұпаймен Ресей бірінші орын алса, хорваттарды жеңген Қазақстан 3 ұпаймен екінші сатыға табан тіреді. Ал бір ғана ұпайға қол жеткізген Хорватия топта соңғы орын алып, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.
Енді Қазақстан ширек финалда D тобында 1-орын алған Италиямен кездеседі. Бұл құрама қазіргі Еуропа чемпионы екенін атап өткен жөн. Топтық кезеңде итальяндар Әзербайжанды – 3:0, ал Чехияны 7:0 есебімен жеңді. Нәтижесінде олар топтық сайыста қақпаларына гол жібермеген жалғыз команда ретінде плей-оффқа өтті.
Қалған ширекфиналдық ойындарға тоқталар болсақ, Сербия Украинамен кездессе, Португалия Испаниямен күш сынасады. Ал жартылай финалдың тағы бір жолдамасын Ресей мен Әзербайжан сарапқа салады.
Ширек финалдың ойындары 8-9 ақпан күндері ойналады. Қазақстан-Италия матчы 9 ақпанға жоспарланған.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: facebook.com.