Үржар ауданындағы жаңадан ашылған «Ер Төстік» балабақшасында туған жерді таныстыруға һәм сүюге тәрбиелейтін ерекше әдістемелік кешен қалыптасып келеді. Балабақша қызметімен мекеме меңгерушісі Гүлнәр Қабаева таныстырды. Бір жыл бұрын «Балапан» бағдарламасымен пайдалануға берілген балабақшада 140 бүлдіршін тәрбиеленеді, жоғары санатты ұстаз Қанипа Момбаева бастаған білікті педагог-тәрбиешілер еңбек етеді. 27 адамды жұмыспен қамтыған мекемеде балалар 2 жастан бастап қабылданады. Балабақша асханасы сәби ағзасына пайдалы жергілікті жеміс-жидек, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етілген. Бұл тарапта мекеме әкімшілігі жергілікті өнім өндірушілермен келісімшарт бекіткен. Келісімшартқа отырған диқандардың бірі Жұмабек Татубаев жаз бойы өсірген көкөністерді төмен бағамен балабақшаға өткізеді.
25 жыл бойы бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан білікті педагог Гүлнәр Жақанқызының айтуынша, жаңа балабақшаның бір жылдағы жетістіктері аз емес. Үржарлық бүлдіршіндер былтыр Ресейде өткен «Веселый карусель» байқауында, облыстық «Үркер» байқауында жеңімпаз атанды, Астанадағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ханталапай» ойынына онлайн арқылы атсалысты.
«Ер Төстікте» тәрбие жұмысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Яғни, үштұғырлы тілді дамыту бағдарламасын қолға алған балабақшалардың бірі. Ағылшын тілін Семей қаласынан жоғары оқу орнын тәмамдап келген жас маман Сандуғаш Қайратпаева үйретеді. «Тілді ауызекі сөйлеу және тыңдау арқылы үйретеміз. Қазір балақайлар амандасу мен қоштасуды, ән мен тақпақ айтуды біледі. Жалпы, 3-4 жастағы балалар тілді тез қабылдайды», деді ол. Шет тілде санамақ, сергіту жаттығуларын меңгерген бүлдіршіндер балабақшаның бір жылдық мерейтойына орай «Үйшік» ертегісін ағылшын тілінде қойып, ата-аналарын қуантқан екен. «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушісі Жібек Жеңісқызы ағылшын тілінде онға дейін санап, тақпақ айтқанда мүдірген жоқ. Ал жоғары санатты музыка маманы Айнұр Дәулетбекқызы дарынды балалардың шығармашылығын шыңдауға барын салып жүр. Солардың бірі 5 жасар Нұрай Нұрболат «Көк тудың желбірегені» әнін нақышына келтіріп орындағанына куә болдық.
Балабақшада балалардың қабілет-қарымын ашуға бағытталған оңды шаруалар көп. Маусымдық тақырыптағы «Алтын күз», «Қыс қызығы» тақырыбында ұйымдастырылған қолөнер туындылары бірден көз тартады. «Еркем-ай» тобының бүлдіршіні Нұрдәулет Рақымғазының «Қысқы аула» туындысы шынайы ауланың кішігірім көшірмесі іспетті. Осы сынды ермексаздан, қамырдан, ағаштан, қағаздан және басқа да материалдан шеберлікпен жасалған бұйымдар көрмеге қойылыпты. Әсіресе, бүлдіршіндердің ұйқыашар жаттығуларын жүргізуге арналған әдістемелер жылы әсер қалдырды. Сәбилердің табанының ізі іспетті моншақтармен, түймелермен, кестелермен жасалған ұйқыашар кілемді тәрбиеші Бану Нұрқасымова тоқыса, Жаңыл Серікбаева есімді тәрбиешінің Алакөлдің толқын шайған тесік тастарын түрлі түске бояп жасаған ұйқыашар жолақшасы, тіпті, таңғалдырды. Яғни, Үржар ауданының мақтанышы саналатын Алакөл жағалауының тасымен тәрбиеленген сәбидің санасына елді, жерді сүю сынды сезімдер берік орнығады.
Сондай-ақ, ертөстіктік балалар бидай егіп, биологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді екен. Мәселен, бидайды қарашірігі мол және керіш топырақ салынған ыдыстарға егіп, дәннің өнуін, өсуін бақылайды. Балалар дәнді егу, суару, қопсыту барысында топырақ қыртысының құнарлылығына, өсімдіктің өсімталдығына зерттеу жүргізеді. Үш метрге жуық қар түсетін, ылғалы мол Үржар өлкесінің маңайында егістік алқаптары мол. Барқытбел баурайындағы танаптарға көз жіберген талшыбықтай өскіндер ас атасы – бидайдың қара жерді қалай жарып шығатынын, қалай бүр жаратынын біліп тұрса, Алакөлдің ақ малта тасынан алқа тағып тұрса қандай ғанибет! Міне, осы ойдың ұшқыны Үржардағы «Ер Төстік» балабақшасының кез келген бүлдіршінінде бар! Біз балалы, базарлы мекеннен осындай оймен қуанып шықтық.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы.
Суретті түсірген автор.