• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Суырыпсалмалық саңлағы

1334 рет
көрсетілді

Ұлт руханияты тарихында Жамбылдың импровизаторлық шығармашылығы өз алдына жеке бір тарихи дәуір іспетті. Ол Ұлы Даланы толқынды толғауларымен тербеген, буырқанған сөз бояуымен жігерлендірген Аталық, Сыпыра, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар, Үмбетей сынды шарболаттай шамырқанған жыраулардың көзі, айтыс өнерінің шамшырағы, ұлттық ауызша поэзия тарихындағы арғы-бергі ғасырлардың үздік дәстүрлерін, асыл қасиеттерін бір басына жинақтап, сәтті тоғыстырған «қыран затты» тұлға, сәулелі құбылыс еді. «Мен өзім көпті көрген ақсақалмын, Қазақтың артып алған көп мақалын» немесе «Құйындап көкке шапқан мен бір пырақ» деуінде ғаламат сыр түйіні бар-ау! Жамбылдың импровизаторлық өнерінің тек-тамырлары тереңде. Оның қатпар-қатпар сырларын тарқату үшін ұлттық болмыстың табиғатына, халықтың психофизиологиялық ерекшеліктеріне, көшпелілер өмірінің әлеміне ой жүгірту шарт. Бұл ретте Шоқан Уәлиханов қазақтың им­провизаторлық өнерін, еске сақтау қабілетін, халық өнерпаздарының қобызда да, сыбызғыда да, домбырада да шебер құбылта ойнауын, бабалар ерлігіне құмарпаздығын айрықша атайды. «Қазақтар жаратылысының өзінен-ақ қабілетті, дарынды және ғажайып сезімтал болып келеді. Қазақтардың батырлар эпосы мен аңыздары, ертегілері өте көп және олар өлең мен музыканы жақсы көреді» дейді. Сондай-ақ, ғұлама белгілі бір жырдың қазақ даласының шартарабында «бір кітаптың көп данасындай» таралуы, «дәлме-дәл болуы таңғажайып құбылыс» деп қайран қалады. Қазақтың атақты жырауларының сегіз қырлы семсер сөзі Солтүстік Қап тауын мекендеген но­ғайлар мен Алатаудың арасында ешбір өзге­ріссіз айтылады. Яғни, ноғай, башқұрт, қа­зақ, қарақалпақ елдерінде. Ұлттың қанындағы, жа­нындағы, бойындағы, сана-сезіміндегі, тіліндегі, жауһар қасиеттерді Жамбыл жырау мөп-мөл­дір, тап-таза күйінде екінші мыңжылдықтың құшағына жеткізіп, үшінші мыңжылдықтың табалдырығынан саңқылдап аттады. Кеудесі алтын сандық, көңілі дария, қиялы ұшқыр, жаны нәзік, сөздің гүлін, даналық мәйегін туындатқан, аузынан дүрлер төгілген Жамбылдың тұтастай табиғатына 1) жыршылық; 2) күйшілік; 3) шежірешілдік; 4) дастаншылдық; 5) айтыскерлік; 6) орындаушылық тән, 7) шешендік пән. Ол синкретті өнердің көрнекті қайраткері. Осыншама бір-бірімен сабақтас өнер түрлерін мінсіз жетік меңгеруі, оның импровизаторлық өнеріне, қабілетіне қатысты. Көркемдік ойлау жүйесі, көркемдік қиялы, Алланың адамзатқа сыйлаған бес сезім мүшесінің аса жоғары дәрежеде қалып­тасып, жетілуі, өнегелі ортасы, өнерпаздық тегі – Жам­былдың дария шығарымпаздығының табиғатын айқындайды. Жамбылдың анасы Ұлданның нағашысы Қанадан деген бақсы айтулы күйші-қобызшы, бал бармақ домбырашы екен. Жалайыр тайпасынан шыққан. Асан Қайғының желмаямен жортып жүріп тартқан күйін Қанадан орындағанда тыңдағанның бойы қорғасындай балқиды екен. Бірде Қанаданды дүниеге әкелген жұрт қарақшылардың қаһарына ұшырайды. Сонан жас нәресте тау