• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2016

Жастығымның жалыны қалған жылдар

455 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта мен ұлт мұраты жолында ғұмыр бойы жан аямай қызмет етіп келе жатқан Мырзатай Жолдасбековтің күреске, ғибратқа, қызықтарға толы өмірі туралы сыр-сұхбатқа құрылған жаңа роман жазу үстіндемін. Бүгін сол кітаптан Мырзекеңнің Талдықорған педагогикалық институтында ректор болған жылдары туралы сыр шертетін үзіндіні «Егемен Қазақстан» газеті арқылы көпшілікке ұсынуды жөн көрдім.

Автор.

Автор: Мырзеке, Талдықорған педагогикалық институтын басқарған жылдар сіздің өміріңіздің ең бір шуақты, жемісті кезеңі болғанын, ол жылдар сізді азаматтық үлкен биіктерге көтергенін, ұйымдастырушылық, қайраткерлік қасиеттеріңізді қалыптастырғанын білеміз. Бұл жылдар сіздің бойыңыздағы қоғамымызға, ұлтымызға қажет асыл қасиеттерді ашып қана қойған жоқ, соларды шыңдай түсті, сіз үшін үлкен өмір мектебі болды деп ойлаймын. Мырзатай: Дұрыс айтасың, Болат. Талдықорғанда менің өмірімнің ең бір қызықты кезеңі өтті. Жанып тұрған кезім ғой. Күні-түні ойлайтынымыз жұмыс еді. Талдықорған менің әрі басшы әрі азамат ретінде толысуымның үлкен баспалдағы, мектебі болды. Бағыма ылғи жақсы адамдар жолықты. Олардан да алған тәлім-тәрбием, өнегем аз болған жоқ. Талдықорған педагогикалық инс­титуты ол кезде енді ғана апыл-тапыл басқан сәби сияқты жас оқу орны еді, материалдық базасын қалай жақ­сартамын, білім беру сапасын қалай арттырамын деп барымды салдым. Жатсам-тұрсам соны ойлап, тыным таппадым. Автор: Мен ол жылдарда газет қызметімен Талдықорғанда болған едім. Жасыл желек жамылған, шағындау ғана, көрікті қала еді. Мырзекең: Иә. Алматыдан таяқ тастам жерде тұрса да, мен соған дейін Талдықорғанға бармаған екенмін. Ұмытпасам, халқының саны 110 мың-ақ еді. Көшелері тап-таза, мәшине де аз, үріп ауызға салғандай, өзің айтқандай, жап-жасыл қала екен. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаев мені бірден қабылдап, көп ақыл-кеңес беріп, жұмысыма табыс тіледі. Өзі тұратын үйдің екінші қаба­тынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Талдықорғанға 1977 жылдың қаңтар айында көшіп бардым. Обкомның бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаев аға өте бір ши­рақ, мемлекеттің жұмысына жанын салатын, талап ететін, ондайда кейде қаталдығы да болатын, әркімді еңбегіне қарай бағалайтын, кісілігі мол, кеудемсоқтығы жоқ, қарамағын­дағыларға әділеттілікпен қарауға тыры­сатын азамат еді. Мені келген бойда, алғашқы Пленумда обком­ның мүшесі етіп, кезекті сессияда облыс­тық советтің депутаты етіп сайлат­тырды. Үлкен жиындарда, бюро мү­шесі болмасам да, обкомның бюро мүшелерімен трибунада қатар отыра­тынмын. Парадтарда обком мүше­лерімен қатар трибунада тұратынмын. Соның бәрін жұрт менің беделімді сезінсін, басынбасын деген ниетпен істегені анық. Талдықорғанға барғанға дейін Жетісу ақындарының көшбасшысы Сүйінбай туралы, оның ұстазы, наға­шысы, халқымыз Қабан жырау деп атап кеткен Қабылиса туралы, Жамбыл жырға қосатын Өте­ген батыр туралы жазған едім. Өзі де, сөзі де сұлу, дастарқаны ажарлы, көргенді, береке дарыған кісі еді. Аз уақыттың ішінде-ақ Тал­ дықорған менің туып-өскен