• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2016

Тұрақтылықты сақтау үшін барлық мүмкіндік бар

326 рет
көрсетілді

Кеше Қостанай облы­сының әкімі Архимед Мұхам­бетов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына қатысты. Он­да әкім облыстың қазіргі әлеу­меттік-экономикалық да­муы, атқарылып жатқан жұ­мыстар мен жоспарлары туралы баяндады. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-інші жылын біз Мемлекет басшысы белгілеп берген 5 институттық реформаны іске асыру бойынша маңызды міндеттерді орындаудан бастадық. Қостанай облысында «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын іске асыру бойынша барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр. Жалпы, жыл басынан бері экономиканың негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығында оң нәтижелер байқалып отыр. Тұр­ғын үйлерді пайдалануға беру және негізгі капиталға инвес­тиция тарту көлемдері де артуда», деп сөз бастаған облыс әкі­мі А.Мұхамбетов Қостанайда ауыл шаруашылығы саласының қар­қынды дамуымен қатар, индустрия саласында да мол мүмкіндіктер бар екендігін тілге тиек етті. Алайда, қазіргідей әлемдік эко­номикадағы күрделі жағдай біздің елге де өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Осыны алға тартқан әкім, эко­номикалық өсім тұрғысында өңір­дің өз қиындықтары да бар екендігін жасырмады. «Бұдан бір жыл бұрынғыдай, қазір де өнеркәсіп саласында әлем­дік нарықтағы шикізат бағасының түсімі, негізгі серіктестеріміз Ресей мен Қытайдың экономикасының баяулауы әсер етуде. Нәтижесінде өнеркәсіп көлемі 18 пайызға төмендеді. Нақтылап айтсақ, тау-кен саласында темір кенін өндіру көлемі 27 пайызға, темір жентегі – 47 пайызға, темір концентраты – 20 пайызға, асбест – 16 пайызға, мыс кені – 80 пайызға және мыс концентраты 68 пайызға азайған», деді А.Мұхамбетов. Оның айтуынша, осының салдарынан өңдеуші өнеркәсіп саласының кәсіпорындары да өндірістік көр­сеткіштерін 9,9 пайызға төмендетіп алған. Бұл, ең алдымен, автокөлік жасау, тағам өнеркәсібі салаларында өнімді сату кезіндегі қиын жағдайларға байланысты болып отыр. «Есесіне, облысымызда металлургия өнеркәсібінің өндіріс қуаты артып келеді. Аталған саланың даму қарқыны 10 пайызға артып, 41 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Бұл әсіресе, «ЕвразКаспианСталь» кәсіпорнының белсенді жұмы­сының арқасында мүмкін болды. Мұнда 276 мың тонна көлемінде құ­ры­лыс прокаты шығарылса, ол 2014 жылғы деңгеймен салыс­тырғанда 3 есе артық», деді әкім. Облыс басшысының пайымдауынша, 2015 жылды Қостанай облысы жақсы көрсеткіштермен аяқ­тады. Соның ішінде, респуб­ликалық және жергілікті бюджет бойынша барлық межелерді орын­дады. Жалпы, жылдың соң­ында облыс 4,5 млрд. теңге қар­жыны қысқартқан. Яғни, обл­ыс­та оңтайландыру жұмыстары жүр­гізілген. «Бірақ облыстың кей­­бір қалаларында, мысалы, Руд­ный, Қостанай қаласында қиын­дықтар болды. Дегенмен, ең бас­ты мәселе – әлеуметтік төлем­дер төленіп отырды», деген әкім об­­лыс басшылығының бас­ты мақ­саты халықты әлеуметтік төлем­дер­мен қамтамасыз ету екенін баса айтты. «2016 жылды да оңтай­лан­­дырудан бастап отырмыз. Көп­теген шығындарды қысқартып жатырмыз, соның ішінде, мәдениет саласындағы шаралар мен ресми шаралар қысқаруда. Биыл облыстық бюджетте қиындықтар болады, соның ішінде, салық саласын нығайтуымыз керек. Көптеген резервтерді анықтап отырмыз. Мысалы, өткен жылы жарнама орналастыру бойынша біз шағын және орта бизнесте біраз заң бұзушылықты анықтадық. Жер мәселесі бойынша да проблемалар бар, жерлерді өзінің тиісті мақсатына пайдаланбай жатқан кәсіпкерлерді де анықтадық. Бұл бағытта да айыппұлдар саламыз», деген А.