қойнауында жалғыз күй кешіп, жеміс теріп қоректеніп жүріп, қурайдан сыбызғы жонып, жапан даланы уілдетіп-гуілдетіп, еліктің лағының дауысын келістіріп жеткізіпті. Содан бір еліктің емшегі иіп, сүті сорғалап, Қанаданды емізіпті. Міне, Қанадан туралы аңыз осындай. «Менің балаларымның біреуі аса бақытты болса керек еді, нағашы атамның қобызының қылы менің етегіме оралып еді, осы қисықтан бірдеме шықпаса», – дейді екен анасы Ұлдан. Сапарғали Бегалиннің көрсетуінше, тулаған тұтас денесі күй мен жыр Жамбыл «Ыңғайтөк», «Сұрмерген», «Басшылбай», «Күйшілбай», «Ұран күйлері», «Көрұғлы сұлтан күйі» тәрізді күйлерді тартқан. Бұл жөнінде Өмірзақ, Үмбетәлі, Ыбырайым дейтін көз көргендер айтады екен. Задында, Жамбылдың күйшілігі музыкалық есту қабілетін шебер, айқын танытты. Әрине, Жамбылдың музыкалық-күйшілік қабілет-қарымы қыруар жыр-толғауларды, дастандарды жойқын шабытпен туындатуға өлшеусіз ықпал жаса­ған. Мысалы, «Өтеген батыр» дастанын шығару үрдісінде Асан Қайғының сарынын қол­данған. Әу баста Ұлы жүз елінде «Жер өлең», «Су өлең», «Тау өлең» айтушылар, қайым айтысты қоздырушылар ересен мол болған. Бұл дәстүр Жамбыл заманында да кең қанат жайған. Ұлы жыршы әуелде өлең айтуды жарапазаншы, тойбас­таушы болып бастайды. Сонан соң Сүйінбайдың Тезекпен, қырғыз ақыны Қатағанмен айтыстарын ел ішінде айтып жүреді. Жамбылдың айтыс өнері тарихындағы бел-белестерін тізіп өтер болсақ, Сайқал қыз (1864-1865), Жаныс ақын (1866), Бөлектің қызы (1870), Бақтыбай (1872), Бұрым (1873), Айкүміс (1874), Сара (1875), Сары тәрізді ақындармен арадағы сүре айтыстарын ерекшелеп айтудың жөні бар. Әр­бір айтыстың әңгімесі бір-бір дастан. Бұл ай­тыстарға суреткерлік, тапқырлық, тереңдік тән. Се­зіміңді жетектейді, ойыңды жарқыратады, тіліңді түрлендіреді. Жамбыл жарапазан, тойбастар айтып, жар­шылық қызметімен жүргенде, ел жайлауда отырғанда, бір әдемі той салтанатында Қыдырма қызы Бұрым сұлумен көңіл қосады. Бірақ оның есік көргендігі бар еді. Ел арасы бүлінетін болғандықтан, аталас ағасы, ақылды, шешен Айдос баласы Сарыбай (1821-1890) алдырмайды. Бұрымға деген ғашықтық ақынның арманшыл жүрегін, көңілін серпілтіп-оятып, сөз бұлағын еркін ағытуға жол ашады. Айрылдым арманменен, қайран Бұрым, Айдай еді толықсыған аппақ-нұрың. Алдандым, аяғымды шалыс бастым, Білмедім жан ашымас аға сырын – деп жырын, сырын толассыз толғайды. «Мен Бұрымды Құтырғанның суынан алдыма алып өткенде, ай жарық еді. Аяқ киім су болады деп, кебіс-мәсіні шешіп екеуміз де балақты түріп алдық. Сонда Бұрымның балтырының ақтығы сондай, айға шағылысып еді», – деп Жамбыл жымиған екен. Бөлектің қызымен қағысуының да тарихы қызық. Мұның мәнісін Жамбылдың өзі былайша баяндайды: Тауға беттеп бара жатқанда қалың көшке жолықтым. Көш алдында 9 түйе жетелеген құла қасқа атты қызға көзім түсті. Ер-тұрманы саф күміс, кигені дүрия-торғын, салтанатты қыз екен. Не де болса қатарласа жүргім келді. Жетегімдегі торы шолақты қамшылап, қызға қатарласа кеттім. Бір-екі рет суық қарап қойды да, қыз