• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Өмірге ғашық жан

403 рет
көрсетілді

Туабітті дертке қарсы шыдамдылықпен тұра біліп, қайсар мінез танытқан қыздың жүрек сыры. Мен өмір үшін күнде күресіп жүрген жандардың бірімін. Маңдайыма тағдыр жазған тауқымет таудан да үлкен, тастан да ауыр. Бірақ мен оны шамам келгенше көтеріп, өмір деген өзенмен алға қарай жылжып барамын. Қандай жағалауға барып тоқтарымды өзім де білмеймін. ...Анам мені ауыр босанған екен. Әлсіз, аурушаң болғанымды жиі айтып отыратын. 1 жастан асқан кезде дәрігерлер сал ауруына шалдыққан деген диагноз қойған. Содан бері мені анам бір сәтке де көзінен таса қылған емес. Ұйықтасам, үстіме жылы көрпемді жауып, қасымда отырады. Көзімді ашсам, аялы алақанымен басымнан сипап, шайымды дайындап, әдемі әңгімелерімен көңілімді аулайды. Біз Жамбыл ауданының тумасымыз. Осыдан 15 жылдай бұрын Петропавл қаласына көшіп келгенбіз. Ол кезде мен 12 жаста болатынмын. Ауыл мектебінен кейін облыс орталығындағы Шәміл Шақшақбаев атындағы мектеп-интернатта оқыдым. 1 жылдай үйде отырдым. Ешқайда барғым да, ешкіммен сөйлескім де келмеді. Төрт қабырғаға телміріп, жалғыздықтың шырмауына байлап-маталып, ауыр күй кештім. Ақыры мұндай тауқыметке шыдай алмайтынымды түсініп, анаммен ашық сырластым. Бала кезімнен аудармашы болу арманым еді. Мектеп қабырғасында жүргенде ағылшын, неміс тілдеріне ерекше ден қойғанымды білетін анам мені бірден қолдады. Кей туған-туыстарымның қарсылығына қарамастан Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Сырттай бөлімде оқып жүріп, күйбің тірліктің біраз қиындығын бастан өткердім. Анам үнемі қасымда жүрді. Автобусқа мінгізіп, түсіріп, кітаптарымды ұстап, әйтеуір, қолынан келген көмегін аямады. Бірге оқыған курстас құрбыларыммен тіл табысып кеттім. Мемлекеттің қолдауы арқасында 2008 жылы АҚШ-тың Индиана штатына 2 айға тіл үйренуге бардым. Петропавл қаласынан жалғыз өзім, ал Қазақстаннан 4 адам болдық. Шетелге тұңғыш шыққан сапарымда кемтар жандардың ешкімнен кем емес екендігіне, олардың да еңбек етіп, білім алып, басқалар сияқты қоғамдық жұмыстарға қатыса алатындарына көзім жетті. Қазақстандай елде тұратынымды зор бақыт санадым. Бұған дейін “Менің тағдырым неге осындай болды?” деген сұрақ жанымды жегідей жейтін. Сол жолы көлік апатына ұшырап, жүре алмай қалған жігіттің әңгімесін тыңдап, қоларбаға байланса да, жұмысқа белсене араласатынын көріп, жігеріме жігер қосылды. Оның оқуға, өзгеге көмектесуге деген құлшынысы менің өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Өзгенің тағдыры арқылы өмірді бағалай білу қасиетін ұқтым. Бірқатар автобустардың жүргізу­шілері мені әбден танып алған. Аял­да­мада көрсе болды, тоқтап, ішке кіргізіп, отырғызып, түсуіме көмектеседі. Кі­тап­хана, басқа да қоғамдық жерлерде қол ұшын беруге даяр тұратын адамдар аз емес. Сондай сәттерде жүрегіңе жы­лылық ұялап, ерекше мейірімге бө­ленесің. Кейбір кездерде көшеден өткенде сыртыңнан мүсіркей қарап, өзі­нен-өзі үрейленіп кетіп бара жатқан адам­дарды да кездестіремін. Олардың мүгедектерді өздерінен кем санайтындарын түсінбеймін. Мұндайлар Елбасының «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтылған «...олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады», деген парасат-пайымға толы қамқорлық сөздерін ой елегінен өткізсе, жоғарыдағыдай кемсітушілікке бармас еді. Бала кезімнен аудармашы болуды армандадым дедім ғой. Ағылшын, неміс тілін меңгеріп, қолыма диплом алып, биік белесті бағындырдым. Қазір сурет салумен айналысамын. Шахмат ойнап, иога, гимнастикамен шұғылданамын. Өзімді күтіп, қажетті ем-дом алып, қоғамдық жұмыстарға да араласамын. Астана, Алматыға барып, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселесін шешуге бағытталған түрлі шараларға қатысып тұрамын. Кедергісіз жүріп-тұрудың қиындығын бар болмысымен түсінетін, сезінетін Ақжан, Сәлімхан сияқты «АРДОС-Жүрек» мүгедектер бірлестігінің мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Алда күйбің тірліктің қызығы мен қиындығына толы талай белестер тұр. Оларды бағындыру үшін бар күш-жігерімді жинап, күресуге ерік-жігерім де, күш-қуатым да жетеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы белсенділігіне күдікпен қарайтын қате ойларды көк мұздай бұзып-жару үшін қолымнан келгенше аянбаймын. Өйткені, мен өмірге ғашықпын, дейді Алма Қожабаева. Жазып алған Алма ЖҮСІПОВА. Солтүстік Қазақстан облысы. –––––––––––––– Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.