• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Кенді өңірдің кенже дамуына болмайды

475 рет
көрсетілді

Хромтау – экономиканың егіз саласы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қарқынды даму мүмкіндігі мол өңір. Мұнда басқасын былай қойғанда, қоры бойын­ша әлемде екінші орын алатын хром кені өндіріледі. Басқа да жер асты табиғи қазба байлықтары жетерлік. Жерінің құнарлылығы және су көздері бойынша да облыстың қалған аудандарына қарағанда жағдайы көш ілгері деуге келеді. Аудан әкімі Аязбай Османғалиевтің «Хромтау ауданының 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2016 жылғы міндеттері туралы» есебін тың­дауға кеншілердің мәдениет үйіне тұрғындар көп жиналды. Аудан басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстардың негізгілерін жүйелей баяндады. Аязбай Қайырғалиұлының әңгіме ауа­нына қарағанда, күрделі кезеңнің өтпелі қиындықтарына қарамастан бірқатар шаруа­лар тындырылғаны аңғарылады. Елбасының бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша белгіленген «100 нақты қадамының» маңызы да, мәні де айрықша екендігін әлемдік деңгейдегі сарапшылардың өздері мойындауда. Сондықтан «100 нақты қадамды» орындау үлкен жауапкершілік және мерейлі міндет екенін түсінеміз. Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жаңа Жол­дауында да ауқымды міндеттер алға тартылды. Қазір аудан халқы осы міндеттер үдесінен көрінуге бір кісідей жұмылуда, деп бастады ол өз сөзін. Ауданға қарасты 14 селолық округ пен бір қалалық әкімдік аумағында 41645 адам тұрады. Мұнда кен өндірісі жолға қойылған, 3 ірі өнеркәсіп орны жұмыс істейді. Өткен жылы ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі қолданыстағы баға бойынша 186682,7 млн.теңгені құрады, физикалық индекс көлемі 100,8 пайыз болды. Жыл басынан Дөң кен байыту комбинатында хром кенін өндіру көлемі 4417,1 және тауарлық хром кені 3600,9 мың тоннаны құрады. Мұнда «Восход Ориел», «Ақтөбемыскомпаниясы» және «Коппертекнолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің де үлесі зор. Ауданда дағдарыс қиындықтарына қарамастан хром, мыс кендерін және қиыршақ тастарды өңдейтін жаңа нысандар іске қосылуда. «Ақтөбемыскомпания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы жылына 500,0 мың тонна мыс-мырыш өндіретін «Весенне-Аралчинское» кенішінің құрылысы жүргізілуде және «Лиманное», «Құндызды» кен орындарын игерудің инвестициялық жобалары қолға алынуда. «БВР» ЖШС арқылы жылына 5,0 тонна жарылғыш заттар шығаратын зауыт пайдалануға берілді. «Игданит» ЖШС 25,0 мың тонна сөндірілмеген әк өндіретін зауытты іске қосты. «Алком-Актобе» ЖШС жылына 100,0 мың тонна көмір брикеттейтін зауыт салады, оның инфрақұрылымы тартылды. Ауданда қиыршақ тас өндірісі және құм өндіру жолға қойылуда, деді аудан әкімі. Өткен жылы ауданда ірі қара – 27400, қой мен ешкі – 48360, жылқы – 4200, шош­қа – 980, түйе – 72 және құс 42261 басқа жеткен . Төрт түлік малдың өсімі бар. Ауыл­шаруашылық құрылымдары 8500,0 тонна ет, 29000,0 тонна сүт, 6324,0 мың дана жұмыртқа өндірген. Бұл көрсеткіштер де 2014 жылмен салыстырғанда біраз жоғары. 200 тонна ет етті экспортқа шығарылған. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, есепті кезеңде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 64,9 млн.теңгеге 315 ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 14,0 млн.теңгеге 522 қой, 20 бас қошқар, «Құлан» бағдарламасы бойынша «Лакиком ЛТД» ЖШС 10,2 млн.теңгеге 33 бие мен 3 асыл тұқымды айғыр сатып алған. Ауа райының қиындығына қарамастан аудан диқандары егіншіліктен де тәуір өнім жинаған. 