Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов кеше Атырау жұртшылығы алында тағы бір рет, нақтылай айтқанда, төртінші рет есеп берді. Алдымен айталық, өзін ешкімге мақтаттырмады. Керісінше, есепті кездесуге жиналғандардың сұрағын байыппен тыңдады.
Әкімнің баяндауына тоқталар болсақ, алдымен, ел игілігі үшін іске қосылған жобалардың маңызы тарқатылды. Нақты деректерге тоқталсақ, өңірде өткен жылы индустрияландыру картасымен 10 жоба іске қосылды. Мұның алтауы агроөнеркәсіп кешені саласында екенін ескерсек, табиғатының қаталдығы мен жартылай шөлейттігіне байланысты өркендеуі кенжелеген ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілгені анық байқалады. Әсіресе, былтырдан бері жылына 75 мың құты көкөніс және 370 тонна салат жабатын көкөніс консервілеу, бір жылда 7,2 мың тонна ет өңдейтін цехтар жұмысын жандандыра бастады. Бұдан бөлек, «Атырау-Бөдене» серіктестігі жылына 2,6 млн.дана жұмыртқа және 2,4 тонна бөдене етін өңдейтін фермасын іске қосты. Көп жылдар бойы ауылдағы әр отбасының қорасында текшелеп жиналып, кейін өртелетін, не шіріп-тозатын түйе мен қой жүнінің тиісінше 100 және 350 тоннасын өңдеп, олардан сапалы 400 мың метр шұға мен жамылғы көрпе дайындайтын тоқыма фабрикасының маңызы айрықша артқалы тұр қазір.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы да кәсіпкерліктің кең қанат жаюына қолайлы салаға айнала бастады. Басқасын айтпағанда, тек соңғы үш жылдың өзінде аталған салада 18 кәсіпорын ашылыпты. Сиыр және ешкі сүтін, шұбат пен қымыз өндіретін төрт сүт зауытының жылдық қуаты – 16 мың тонна сүт өнімдері. 160 тонна бекіре етін және 2 тонна қара уылдырық өндіретін екі балық зауыты және бар. Кәсіпкерлер 12 млн. дана құтыдағы етті де шығарады. Ал екі ет комбинатында өңделетін өнім 7,7 мың тоннаны құраса, қос құс фабрикасында шығарылатын жұмыртқаның жалпы көлемі 92 млн. данаға жеткелі отыр.
«Агробизнес-2020» деген керемет бағдарлама бар, –деді осы орайда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. «Сыбаға» бағыты бойынша шаруаларға ірі қара, «Құлан» бойынша жылқы, «Алтын асық» бойынша қой сатып алып береді. Екі жыл каникулы бар. Оған қоса, малды асылдандырсаңыз, ірі қараға 18 мың теңге, қойға 1,5 мың теңге субсидия береді. Былтыр осы бағдарламаны пайдаланып шаруалар 624 сиыр, 944 жылқы, 3821 қой сатып алған. Бағдарлама жалпы облыс бойынша орындалғанымен, Исатай ауданы ғана барлық бағытқа толық қатысып отыр. Облыста 16 асыл тұқымды мал шаруашылығы бар.
Атырауда егін шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлініп отырғанына мына деректер дәлел бола алады. Бұрын көкөніс пен бақша дақылдарын өсіретін егістік көлемі 357 гектардан аспаған болса, былтыр 6,8 мың гектарға ұлғайды. Енді биыл картопты 2 000 гектарға, бақша дақылдарын 1 015 гектарға, көкөністі 2 490 гектарға егу жоспарланыпты. Бұл орайда, әсіресе, тамшылатып суару әдісінің тиімділігі байқалады. Қазір бұл әдісті Атырау қаласының, Индер, Құрманғазы мен Махамбет аудандарының шаруагерлері кеңінен қолданады. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін жылыжайда өсіруге де құлшыныс танытқандар былтыр 2 гектар жылыжайды іске қосыпты.
Рас, Атырау – бұрыннан мұнай-газ өнеркәсібі қарқынды дамыған өңір. Бұл салаға құйылатын инвестицияның да үлесі басым. Қазір бұл салада іске асырылып жатқан тың жобалар жетерлік. Өзі де осы саланың қатардағы мұнайшысынан министр дәрежесіне дейінгі баспалдақтан өткен әкім өңірді мұнай-газ өнеркәсібі саласына тәуелділіктен арылту үшін кономиканың өзге буындарын дамытуға көңіл бөлді. Сөйтіп, өңір тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатымен тек Атырау қаласында емес, аудандарда да тұрғын үй салуды қолға алды. Бұрынғы кезді айтпағанның өзінде соңғы 25 жылдың ішінде кездеспеген жаңалық – аудан орталықтарынан 600 пәтер тапсырылды.
Халықты газбен қамтудағы ең үлкен жоба, тәуекелге бел байлап кіріскен жұмысымыз – Азғыр өңіріне газ құбырын жүргізу қолға алынды. Сол өңірдің 10 ауылында 8 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Бұл жұмыс Елбасымыздың шекара маңындағы ауылдарды дамыту жөнінде берген тапсырмасына сәйкес жасалуда, деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Әкім өңір кәсіпкерлерін жақсы істі бастауға шақырды. Бұл –ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларда тәрбиелеу үшін қамқоршы ата-аналарға бір пәтерлі 10 үй салу. «Бұл әлеуметтік жобаны «Жанашыр» деп атайық. Бесікті ауылынан 6 гектар жер белгіленді. Он кәсіпкер Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 200 шаршы метрлік бір-бір үйден салып берсе, облыстағы балалар үйін жабамыз. Бұл жобаны мемлекет де қаржыландыра алады. Кәсіпкерлерді әлеуметтік мәселеге қайырымдылық жасауға шақырамын», деген кей саладағы кемшіліктерді де айналып өтпеді. Мәселен, туберкулез дерті мен ана өлімінің кездесіп отырғанына тоқталды.
Бұдан соң Б.Ізмұхамбетов жұртшылық тарапынан қойылған сұрақтардың әрқайсысына жеке-жеке жауап берді. Көпшілігі ауыз су, көше жолы мен жарығы турасында қойылды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.