Аягөз қаласының тумасы Әнуарбек Бимұрзин – бүгінде Қазақстанға танымал азамат. Ауыл шаруашылығы саласының белді маманы, кәсіпкер. Тек кәсіпкер ғана емес, меценат. Ол орта мектепті бітірген соң Алматы малдәрігерлік институтына түсіп, 1976 жылы ойдағыдай тәмамдады. Жақсы оқуымен көзге түскен жас жігітті оқытушылар аталмыш оқу орнына қалдырды. «Ауыл шаруашылығы мал анатомиясы» кафедрасында ассистент болып бес-алты жыл қызмет еткен соң академик Зейнолла Қожабековтың тапсырмасымен сол кездегі Семей облысының Аягөз ауданындағы Мыңбұлақ кеңшарында қалдықсыз өнім әдісі бойынша жаңа технологиямен жұмыс жасайтын шаруашылық құру мәселесімен туған жеріне келіп жемісті еңбек етті. Жас жігіт өзіне тапсырылған істі абыроймен атқарады. Асыл тұқымды мал өнімінің көрсеткішін көтерді. Осының нәтижесінде Әнуарбек Бимұрзин 1987 жылы Алматыға қайта шақырылып, мемлекеттік агроөндіріс басқармасына жұмысқа келді.
1989 жылдан бастап ол халықаралық қатынас саласында елеулі жұмыстар атқарады. Бірнеше жыл Үрімші қаласында тұрып Қазақстан мен Қытай арасындағы барыс-келіс енді-енді басталған шақта соның ілгері жүруіне атсалысты. Ел тәуелсіздігін алған тұста «Қорғас», «Достық», «Бақты», «Майқапшағай» кеден бекеттерінің ашылуына, мал шаруашылығына қатысты екі ел арасындағы мәмілелер барысында байыпты жұмыстар атқарды.
Кейіпкеріміз осындай жұмыстарды атқара жүріп, бертін келе мәдени мұраларды қорғау, тарихи орындарға тағзым ету акцияларына қатысуды өзінің парызы санай бастады. Сөйтіп, Әнуарбек Нұржауұлының ұйытқы болуымен бірнеше жобалар қолға алынып, сәтті аяқталды. Бабалар рухына тағзым етуші азамат 1996 жылы атақты ақын Әріп Тәңірбергеновтің 140 жылдық тойын өткізуді мойнына алып, ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыруға мұрындық болды. Оған Қайым Мұхаметханов, Қабдеш Жұмаділов, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, Несіпбек Айтұлы, Серік Негимов, Қажытай Ілиясов сынды белгілі тұлғалар келіп қатысқан еді. Ол тұста қазіргідей атшаптырым мейрамхананың кемшін кезі. Сондықтан, Аягөздегі гимназияның 500 адамдық үлкен залы жөнделіп, сол жерге ас берілді. Соңынан ат шаптырылып, бәйге ұйымдастырылды. Бұл өтпелі шақтың өлара тұсындағы аласапыран ауыртпалықтан күйзеліп жүрген жұртшылық үшін үлкен қолдау, демеу болған еді. Елдің рухани жан- дүниесі бір серпіліп, елдігіміздің еңсе көтеретінін айғақтайтын шара болғаны рас.
«Әр қазақ – менің жалғызым» атты ұстанымды ту еткен осынау жігіт ағасының жасап жатқан абыройлы да ауқымды істері атан өгізге жүк болардай. Атақты Ақтайлақ пен Байғара билердің мазарларын көтеруге атсалысқан Әнуарбек Нұржауұлының абыройы тағы бір аспандады. Бұл жолы он екі қанат ақ орда тігіліп, үлкен ас берілді. Аламан бәйге сөресін ауыздығымен алысқан Диана атты тұлпар келіп қиды. Бір қызығы, жүзден жүйрік атанған сәйгүлікті баптаған өзінің немере бауыры Елдос Амангелдіұлы Бимырза еді.
Қазақтың «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мақалы тегін емес. Айта кетерлігі, Әнекең 2006 жылы да Әріп Тәңірбергеновтің 150 жылдық мерейтойын өткізіп, оның кесенесін толық көтеріп, бітіруді өз мойнына алып, абыроймен атқарып шықты. Қазіргі Еңірекей, Ащысу бойында биіктігі 24 метр болып, бой көтеріп тұрған зәулім кесене сол жұмыстың жемісі. Ас беріліп, ат шаптырылды, балуан күресі болды. Жүлдесі де қомақты болғанын айта кеткен орынды.