өлеңді қоя берді. Біраз айтысып едік, шешесі тоғыз беріп, тоқтатып қойды. Сал-серілік мінезге, сөзге, ойға бай Жамбыл ақбоз атқа мініп, Сарыбайдың асында тұтқиылдан жоқтау шығарады: Үлкен саздың басында, Кішісаздың қасында, Сарекемнің асында, Қамбардың қара қасқа атындай, Мен саламын желіске. Құйрығымды түйген соң, Қанатымды сүзген соң, Жел аударған қаңбақтай, Сел аударған дөңбектей, Келді сөйлер кезіме, Үлкен аға, кіші іні Сөйлеп бір енді берейін Қас жүйрікті айтайын, Шапқан сайын үдеген, Алыстан тоят тілеген. Жамбыл жыршы асты ұйымдастырушының мерейін осылайша өсірген. Жамбылдың жалындап жар­қылдаған ақындық даңқы Сарыбектің асын­­да да асқақтайды. Қырғыз еліне де әйгіленеді. «Ме­нің өз ақындығымды қойшы, қырғызға мені та­ныс­тырған осы Сүйінбай өлеңдері», – дейді Жамбыл. Жамбылдың айтыстағы шеберлігі, оның айтыс жырлары да соншалықты биік сәулетке ие. Айтыс үстінде туған бейнелі сөздерде кербез сурет, нәзік сезім, бекзат көңіл, кестелі ой, эмоцио­налды көңіл күй көрініс тапқан. Осынау асыл сөздер – ел, жер, халық тарихымен, халықтың дүниетанымымен, шаруашылық-кәсібімен, салт-дәстүрлерімен тамырлас құбылыс. Жамбыл Сарбас ақынмен айтысында еркін көсіледі. Ой-қиялға суарылған нағыз тапқыр сөздер, айшықты, нақышты оралымдар, гауһардай құбылған сырлы, нұрлы сөздер нөпірлеп төгіледі. Шүу дегенде, тілінің үйірімі, сөзінің уыты бар Сарбас екпіндеп сөйлейді. Дулат тайпасының атынан сөйлеген ол алқалы жиынның, толқынды топтың алдында елінің байлығын, бектігін, көп­тігін, ерлігін айтып, Жамбылға «Шапырашты кене­дей», «қысқа жібі шолтаңдап», күрмеуіне жет­пеген», кедейлік басынан кетпеген деп тиі­се­ді. «Ерегіспе менімен, езіледі алқымың» деп асқақтайды. Кезек Жамбылға тигенде, Сарбас шыққан Дулат­тың шежіресін таратып, қасиетті Домалақ ене жайлы баяндап, Құр мақтанға жармасқан, Сен Дулаттың бір езі, – деп бетін бір қайырып, мағынасы терең, ойы кең, поэзиялық сипаттауларға бай, шымыр тоқылған жолдарды ағытып қоя береді. Мәселен, былайша: Сарбас ақын менмін деп, Нан пісіріп кеудеңе, Неге мұнда келдің деп, Ақиландың сен неге?.. Мен Шапырашты ұлы едім, Алтыннан қылыш сермеген! Топты жерге барғанда Саулап тұрған сөз едім... Жаулы жерге барғанда, Атамын деп оқталған, Көк берен болат кез едім. Саурық шыққан басынан Көк шыбықтай иіліп, Ерлік қылған жасынан. Күндік жерден дұшпанын, Дабылымен қашырған... Қылышы қия шабылған... Найзасын тасқа түйреген. Ақындық дарынын, шабыт қабілетін айтқанда, мынадай халықтық теңеулерге жүгінеді: Ағыным ақ боз аттың ағынындай, Дауысым аққан судың сарынындай. Екі бетте тамтық жоқ, құдай ұрған, Қазып алған қурайдың орынындай... Сен отырсың шал болып, шөкімдей боп, Мен отырмын жас жігіт өрімдей боп. Жамбылдың Саурық батырға деген ілтипат-құрметі өлшеусіз. «Саурық еді арыстан» дегені, негізінде, халықтық-поэзиялық ауыстыру болып табылады. «Саурықтай болат батырдың, алтын нұр толған ішіне» деген бейнелі жолда соншалықты зор поэзиялық қуат бар. Жамбылдың Құлманбетпен айтысында қазақ тілінің