қаламдай болып кетті. Көп адамдармен таныстық. Солардың ішінде облыс мекемелерінің басшылары да, сол өңірге қадірлі ел ағалары да аз болған жоқ. Олардың бірі – Көкшетаудан, бірі – Семейден, бірі – Талдықорғаннан, бірі – Жамбыл облысынан. Әрқайсысы әр жақтан. Бәрінің жасы менен үлкен. Университеттен кейінгі менің екінші университетім осы кісілер болды. Бәрі де жандары жайсаң, қызметке, Отанына адал, жұмысына шын берілген, бауырмал, кіршіксіз таза жандар еді. Көкейлерінде ақша, дүние емес, елдің амандығы, ұрпақтың келешегі тұратын. Қызмет барысында мен ол кісілердің қамқорлығын көп көрдім. Мәселен, облыстағы бүкіл қаражат, лимиттер, ақша, білім саласына бөлінетін қаржы Мүсіреп Есенжанов ағаның (Еркін Әуелбековтің немере ағасы) қолында болды. Туған інісіндей емін-еркін кіріп барушы едім алдына. Орайын келтіріп, мәселемді шешіп беретін. Ол кісінің полковник шені бар еді. Үйіне барғанда төрінде әскери фуражкасы мен ордендері қадалған әскери кителі ілулі тұрады. Мен келген бойда оны киіп алатынмын. Отырғандарға «встать!» деп команда беремін. «Ойбай, ойбай, полковник келді» деп бәрі тұрып, маған «честь» беретін. Қандай кеңдік. Бәрі де менің көңілімді жықпай, еркелігімді көтеріп жүретін. Автор: Онда әңгімеміздің екінші саласына ойысайық. Мырзеке, мен 1974-1987 жылдарда он үш жылдан аса Қазақстанның Білім министрі болған, республикамыздағы білім беру саласын дамытуға, жақсартуға үлкен үлес қосқан Қажахмет Балахметов ағамыздың сол жылдар туралы, сіз туралы жазған, «М. Жолдасбеков туралы» деген кітапшасын оқып шықтым. Онда өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарындағы жағдай айтылады екен. «Міне, сол жылдарда Целиноград, Павлодар, Көкшетау, Талдықорған, Арқалық, Жезқазған педагогикалық институттары ашылды. Ал Қарағанды, Қостанай, Петропавл қалаларындағы мұғалімдер институттары педа­го­гикалық институттарға айналдырылды. Сондай-ақ, педагогикалық орта білім беретін оқу мекемелерінің – техникумдардың да саны арттырылды», – деп жазыпты сол кездегі министр Балахметов. Мырзатай: Ол жылдарда Кеңес Одағында барлық мәселе тек орталық арқылы шешілетін еді ғой. Одақтық қаржы министрлігінің, СССР Мем­лекеттік жоспарлау комитетінің келісімінсіз республикалар бірде-бір ірі объекті сала алмайтын. Сондықтан жоғары немесе орта арнаулы оқу орындарын тезірек ашу керек болғанда республикалық білім министрлігі өз қарауындағы жаңадан салынған мектептердің бірінің ғимаратын соларға беретін. Мәселен, Көкшетау педагогикалық институтын ашу керек болғанда оған 520 орындық жаңа мектеп ғимараты берілгенін жазады министр өзінің кітапшасында. Талдықорған педагогикалық инс­титуты да дәл солай 1973 жылы қаланың орталық ауданында салынған шағындау мектеп ғимаратында ашыл­ған екен. 1977 жылы мен келгенде аудитория, кабинеттер жетіспей, студенттерді оқыту қиындап қалыпты. Осы жағдайды көрген соң келе сала облыстық партия комитеті мен атқару комитетінің, жоспарлау комитетінің алдына мәселе қойып, тез арада кең, 960 орындық жаңа мектеп үйін салатын болып келістік. Өйткені, жоғары оқу орнына деп арнайы ғимарат салу қияметтің қиыны еді. Әуелі оның жобасын жасау керек, оны Одақ бекітетін. Мұның өзі бірнеше жылға созылушы