• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Даму банкінің табысы артқан

240 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қа­зақ­станның Даму банкі» АҚ-тың басқарма төрағасы Болат Жәмішев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол банктің өткен жылғы жұмысы жөнінде әңгімелеп, қол жеткізген табыстары туралы айтты. Банк басқармасының төрағасы өткен жылғы бірқатар қаржылық қиындықтарға қарамастан, Қазақ­станның Даму банкі өз міндетін толық атқарумен қатар, біршама жетістікке жеткендеріне тоқталды. «Нақты мысал келтіретін болсам, былтырғы жылы кредиттік портфель мөлшері жоспарланған 943 миллиард теңгеден асып, 1,5 триллион теңгеге жетті. Теңге бағамының әсерін есептемегенде, өсімнің нақты көрсеткіші бұрнағы жылмен салыстырғанда 20 пайызды құрады», деді Б.Жәмішев. Төрағаның сөзіне зер сала қа­расақ, банктің активіндегі кре­диттік портфелі 62 пайыздан 68 пайыз­ға артыпты. «Мұндай жақсы нәти­жеге негізінен былтырғы жылы 42 жобаны жалпы сомасы 280 млрд. теңгеге қаржыландыру тура­лы шешімнің арқасында қол жет­­кіздік. Бұрнағы жылы 226 млрд. тең­гені құрайтын 14 жоба ғана қар­жылан­ды­рылған болатын. Бұ­дан бөлек, былтыр банк 50 мил­лион долларды құрайтын кепіл­демелерді де шығарды», деді ол. Өткен жылы Қазақстанның Даму банкінің шоғырланған таза табысы да артып, 7,9 млрд. теңгені құрапты. «Жыл қорытындысы аясындағы қаржылық нәти­желерге келсек, тұтастай алғанда оң баға­лауға болады. Мысалы, таза шоғырланған табыс 7,9 млрд. тең­ге­ге жетті. Бұл алдын ала белгілі мә­ліметтер, нақты қорытынды аудит нәтижесінде белгілі болады. Таза табыс жалпы сомасы 47,7 млрд. теңгені құрайтын бес жобаның талаптарын құрылымдау нәтижесінде қамтамасыз етілді», деді банк жетекшісі. Спикердің бұл сөзінен аңғар­ғанымыз, аталған бес жоба валю­талық түсімдерден тұрады. Сон­дықтан, валюталық бағам өзгеріс­теріне орай жобаларға қатысты талаптар шетелдік валютадан ұлттық валютаға алмастырылған. Тұтастай алғанда, мұндай қадам қар­жылық нәтижелерде оң жетіс­тіктерді қамтыған сияқты. Баспасөз мәслихаты барысында банктің басқарма төрағасы ағымдағы жылы автонесие бағ­дарламасына 26 млрд. теңге жұмсау көзделіп отырғанын да айтты. Оның сөзіне қарағанда, былтырғы жылы автонесие бағытында 15 млрд. теңге бөлінген екен. Бұған қосымша 4 млрд. теңге «БРК лизинг» арқылы қарастырылыпты. «Лизинг бойынша 4 млрд. теңге толығымен игерілді. Ал 15 млрд. теңгенің тек 87 пайызы ғана орындалды. Бұған себеп, жыл соңына таман девальвация қарқыны үдеп, соның салдарынан сұраныс та күрт түсіп кетті», деді Б.Жәмішев. Оның келесі келтірген мәлі­метіне қарағанда, биылғы жыл­дың басында автонесие бойынша қосымша 11 млрд. теңге бөлініпті. Мұнымен бірге, ҚДБ автонесие саласында алдағы жұмыстарды ай­қындау бойынша Үкіметпен бір­лесе белсенді жұмысқа кірісіпті. «8 қаңтардан бастап осы бағытқа қосым­ша 11 млрд. теңгені бағыт­тадық. Осы­лайша, тұтастай алған­да автонесие бағ­дарламасына 26 млрд. теңге қарас­тырылып отыр. Қазіргі уақытта банктер­мен, авто­өнді­рушілермен бірлесіп, қаражатты тиім­ді әрі нәтижелі пайдалану мәсе­лесін қарастырып жатырмыз. Тұтас­тай алғанда, елі­мізде автонесие бағдар­ламасына қызығушылық үлкен. Мәсе­лен, биыл­ғы қарастырылған қаражат­тың 12,7 пайызына клиенттерден тап­сы­рыс түсіп отыр», деді басқарма төрағасы. Жеңілдетілген автонесие бе­ру бағ­дарламасы аясында ҚДБ жеке тұл­ға­­лардың 5161 өтінішін қа­нағат­танды­рыпты. Осы жылдың 11 ақпа­нын­дағы мәлімет бойын­ша, Қазақ­станда өнді­рілген авто­кө­ліктерді сатып алуға 16 млрд. 904 млн. теңге жұмсалыпты. Осыны айтқан банк басшысы, алты банк-агент 14,5 млрд. теңгеге нақты 4523 автонесие бергенін тілге тиек етті. «Осы ретте 15 млрд. тең­гені құрайтын Ұлттық қордан бөлін­ген қаражаттың бірінші тран­шы 87 пайызға игеріліп, ха­лық 13 млрд. теңгеге автонесие ал­ған. Биыл бө­лінген 11 млрд. тең­ге көлеміндегі екін­ші транш 12,7 пай­ызға игеріліп,1,4 млрд. теңге автонесие берілді», деді Б.Жәмішев. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».