құт-берекесі, інжу-маржан моншақтары, туырылып жатқан байлығы барынша жарқырап көрінеді. Құлманбет те оңай қарсылас емес. Десе де, Жамбыл дес бермейді. Жамбылдың үдемелеп дамыту әдісін соншалықты терең игергендігін мына түйдекті жолдар толық айқындайды: А, Құлманбет, Құлманбет, Ағып жатқан сумен кет! Сумен кетсең – ел ішер, Судан шыққан бумен кет! Онда да кесірің тиеді, Қызарып батқан күнмен кет! Күн де қайтып шығады, Оттан шыққан күлмен кет! Күлден де ауру шығады, Қараңғы тұман түнмен кет! Түн де қайтып келеді, Асқаралы таумен кет. Тауды да халық мекендер, Кесірің жұғар Құлманбет, Қу пәлекет, әрмен кет! Айтыскер ойды, мағынаны тереңдетіп, буыр­қан­тып, күшейтіп, үстемелеп, жаратылыстың жа­­ғымды, жағымсыз құбылыстарының қасиет-бел­гілерін тапқырлықпен жүйелеп, шеберлікпен тіз­бе­леп береді. Сөйтіп, қарсыласы ой мен сөздің ек­пін­­ді тасқынына шыдай алмай, беті қайтады, жеңіледі. Жамбыл мен Шашубай айтысында ақындық қиял-шабыттан туған асыл сөз тізбектері жет­кілікті. Шашубай ақын қарсыласын ықтыру үшін өзі туралы, ақындық өнері жөнінде асқақ сөйлейді. Бір ретте өзі жайында: Желге ұқсап ұйтқып соққан дауылдаймын... Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын. Табаным қызған сайын бұлдыраймын... Жүйрікпін шартараптың тұзын татқан, Өлеңмен сөзді желдей құйындатқан, – деп екпіндейді. Сонымен бірге, Шашубай Жамбылға: «Жайын­дай өрге жүзген қадамдысың», деп оның да өнерін қадірлейтінін білдіреді. Асылы, сөз майданында өнер көрсеткен ақындар бір-бірімен тең әрі азулы, адуынды болса, олардың аузынан кесек-кесек ойлар, уытты сөздер ақтарылатын сияқты. Бір-бірінің қытықтарына тиіп, намысын қоздырып, шабытын тұтатып, жігерін жанып, жүрек тереңінде жатқан асыл ойларды, тұнық сезімдерді, мөлдіреген әдемі, суретті сөздерді оятып қозғайды. Өз кезегінде Жамбыл да есесін жібермейді. Мәселен: Асылдан ұшқан қылаудай, Өлеңнің дәрия кенімін. Еділ менен Жайықтай, Зырқырап Жамбыл сөйлесін. Өрге жүзген қайықтай, Сынға түссін сөзіміз, Осы отырған халыққа-ай. Ерегіссең Шашубай, Еңсеңді үзіп кетермін, Аспаннан түскен жасылдай... Айтулының бірімін, Нар кілемнің түрімін, Қызыл тілін безеген, Найзасын тасқа егеген, Алды-артыңды буамын Сені асырмай кезеңнен! Жамбылдың Досмағамбет ақынға айтқан сөзіндегі: «Шын қызсам, сөзім – жалын, домбырам – найза», «Құйындап көпке шапқан мен бір пырақ», «Мен – қорғасын сақамын, сен – ұтылғыш кенейсің», «Мен бір соққан дауылпаз», «Өткір қылыш алмаспын», «Ағып жатқан селдеймін» деген ауыстырулар эмоционалдық қатыстылықты, суреттелген құбылысқа мейлінше жақындықты танытады, әрі өлең сөздің көркемдік әуенін толқындатып, түрлендіріп, құбылтады. Жамбыл Сүйінбайдың ақындық тұлғасын саңқылдаған сұңқарға, ал өзімен сілкілесіп жатқан Досмағамбетті жалаңдаған аш бөріге, күйкентайға, шықылдаған сауысқанға салыстырып сөйлейді. Бір құбылыстың елеулі жақтары екінші көріністің ерекшеліктерімен айқындалып, салғастырып отыруы аса бір көркемдік дәлдікпен шеңдесуі, образдың ойға көмкерілуі айтыстың көркемдік келісімін, кестесін көркейтеді. Жамбылдың Шыбыл шалмен қағысындағы бейнелі жолдары ой-қиялды тербетіп, жанды серпілтеді. Шыбылдың да мына бір шумағы өзіндік сыр-сипаттан құр емес. Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы үнін қосып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын. Жамбыл Шыбылға берген шағын жауабында «Құмға біткен селеудей, шілше тозып кетіпсің», «Төрт құлақты кемедей», «Өрт өшірген немедей» деген сияқты шыншылдық мағынаға құрылған теңеулерді төгіп тастайды. Жалпы алғанда, Жамбыл шығармаларында ой да, пікір де, сөз де мөлдіреп тұрады. Себебі, ол халықтың сөз дариясынан жүзіп сусындаған ғой. * * * І Республикалық ақындар айтысы 1943 жыл­дың 4 желтоқсанында Қазақтың мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында өтті. Сахнада көз сүйіндірер ою-өрнектермен на­қышталған қазақтың киіз үйі. Республикалық айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен сексен алты халық ақыны қатысты. Нақты айтқанда, әйгілі халық жыршылары Жамбыл, Шашубай, Нұрпейіс, Кенен, Орынбай, Майасар, Нартай, Нұрлыбек, Қуат, Әбдіғали, Молдахмет сынды жыр тарланбоздары. Қазылар алқасының мүшелері – Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мектептер бө­лімінің меңгерушісі Б.Исабеков, саяси-ағарту жұ­мыстары секторының меңгерушісі С.Ахметов, академик Қ.Сәтбаев, Қазақ КСР Министрлер Советі жанындағы Өнер істері басқармасының бастығы С.Толыбеков, Қ.Қуанышбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, К.Байсейітова, А.Жұбанов. Өлең-жырды орысшаға аудару ісімен Ғайша Шәріпова бастаған ақындар тобы шұғылданды. Айтысты жазушы Ғабит Мүсірепов ашты. Қа­зақстан Жазушылар одағы Президиумының Төр­ағасы Сәбит Мұқанов айтыс ақындарының шы­ғармашылығы хақында «Селдет жырды, ақындар» деген тақырыпта өлең түрінде баяндама жасады. Тамсана тарих тыңдайтын, Аңыз қылып айтты жыр, – деп заманның, ақиқаттың тот баспас айнасындай құдіретті рухқа толы қазақ жырының қуатын паш етті. Сонан соң ұлы жыршы, ғасыр куәгері Жамбыл: – Алатаудан, Арқадан, Ақындарым келіпсің. Тілдерінен бал тамған, Жақындарым келіпсің. Ертіс, Еділ, Іле, Сыр, Бас қосқалы келіпсің. Жүрген жері думан жыр, Сендер елге көріксің! – деп, толқынды, отты, қуатты толғауын бас­тады. Ол Сүйінбай мен Қатағанның, Кеншімбай мен Орынбайдың, Сарбас пен Майкөттің, Құлын­шақ пен Қуандықтың, Шөже мен Кемпірбайдың ақындық дәстүрлерінің мықты желісін, алтын арқауын босатпай ұстап, өлең-жырды көк­дауылдай боратып, шарықтап, шалқың­дар, толғанып шабыттанып, тасқындап тебіренің­дер, сөз нөсерін селдетіңдер, миуасын теріңдер, өнер бәйгесінде қарыштап алға шығың­дар, батырлық, ерлік күндердің толғауын төгің­дер деп жар салды. Замана, халық, мемлекет атынан жырлаған Жамбыл жырауға Ұйымдастыру комитеті сегіз мың сом көлемінде құрметті сыйлық табыстап, түйе мінгізді, шапан кигізді. Ұлы жырау Жамбылдың импровизаторлық тұлғасы – ақындық шеберлік пен тапқырлықтың мәңгілік өнегелі мектебі болып қала бермек.   Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Астана.