• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2016

Тағдыр тепкісі

440 рет
көрсетілді

әр жылдарда әке мен балаға қатар тиді Біз сөз еткелі отырған Хасан хазірет 1871 жылы Калмыков уезінің бірінші ауылында дүниеге келген. Байдың баласы ауылда алған бас­тауыш, діни мұсылмандық білім-білігін өз бетімен үнемі толықтыра жүріп, кейін, 1886 – 1901 жылдары Бұхарадағы Кіндік Азияға жақсы танымал Мір-Араб медресесінде оқыған. Өмірінің біраз жылын осылай алыс жерлерді, алуан салт-дәстүрлерді танып-білуге арнаған. Озығын елге жеткізуге, көп біліп, көп нәрсені үйренуге тырыс­ты. Ал мұның өзі оның елге Ислам ілімінің қағидаттары мен діни-философиялық негіздерін меңгерген, өз халқының да, өзге жұрттың да тұрмыс-тірлігін, мұң-мұқтажын көзімен көріп, замана ағымы, ұлт болашағы жайында ой-өрісі қалыптасып оралуына себеп болғаны сөзсіз. Сол шақта ресейлік билік қазақ дала­сындағы бұрынғы діни құрылым­дардың ықпалын біраз шектеп, дін­басылардың, әсіресе, халықшыл топтарына күдікпен қарай бастағаны мәлім. Бұрынғы азды-көпті демократия, яғни сайлау-сайлану құқығы тоқтатылды, уездік басшылар мен болыстарды губернатор қалауымен тағайындау тәртібі енгізілді. Жергілікті билікке біраз жерде халықтың мұң-мұқ­тажымен ісі жоқ, жоғарыдағының алдында құрдай жорғалайтындар келді. Бақытжан Қаратаев кезінде «карьерист», «аферист», «портфелист» деп өткір сын­­ға алған ел ішіндегі ондайлармен қазіргі Атырау аумағындағы Қызылқоға, Тайсойған өңірлерінде діни қызметін бас­таған Х.Нұрмұхамедов ашық күреске шықты. Жергілікті билік пен дінбасылар қалың жұртшылықтың қатысуымен сайлануын қуаттап, мешіттер жұмысын бір ізге келтіруге шақырды. Бұл бір ғана Жа­йық өңірінде емес, бүкіл Қазақ елі үшін көкейкесті мәселе болғанын айтып жату артық шығар. Сондықтан болса керек, 1917 жылы 2-8 сәуірде 300 делегаттың қатысуымен Торғайда болған қазақтар съезінде дін мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, қаралады. Құрамында біздің кейіпкеріміз және тағы басқалар бар, оралдық делегаттардың сол жиында жария еткен ұсыныстары бірауыздан мақұлданып, төмендегідей ортақ ұйғарым хатталады: біріншіден, таяу болашақта Жайық өңірінде қазақ мүф­тиаты ашылады, әзірге Орал мұсылмандарының діни басқармасы болып Орынбор мүф­тиаты саналады; екіншіден, имамдар арнайы шаадатнамалық білімі барлар арасынан дауыс беру арқылы сайланып қойылады, әр қазақ ауылында мешіт болуы жергілікті тұрғындарға міндеттеледі; үшіншіден, имамдарға дүниеге келген сәбилердің және марқұм болғандардың метркелік кітапшасын ашып, некелі отбасын құрушылардың тізімдемелік құжаттарын жүргізу жүктеледі. Көріп отырғанымыздай, съезд қа­был­даған бұл беталыс хазіреттің жылдар бойғы арманы болатын. Осындай жаңа­шыл ой-ұстанымдарымен назарға іліккен ол жұрт арасында зор беделге ие Құбайболла, Дәулетияр ишандармен бірге Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысушы оралдық он делегаттың бірі (жетекшілері – Жаһанша, Халел Досмұха­медовтер) болып сайланады. Соның алдындағы Торғай жиыны шын мәнінде жерлесіміздің «Халқым үшін не істей аламын» деген азаматтық, ұлтжандылық ынта-жігерін оятқан алғашқы басқыш болғаны анық. Бұл сапардан ол өзіне бұ­рынғыдан да ауқымды жауапкершілік жүгін арқалап оралады. Мұрағат деректеріне қарасақ, Х.Нұр­мұхамедовтің саяси көзқарастарының кемелденуіне зор ықпал еткен келесі оқиға – Орынборда өткен жалпықазақ съезі (5 – 13. ХІІ. 1917) болатын. Онда қаралған Қазақ елінің болашақ құрылымы, мүфтиат, милиция, халық ағарту, ел басқару жүйесі, т.б. мәселелерді талқылаудың соңы ымырасыз талас-тартысқа ұласады. Хасан Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен, Дәу­летияр ишан және басқа ақжайықтық дінбасылар А.