еді. Сондықтан, материалдық базаны тезірек шешудің жолы – жоғары оқу орнына ыңғайлауға болатындай етіп үлкен, жаңа мектеп ғимаратын салу еді. Сөйтіп, сырт көрінісі қалаға көрік бере түсетіндей әдемі, ал ішіндегі ауди­тория­лары, оқу кабинеттері мен лабораториялары жоғары оқу орнының талаптарына сай, оған қоса лайықты үлкен акті залы, спорт залы бар институттың жаңа ғимараты бір жыл ішінде салынып бітіп, пайдалануға берілді. Алдыңғы жағына, төбесіне алыстан көзге түсетіндей етіліп «Талдықорған педагогикалық институты» деген сөздер жазылды. Жаңа корпустың ойдағыдай болып шығуына, ішкі-сыртқы темір-бетон конструкцияларын лайықты етіп әзірлеуге Талдықорған темір-бетон зауытының директоры Ендібаев Жолдыбай көмек көрсетіп, көп нәрсені жасап берді. Мәскеуге ректор болып бекуге барғанымда одақтық министрліктің Оқу орындары басқармасының бастығы, коллегия мүшесі Розов Валерий Константинович деген кісімен танысқан едім. Өзі денелі, ұзын бойлы, алып, батыр сияқты адам еді. Ара қатынасымыз жақсы болды. «Валерий Константинович, мен Кеңес Одағындағы ең жас ректормын ғой, тәжірибе жинауым керек» дегенімде «Киевтің пединституты жақсы» деп Киевке жіберген. Тағы бір барғанымда жақсы деп Тамбовқа жіберді. Сосын Киевпен және Тамбовпен жылына он студент жіберіп оқытатын болып келістім ғой. Полтаваның пединститутын мақтап, олармен де келістім. Жастарымызды осылай институттағы жылдарының ішінде дүниетанымы кең болып, мамандықтарын терең меңгерсін деп, ара-арасында жан-жақта оқыттым. Сол кезде «Мәскеу – Талдықорған» деген тіке рейс бар еді. Розовты бір жолы қонаққа шақырғанымда, көңілімді қалдырмай, «Жарайды, ешкімге айтпа» деп, жеке өзі келіп кеткен. Бірер күн қыдыртып, дем алдырып, әбден риза қылып жібергенмін. Кейін Мәскеуге барғанымда «Слушай, я у тебя был, давай ко мне» деп үйіне шақырды. 60-қа толып жатқан кезі еді. Сыйлықпен бардым. Сөйтсем, жиналғандар өзінің жақын достары екен. «Жизнь замечательных людей» деген кітаптар серия­сы бар еді ғой, соның мұқабасын жасатыпты, ішінде түк жоқ, достарының тілектері ғана. Соны кәдімгі кітап сияқты етіп, баспаханада бастырып, сыртына «Жизнь замечательных людей. Розов В. К.» деп алып келіпті. Артынан соны көрсетіп, күлді маған. Сол алғашқы жылдардың өзінде студенттердің барлығын жатақханамен толық қамтамасыз етуге қол жеткіздік. Автор: Ол мәселені қалай шеш­тіңіздер? Мырзатай: Қала басшылығымен қарым-қатынасымның жақсы бол­ғанын пайдаланып, жыл сайын келесі жылғы жоспарға, қала сметасына студенттерге арналған жаңа жатақхананың құрылысын енгізіп отырдым. Институттың жаңа корпусы, жатақханалар салынып біткенше менде күні-түні ешбір тыным болған жоқ. Сөйтіп, үш жыл ішінде бұл мәселе толығынан шешілді. Ректор болып келгеннен кейін жағдайды бажайлап қарасам, инс­титутқа оқуға келетін адам шамалы екен. Сондықтан облыстық оқу бөлімімен бірігіп, бүкіл аудандық оқу бөлімдерін, мектеп директорларын, бәрін жұмылдырып, педагогикалық институттың ыңғайына келтіріп алдым. Мектеп бітіретін ұл-қыздардың ең мықтыларына «Сендер патриотсыңдар ғой, мынау өздеріңнен кейін өсіп келе жатқан ұрпаққа жақсы білім беруіміз керек, ол үшін институтқа мектепте шын мәнінде мықты оқыған жастарымыз түсуі керек» деп