Ал Ер Жәнібектің кесенесі Жарма ауданының Ортабұлақ елді мекенінің маңайында батыр бабаның туғанына 300 жыл толу құрметіне бой көтерген болатын. Онда да Әнуарбек Бимұрзинның қолтаңбасы бар. Кесененің биіктігі 47 метр болса, іргесіндегі Жәнібек батырдың ескерткіші де асқақ, тұғырымен 11 метрге жетті. Бұл архитектуралық ансамбльді толық басқарып бітірген меценат Әнуарбек Бимұрзин десек, одан басқа түрлі жұмыстардың иесі, кәсіпкер Қанат Сүлейменов болды. Ал кесененің сызбасын белгілі сәулетші Шаймұрат Өтепбаев жасады. Сол жолы Семей мемлекеттік педагогикалық институты даңқты қолбасшы Ер Жәнібектің ескерткіш-кесенесінің ашылуына орайластырып «Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі және ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Оған алыс, жақын шетелдерден тарихшы-ғалымдар келіп, баяндамалар жасады.
– Мүсінді Қытай Халық Республикасында жасаттырдық, – дейді Әнуарбек Нұржауұлы. – Олар оны Қытай астанасы Бейжіңнен әрі 300 шақырым жердегі қалада үш айдың ішінде жасап бітті. Қаржылай қолдау көрсеткен Дәулет Тұрлыханов пен Қанат Сүлейменов бауырларым болды. Алайда, еңселі ескерткішті елімізге қарай, шекараға жеткізу көптеген қиыншылықтар туғызды. Осы кезде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзім қол ұшын созған, маған рухани жақын бауырлар көмектескенін айта кеткенім ләзім. Сонда қазақ деген ұлттың ұйымшылдығына, ата-баба дәстүрін сақтауда беріктігіне тәнті болған жайым бар. Баршасына риза көңілімді білдіргім келеді. Оларға Алла қуат берсін. Сондай-ақ, Шыңжаңдағы мал шаруашылығын басқарған Талаш деген ағамызға, Жеңіс атты бауырымызға, тағы да көптеген жанашыр жандарға алғыс айтамын.
Әнуарбек Бимұрзин тек бабалар рухына тағзым етіп, олардың басын көтеріп қана жүрген жоқ. Ол қадари-халінше әр жерде демеушілік жасап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Оған бір мысал, Алматыдағы Ақсай балалар үйіне көрсетілген көмекті айтсақ та болады. Рамазан айы кезінде кәріп-кәсірлерге арнайы ауызашар беру де Әнекеңнің жазылмаған бір борышы іспеттес болып тұратыны рас. Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойы қарсаңында өз қаржысына «Жедел жәрдем» автокөлігін сатып алып, Аягөз орталық ауруханасына үлкен сый жасады.
– «Жедел жәрдем» автокөлігінің сыртына «Нұржау әулетінен тарту» деп жаздырып, кілтін аурухананың басшысына салтанатты түрде табыстадық.
– Бұл сыйлықтың сыры мынада, – дейді кейіпкеріміз. – Біздің әулеттегі Ұлы Отан соғысының ардагері, арамыздан жастай кеткен үлкен ағамыз Жұмабек Нұржауұлы Бимұрзин осы саланың адамы, медик еді. Алматы медицина институтын Ұлы Отан соғысының басталып кетуі кесірінен қысқа мерзімде аяқтап, майданға аттанған ол рота командирі шенінде екі жыл жаумен жан аямай соғысып, 1944 жылдың 21 маусымында Ржев бағытындағы шайқаста қаза болған. Бұл жалғаннан көрер қызығы аз болған ағамыздың о дүниедегі рухы пейіште шалқысын деген абзал ойдан туындаған игі іс Аягөз ауруханасына жедел жәрдем көлігі ретінде жүзеге асты.
Әнекеңнің алдағы жоспарында әйгілі жырау, қолбасшы Ақтамберді Сарыұлының, ту астында тулап өлген Ер Қазымбеттің басын қарайту секілді зор мақсаттары бар. Тіпті, арнайы жасатқан жобалары да дайын. Сондай-ақ, Боранбай би бабамыздың басына соғылып жатқан кешенге де ол демеушілік көрсетіп келе жатыр.
Берікхан ТАЙЖІГІТ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы.
Суретте: Ә.Бимұрзин.