• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Еңбегіне қарай мансабы

297 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Кәсіби мемлекеттік аппарат. Мансаптық модельге өту» тақырыбында брифинг өтті. Оған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Әли Көмекбаев пен «Назарбаев Университет» Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің деканы Вэнг Тат Хуэй қатысты. Брифингте бірінші кезекте сөз алған Әли Көмекбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталған тапсырмасын жүзеге асыру бойынша ми­нистрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес қабылданған актілер мен жаңа тәсілдер жөнінде айтып өтті. «Мемлекеттік қызметтің жаңа ман­саптық моделі бойынша мем­ле­кеттік орган қызметкерлері арасында жоғары бос лауазымға тек ішкі конкурспен, ал төменгі лауазымдарға жалпы конкурс арқылы ғана тағайындалады. Өткен жылы министрліктерде, олардың ведомстволарында және жергілікті атқарушы органдарда орта есеппен 828 азамат ашық байқаусыз ішкі ауысу тәртібі арқылы қызметке орналасқан. Ал қазір жаңа талап бойынша қызметке мұндай тәсілмен тағайындауға жол берілмейді», – деді Ә.Көмекбаев. Сондай-ақ, ол бұл модельдің мем­ле­кеттік жас қызметшілердің пси­хологиялық тұрғыда бейімделуіне әрі оның кәсібилігінің артуына, бо­лашаққа сеніммен қарауына және мемлекеттік қызмет аясында ұзақ мерзімді мансаптық өсуді жоспарлауына оң ықпалын тигізетінін жеткізді. Сонымен қатар, спикер барлық мемлекеттік қызметшілердің жеке жоспары бекітіліп, соған сәйкес ат­қарған жұмысы тоқсан сайын және жыл қорытындысы бойынша бағаланып отыратынын мә­лімдеді. Оның сөзіне қарағанда, әрбір мемлекеттік қызметшінің өз кәсіптік міндетін қалай атқарғаны, еңбек тәртібі мен әдеп қағидаларын сақтауы, белсенділігі, жұмысқа деген ынта-ықыласы жөніндегі бағаны бір ғана лауазымды тұлға емес, бар­лық әріптестері беретін болады. Нақ­тылай айтқанда, «Б» корпусындағы қызметшілерді бағалауға тікелей басшысы, бағынысты қызметкерлер және әріптестері қатысады. Бұдан біз басшыны бағалауда одан жоғары тұрған лауазым иесінің пікірі ғана емес, сондай-ақ, әріптестері мен қол астындағы бағы­нысты қызметкерлердің де пікірлері ескерілетінін ұғамыз. Шын мәнінде, бұл тәсіл біздің елімізде алғаш рет қолданылып отыр. Одан әрі департамент директоры тестілеуді ұйымдастыру ережесіне қатысты бірқатар мәселелерді атап өтті. «Тестілеуді ұйымдастыру ережесіне өзгерістер мен қосымшалар енгізілді. Енді тестілеуден өту жалпы жиналған балдардың жиынтығымен есептелетін болады. Бұл тұста, әрбір нормативтік-құқықтық актілерді білуге байланысты тестілеудің шекті мәні төмендетілді. Бұл өз кезегінде маман жетіспеушілігін оңтайлы шешуге өз ықпалын тигіз­еді», – деді Ә.Көмекбаев. Оның айтуынша, әсіресе, бұл қадам ауылдық және аудандық жерлердегі маман жетіспеушілігіне қатысты мәселелерді шешуде өзіндік маңызға ие. Сондай-ақ, спикер аталған заң ая­сында мамандарға өздерінің қа­рым-қабілеттерін дәлелдеуге мол мүмкіндік берілгенін атап көрсетті. «Мемлекеттік әкімшілік қызметке жаңадан орналасқан мемлекеттік қызметшілердің атқаратын лауазымдарына лайықты екенін тексеру мақсатында үш ай сынақ мерзімі белгіленеді. Мемлекеттік қызметші сынақ мерзімінде қанағаттанарлықсыз нәтиже көрсеткен жағдайда, оған тағы да үш ай мүмкіндік беріледі. Өйткені, қызметке жаңадан келген маман ал­ғашқы үш айда түрлі себептермен өзін өзі дәлелдей алмай қалуы мүмкін. Сондықтан, оған тағы да қосымша уақыт ұсынылады. Бұл өз кезегінде кадрлық тұрақсыздық деңгейін тө­мендетеді», – деді Ә.Көмекбаев. Бұған қоса, департамент директоры конкурсты заң шеңберінде әділ әрі ашық өткізу мақсатында 5 күндік мерзімі бар апелляция қарастырылғанын, ми­нистрлікте және аумақтық департаменттерде үміткерлердің ша­­ғы­­­­­мын қарау мен құқықтарын қорғау бағы­тындағы апелляциялық комиссиялар құрылатынын, оның құрамына тәуелсіз бақылаушылар ретінде қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіре алатынын мәлім етті. Жиында «Назарбаев Универси­тет» Мемлекеттік саясат жоғары мек­тебі­нің деканы Вэнг Тат Хуэй Қа­зақ­­станның мемлекеттік қызметті реформалауда тиімді әдістер қолда­нып отырғанын айтты. «Қазақстан халық­аралық тәжірибелерді енгізу арқылы мемлекеттік қызмет саласын реформалаудың өте тиімді шешімдеріне жүгінуде. Біздің Мемлекеттік саясат жоғары мектебі аталған реформаларды жіті қадағалауда. Біз Мемлекеттік қызмет істері министрлігімен бірге бұл үрдіске өзіміздің үлесімізді қосып келеміз», – деді ол. Оның айтуынша, Мемлекеттік саясат жоғары мектебі халықаралық серіктестерімен бірге түрлі семинарлар өткізіп, Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласын реформалауына қажетті ең озық әлемдік тәжірибелерді жинақтауға өзіндік септігін тигізген. Сондай-ақ, ол аталған мектептің мемлекеттік қызмет саласын реформалауда жақсы нәтижелер­ге қол жеткізген АҚШ, Сингапур, Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен тығыз байланыс­та жұмыс істеп отырғанын жеткізді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».