Мұхамбетов облыс құрылымында, жол полициясы мен әділет басқармасының арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көңіл бөлініп жатқанын да атап өтті. «Бұл салалардың басшылығына тап­сырма бергенмін. 2016 жыл­дың қорытындысы бойынша беріл­ген тапсырмаларды орындап, әлеу­меттік төлемдерді уақытында төлей­міз деген мақсат бар», деді әкім. Баспасөз мәслихатында сон­­дай-ақ, өңірдің индустриялық да­му барысы айтылды. Әкім алға тарт­қан деректерге сүйенсек, Индус­трияландыру картасының екінші бесжылдығына 16 инвестициялық жоба енген. Инвестициялардың жалпы көлемі 322 млрд. теңге, осы жобаларды жүзеге асыру арқылы 3,2 мың жұмыс орны ашылмақ. 2015 жылы өңірде 4 кәсіпорын пайдалануға берілді, осылайша 126 жаңа жұмыс орны құрылған. Биыл жалпы сомасы 23 млрд. теңге болатын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ, сол арқылы 500 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, үй құрылысы комбинатына жалғасатын теміржолдың құрылысы басталды. Бұл теміржол еліміздің басқа өңірлеріне мате­риал мен дайын заттарды жеткізуге кететін шығынды азайтады. Әкімнің хабарлауынша, үдемелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасының бірінші бес­жылдығынан келе жатқан екі проб­лемалы жобаға да инвесторлар табылған. Ол проблемалы жобалар жұмысы жүрмей, көпшіліктің сынына ілігіп жүрген «Комсомол құс фабрикасы» мен «Лисаков картон-қағаз кешені» ЖШС-лар жұмысы. «Биыл «Комсомол құс фабрикасы» АҚ пен «Лисаков кар­тон-қағаз кешені» ЖШС-нің жұмы­сын қайта жандандыру көзделіп отыр. Комсомол құс фабрикасына «ҚазАгроҚаржы» АҚ-пен уағдаластыққа қол жеткіздік. Ал картон-қағаз кешеніне келген жаңа инвестор құрылғыларды жөндеп жатыр. Жылу жүйесі де жөндеуден өтеді», деп мәлімдеді әкім. Қостанай облысының әкімі өңірде денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесінде де оңтайлы жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты. «2015 жылы денсаулық сақ­тау саласының бюджеті 35,5 млрд. теңгені құрады. Бұл 2014 жыл­ға қарағанда 7,9 пайызға көп. Облыстық аурухана мен Қоста­най қалалық ауруханасының бес қа­батты корпусына күрделі жөн­деу жұмыстары аяқталды. Жалпы сомасы 195,9 млн. теңгені құрай­тын 30 медициналық ұйымға ағым­дағы жөндеу жұмыстары өткі­зіл­ді. Ауыл халқын сапалы меди­ци­налық қызметтің қол­жетім­ділігімен қамтамасыз ету мақ­са­тында ағымдағы жылы 3 ам­була­тория енгізілді. 2016 жыл­дың бі­рінші тоқсанында бір ауысым­да 300 келушіге арналған облыс­тық онкологиялық диспансер ашылатын болады. Емхана за­манауи медициналық құрал-жаб­дықтармен, соның ішін­де компьютерлік томографпен жабдықталады», деді А.Мұхам­бетов. Әкімнің айтуынша, өткен жылы бірнеше медициналық құ­рал-жабдық сатып алынған. «Облыстың медициналық ұйым­дарының материалдық-тех­ни­калық базасын нығайту мақса­тында 2015 жылы жергілікті бюджет қаржысы есебінен меди­ци­налық құрал-саймандар, 371,5 млн. теңге сомасындағы санитарлық автокөлік сатып алынды. Оның ішінде 185 млн. теңге облыстың пери­наталды орталығын нығайтуға бағытталған. Нәтижесінде меди­циналық құрылғылармен және ме­дициналық мақсаттағы бұйым­дармен жабдықталу 5 пайызға артты», деді А.