Кенжин, В.Танашевпен тізе қосып, қазақ даласын шұғыл автономия деп жариялауды ұсынады, ел ішіндегі бейбіт тірлік пен реттілікті, біртұтас ел ретіндегі мемлекеттікті сақтап қалудың бірден-бір жолы осы дегенді алға тартады. Алайда, «шұғыл автономия» идеясын делегаттардың басым бөлігі қолдамағаны тарихтан белгілі. Пікір қайшылығының өткір сипат алғаны соншалық, қандай да бір ымыраға келу съездің соңғы күндеріне дейін мүлдем мүмкін болмаған. Екі жақ­тан да қазақтың бірден-бір жанашыры – «Алаш» қозғалысының көсемдерін (Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, А.Кенжин, В.Танашев, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т.б.) көреміз. Елінің ертеңі туралы осындай пікір қай­шылығы орын алғанымен, түптеп келгенде, олардың бәрін «Қазақ елінің бір­тұтастығы» туралы ортақ арман-мақ­сат, сын сәттегі ортақ жауапкершілік, мем­лекетшіл мүдде біріктіріп, бәрін ортақ шешімге әкелді. Х.Нұрмұхамедов үшін де бұл ұмытылмас күндер болды. Бұдан кейінгі бар ғұмырын «Алаш» қозғалысымен біржола байланыстырып, ашаршылыққа, мәжбүрлеп ұжымдастыру мен отырықшыландыруға қарсы күресті. Кеңестік биліктің жер-жерде атеистік үгіт-насихатты үдетіп, дін атаулыдан ада қоғам орнатуды көздеген саясатына ашық наразылық білдірді. Қазан төңкерісінен кейінгі алғашқы 10 жылда Хасан, Дәулетияр ишан, тағы басқалар жетекшілік еткен Калмыков мұсылмандары қауымдастығы уездегі ең ықпалды, коммунистік ячейкалардан да беделі зор ұйым болып қала берді. Бірақ жиырмасыншы жылдардың аяғынан Кеңестер күш алып, бүкіл елде­гідей, өңірдегі дін атаулы мен (ислам, православие) мешіт, шіркеулерге, жалпы діни наным-сенімдерге қарсы әрекеттерді бұрынғыдан бетер күшейтті. Ең бедел­ді діндарларды халыққа қарсы қойып, адам­­ның жеке ар-ожданын қорлайтын шаралар барған сайын өрескел сипат алды. Нәтижесінде мешіттер мен шіркеу ғимараттары ұжымшар (колхоз) қоймасына айналса, білімдарлығы Жайықтың арғы беті-бергі бетіне, Батыс Қазақстан айма­ғының талай жеріне танылған Хасан, Дәу­летияр, Мәулімберлі, Тоғайбай хазірет, Керей халфе бабалар салдырған ғажайып ғибадатханалар – мешіт, медреселер тоналды, өртелді, қой қораға, қырқым пункттеріне берілді. Осылайша ондаған, жүздеген жылдар бойы қыр еліне мұсылмандық салт-сананың, имандылықтың нұрын сеуіп, рухани тірек болған күмбезді құрылыстар, уезд бойынша жалпы саны жиырмадан асатын өнер жауһарлары толық құртылды. Бүгінде олардың орнында бір кездегі та­ғылық әрекеттің куәсі болып қирандылары ғана жатқанын қазіргі Орал өңірінің кейбір ауылдарынан да көргенде жан дүниең құлазып-ақ кетеді. Соларды өткен жылдары аралап көріп, үлкендердің әңгімесін тыңдай жү­ріп, жүрегім қан жылады дейді Ақжайық ауданындағы әріптесіміз, өлкетанушы-журналист Бақтығали Қоспаев. Қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстары жұртына діни ілімімен, адамдық болмысымен танымал болған Хасан хазірет сынды ардақтылардың шаш ал десе, бас алатын аярлардан көрген қорлығы ешкімді бейжай қалдырмайды. Бар ғұмырын діни ағартушылыққа, азаттық пен әділет жолына арнаған Хасан Нұрмұхамедовті НКВД-нің тұтқындап, азаптауы да, «халық жауы» деп жариялап, ату жазасына кескен қанды үкімі де (1938) оны ислами дүниетанымынан, «Алаш» қозғалысын, азаттық идеясын, қазақ мемлекеттігін қолдаған саяси күре­сінен бас тартуға көндіре алмаған. Ол 67 жасында қолдан жасалған қызыл қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болып, атылады. Оның есімі тарихымызда Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер, И.Қашқынбаев, Д.Күсепқалиев, Б.