2016 жылдың көктемгі-егіс жұмыстарына қажетті 4,0 мың тонна тұқымның 3,5 мың тоннасы құйылып, 21,0 мың гектар пар жыртылып, 8,6 мың гектарға сүдігер дайындалған. 1860 гектар алқапты тұрақты суармалы, 16475 гектарды көлдетіп суарылатын алқап ретінде пайдалану көзделуде. Ауданның шаруашылықтарымен ауыл шаруашылығы негізгі қорына 381,3 млн. теңгеге инвестиция салынған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 170,9 млн.тең­геге артық. Ауданда есепті мерзімде респуб­ликалық және жергілікті бюджеттерден қарастырылған инвестициялық жобалар арқылы көп жұмыстар жасалды. «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасы» бойынша Хромтау қаласын және кәсіпкерлік саласын дамытып және қолдауға гранттармен, микрокредит және субсидиялауға 1089772 мың теңге бөлінген. Соның арқасында қаладағы 22 тұрғын үй орамы электрлендірілген, екі қабатты 10 пәтерлі жалдық тұрғын үйдің құрылысы және инженерлік желілері, 3 қабатты 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы және инженерлік коммуникациялары, 5 қабатты тұрғын үйдің инженерлік желілері жүргізілген, тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынған. Ауданда шағын және орта бизнеспен айналысатын 2496 тұлға тіркелген, оның 2395-і белсенді тұлға болып табылады. Оларда 4194 адам еңбек етеді. Жыл басынан кәсіпкерлік саласында 15565,9 млн.теңгенің тауарлары мен өнімдері өндіріліп, қызметтері көрсетілді Ауданда кәсіп­керлерді қолдау мақсатында бұрынғы әкімшілік ғимараты күрделі жөнделіп, бизнес-инкубатор ашылды, деді одан әрі баян­дамашы. Салық және басқа да міндетті төлем­дердің бюджетке түсімі болжанған 15852,8 млн. теңге орнына 18534,3 млн.теңге құ­рады. Республикалық бюджетке болжам­ды салық түсіру 16,8 пайызға асыра орындалды. Жаңадан 496 жұмыс орны ашылып, 834 адам тұрақты жұмыс орнымен қам­тамасыз етілген,152 адам қоғамдық жұ­мысқа тартылған. Әлеуметтік салада да іл­герілеу бар. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауданның экономикалық және табиғи мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғанына баса назар аударды. Ауылшаруашылық өнімдерін көп өндіріп, бәсекелестік ортаны қалыптастырып, азық-түліктің бағасын арзандатудың әлі де кемшін соғып жатқанын тілге тиек ете ке­ліп, суармалы алқапты тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Өңір басшысы жаңадан пайдалануға берілген кәсіпорындардың қуаты 10-15 пайыз жұмыс істеп тұрғанына көңілі толмайтынын, оларды толық қуатына шығарудың барлық жолдарын қарастыру қажеттігіне тоқталды. Қосымша қаржы көздерін іздестіру, ішкі резервтерді тиімді пайдалануда салақтық басым екенін де жасырмады. Моноқала және тірек ауылдарын дамыту бағдарламалары бойынша көп шаруалар тындыруға болатынын алға тарта сөйледі. Ірі кәсіпорындарға қажетті өнімдер мен қызметті ұйымдастыру арқылы импорт алмастыруға және қазақстандық үлесті арттыруға бағыт ұстау қажеттігін қадап айтт­ы. Ең бастысы, жұмыссыздықты болдыр­мау, тұр­ғындарды бағалары қол­жетімді арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Аудан аумағымен республикалық ма­ңызға ие күре жол өтеді. Осы күре жолдың бойында қаншама шағын және орта бизнес нысандарын ашуға болады? Мұны тиімді пайдаланып, сервистік қызметті дамыту қажет. Тағы да қайталап айтамын, ауданның экономикалық және табиғи мүмкіндігі бұдан гөрі қарқынды дамуға алғышарт жасайды, соны тиімді пайдалану жетімсіз, осыған баса назар аудару керек. Қазір арқаны кеңге салатын кез емес, жұмыста ширақтық қажет, деп түйіндеді ойын Бердібек Машбекұлы. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.