Мұхамбетов. Әкім сөз арасында облыстың Арқалық қаласында көмір орта­лығын салуды жоспарлап отыр­ған­дығын айтып өтті. Облыс бас­шылығының мұндай жоспар құруына себеп болып отырған жағ­дай – қыс мезгілінде алыс­тан көмір тасып, жолда қалатын тұр­ғындардың мәселесі екен. «Биыл қыс қиын өтіп жатыр. Қардың көлемі былтырғымен салыстырғанда екі жарым есе, кейбір облыстарда тіпті үш есе көп болды. Қыс бойы облыста республикалық және жергілікті маңыздағы жолдар 15 рет жабылды. Құтқару жұмыстарына екі жүзден астам техниканы жұмылдырдық. Қыс бойы үш жүзден астам жеңіл автокөлікті, 650 адамды құтқарып алдық», деген әкім енді облыс көктемге дайындалып жатқанын жеткізді. Ал «Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары В.Божконың «қыста ескертуге қарамай жолға шыққан адамдарға айыппұл салу керек» деген ұсынысына қалай қарайсыз деген журналист сұрағына әкім қыста рұқсатсыз жолға шыққан адамдарға айыппұл салу туралы Ішкі істер министрлігінің шарасы дұрыс деп ойлайтынын жеткізді. «Мысалы, Торғай өңірінде тұрғындар мен жеке кәсіп­керлер күн райының қиындығына, төтенше жағдайлар департа­мен­тінің ескертуіне қарамай өздері көмір тасуға шығады. Көмірді күз кезінде тасу керек еді. Бірақ қыс­та көмір тасуға шығып, жолда қалған біраз оқиға тіркелді. Сол кезде, тіпті, әуе техникаларын жұмылдырып, адамдарды құтқардық. Мұның барлығы бюджетке келіп жатқан шығын. Бірақ осындай жағдайларға жол бермеу үшін өзіміз тиісті шараларды қолға аламыз. Мысалы, Арқалық қаласында көмір қабылдайтын орталық салуды жоспарлап отырмыз. Яғни, сол орталыққа көмір тасып берсек, кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар бей-берекет жолға шыға бермей, сол орталықтан тасып алар еді», деді әкім. Қостанай облысына қарасты Торғай өңіріндегі көпшіліктің көңілін күпті етіп жүрген тағы бір мәселе – Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығын атап өту жайы екендігі рас. Облыс әкімі осыған орай тілшілер тарапынан қойылған сұраққа да жауап берді. «2016 жылы Ұлт-азаттық көте­рілісіне 100 жыл толады. Бұл маңызды оқиға. Осыған орай арнайы іс-шараларымызды бекіттік. Ең басты мақсат – жүз-жүзден киіз үй тігіп, тойлау емес, оқиғаға мән беру, жастарға рухани тәрбие беру. Елбасының тікелей тапсырмасы бар. Осы бағыттағы жұмыстарды көп қаржы шығармай атқарамыз», деді әкім. Өңір басшысының айтуынша, Амангелді орта мек­те­бін келесі жылы «Жол картасы-2020» бағдарламасына енгі­зу жоспарланған. Сондай-ақ, Аман­гелді Иманов атындағы мемо­риалдық мұражай да жөнделмек. «Мұ­ражайда мен өзім болдым, қазір 12 млн. теңгедей қаржы керек. Биыл осы қаржыны бөліп, мұ­ражайды жөндейміз. Аман­гелді Има­новтың ескерткіші де жөн­деледі», деді ол. Жалпы алғанда, облыстың әрі қарай дамуы үшін негізгі бағыттар белгіленген. Олар – экономиканың нақты секторын қолдау, «Нұрлы Жол» бағдарламасының шең­берінде инфрақұрылымдық жоба­ларды белсенді іске асыру, шағын және орта кәсіпкерлікті қол­дау, агроөнеркәсіптік кешен және екінші бесжылдықтың индус­триялық жобаларының іске асыры­луын жылдамдату, тиімді әлеу­меттік саясат және жұмыспен қам­туды қолдау болып табылады. «Қорыта келгенде, өңірде эконо­микалық және әлеуметтік тұрақ­тылықты сақтау үшін барлық мүмкіндіктер жасалған», деді Қос­танай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».