Бисенов, Е.Қасаболатов, Б.Жанқадамов, Абылаев сынды азаттық алауын, бүгінгі тәуелсіздігіміздің алғашқы ұшқынын Жайық өңірінде өшпестей етіп тұтатып жеткен арыстарымызбен бір қатарда болуға, әлі де зерттеліп, тың деректермен толықтыруға лайық. Қазақты зар жылатқан жылдардың зардабы хазіреттің ұлы Ахметбекті де шарпыған. Ұжымдастыру кезінде әке­нің жиған-тергенінің бәрі тартып алынып, бұлардың отбасы Ойылға келеді. Өкіметке күдіктілердің балалары мектепке алынбағандықтан, Ахметбектің «Нұрмұхамедов» деген тегі Нұрымов болып өзгертіледі. 1939 жылы ол мек­тепті озық бітіріп, Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің физика-математика фа­культетіне түседі. Мұнда да үздік оқиды. Әкесінің жазықсыз ұсталып бара жатып айтқан «Оқы, өмірден орныңды тап, ешкімге жамандық жасама», деген аманатын есінен шығармайды. Бірақ оқуды үзуге тура келді, армиядағы қызметке ша­­қы­рылады. Батыс Украинадағы әскери міндетін аяқтар алдында Ұлы Отан соғы­сы басталады. Ахметбек үшін әке қайғысының, соғыс қайғысының үстіне қасірет деген киліге берді. Бұлардың бөлімшесі дұшпанның қоршауына түседі. Тұтқын­дарды Польша жеріне әкеледі. Азаптан, аштықтан тірі қалғандарын басқа тұтқындарға қосып, Ченстоховадағы лагерьге әкеледі. Сәл кейін 50 тұтқынды іріктеп, бұлардың арасында Ахметбек те бар, қолға түскен азиялықтар басым шоғырландырылған басқа бір лагерьге жеткізеді. Осында олармен Түркістан легионы жайында дүркін-дүркін насихат өткізіледі. Тұтқындардың өз арасында вермахқа қызмет жасаудан құтылу, бұл үшін сәл мүмкіндікті қапы жібермеу жайында құпия әңгімелер де болып жатады. Құрамында Ахметбек бар үлкен бір топты Италиядағы шойынжол торабын күзетуге жеткізгенде, бұларға италиялық партизандармен бай­ланысудың сәті түседі. Алайда, содан басқа өзгеріске қол жеткізу мүмкін болмай­ды. Ахметбекті әскери бекініс салуға Пула шаһарына, одан әрі 1944 жылы Венаға, Түркістан легионының конгресіне жібереді. Содан оралған соң жерлесімізді алдыңғы шепке жолдайды. Осы жерден ол қасындағы 7-8 адаммен бірге өз жағымызға жылыстайды. – Қайсыбірін айтарсың, Ахметбек ба­уырымның да көрмегені жоқ екен, – дейді Ақжайық ауданының Чапаев ауылында тұратын оның жиені Сая Бармашева. – «Жығылғанға жұдырық» дегендей, жау­дың тұтқынында бір азап шексе, табаны ел жаққа қарай тигенде де сондай қорлыққа тағы тап келеді. Тергеп-тексеруден соң Кемеров облысындағы шахтадағы жұ­мысқа жегіледі. Одан босағанымен, азат­тық ұзаққа бармайды. 1948 жылы «Отанын сатқаны үшін» 25 жылға сотталады, Ма­гадан асырады. 1953 жылы Сталин өмірден өткен соң рақымшылықпен босайды. Орал­дағы пединституттың математика факультетін оқып бітіріп, Ақтөбенің Ойы­лында мұғалім болып жұмыс жасайды. Қарғыс атқыр соғыс, қатыгез дұшпан­ның тұтқынында болу, елім деп келгенде өкі­меттің көрсеткен қорлығы өмірдегі аппақ арманын, яғни туған жұртыма қыз­мет етсем деген жүрекжарды ниетін толық жү­зеге асыруға бөгет болғанын көз жасы сорғалап отырып баяндайтын. Сая апаның анасы Бибіәсима мен Ахмет­бек екеуі белнемере болып табылады. Ахметбек қария 2014 жылы 94 жасында бақилыққа аттанды. Осындай арыстардың ғұмырларынан ел тарихының ешқашан өшпейтін беттері жазылды. Әлі де жазыла бермек. «Кешеден келдік бүгінге» деген осы да. Өткенімізді білу болашаққа нық қадам басуға берік кепілдік беретіні де белгілі. Ендеше, азаттық алауын, бүгінгі тәуелсіздігіміздің алғашқы ұшқынын өшпестей етіп тұтатып кеткен Хасан хазіреттің және оның қаны мен тегіне тартып туған Ахметбектей ұлдың жұрт жадында жасай беретіні сөзсіз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы. Ақжайық ауданы.