тыңғылықты жүргізген жұмысымыз нәтижелі болып, облыстың оқу бітірген маңдайалды балалары бізге келетін болды. Ондай үгіт-насихат жұмыстарын біз, тіпті, республика деңгейіне дейін шығарып жібердік. Автор: Мырзеке, ұстаздар қауы­мының сапасын жақсарту мәселесін қалай шештіңіз? Мырзатай: Ол кезде ғылым кандидаты, ғылым докторы деген атағы барлар өте аз. Сондықтан институтқа білімді, баянды ұстаз болатын жас кадрларды өзіміз даярлауымыз қажет деген ойға келдім. Сөйтіп, бір кезде өзім оқыған, қызмет істеген ҚазГУ-ді үздік бітірген жастарды қызметке ала бастадым. Бір-екі жыл істеген соң оларға стажировка бердім, артынан үш жыл аспирантурада оқып, кандидаттық атақ алуына жағдай жасадым. Оның ар жағында докторантураға түсуіне жол аштым. Олардың тұрғын үй мәселесі де шешіліп тұрды. Студенттерді жатақханамен жүз пайыз қамтамасыз еттік. Мұндай көрсеткіш ол кезде ешбір жоғары оқу орнында болған жоқ. Осылардың барлығына жәрдем берген сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаевқа, атқару комитетінің төрағасы Тимофей Курганскийге өмір бойы ризамын. Декандар сабаққа келмейтін, үлгер­­мейтіннің бәрін жатақханадан шығарамын деп қоқаңдайтын. Шығарт­падым. «Үй­ре­тіңдер. Оқытыңдар. Сен сол үшін отырсың. Сту­дентті жатақханадан шығарамын дегенің «өзіңді отырған пәтеріңнен қуып шыға­мын» дегенмен бірдей. Сонда балаларды қайда қаңғыртасыңдар? Балалар­ды қаңғыртпаңдар, мен біреуін де шығарт­паймын» деп рұқсат бермедім. Жатақхананы өзім аралайтынмын. Және айтпай келемін. Мен айтпай, аяқ астынан келемін. Аралап шығамын. Сосын ең таза бөлмеде отырамыз. Домбыраны аламын. Әнді саламын. Қыздардың шайын ішемін. Балалардың да бәрі сол жерге жиналады. Студенттердің көбінің атын да білемін. Балалар бұған мәз. Сол жерде әңгіме айтамын. «Неден кемсіңдер сендер. Он екі мүшең сау. Құдай оның бетін әрмен қылсын, жерде жорғалап, құмырсқа сияқты жүрген адамдар бар. Екі қолы жоқ кемтарлар, көзі жоқ зағиптар бар. Құдай бәрін беріп тұр ғой сендерге. Неге осыны пайдаланбайсыңдар?» деймін. Жаңағыдай сөздердің де әсерінен келе-келе балалардың бәрі үлгеріп кетті. Түгел үлгерді... Осылай жатақханаға жиі-жиі барып тұруым маған студенттерді, студенттерге мені жақынырақ тануға мүмкіндік берді. Автор: Мырзеке, өзіңіз ректор болып барғаннан кейін педагогикалық институтта бірнеше жаңа мамандықтар да аштыңыз ғой? Мырзатай: Иә, алғашқы келген бойда-ақ облысқа қандай мамандар жетіспейді екен деп, бір ай бойына зерттедім. Мектеп жасына дейінгі бала тәрбиесі, бастауыш сыныпта оқыту әдістемесі бойынша мамандар жетіспейді екен. Осы саладағы мұғалімдердің, балабақша қызметкерлерінің базалық, жоғары білімі жоқ екен. Тарихшы да, суретші де, кім болса сол береді екен сабақты... Сол кезде мынадай бір тосын жайдың да беті ашылды. Институтта оқитын студенттердің 87 пайызы қыздар. Небір талантты орыстың қыздары жылда оқу бітіреді. Бөлу («распределение») бойынша институт оларды мектептерге мұғалім етіп жібереді. Тәртіп бойынша олар барған жерінде жас маман ретінде үш жыл жұмыс істеуі керек, содан кейін басқа жаққа ауысуға қақысы бар. Бұл тәртіп сақталмайды екен. Үздік дип­ломмен бітірген қыздар қаладағы сантехникке, шопырға, слесарьға тиіп алып, күйеуі «мен сенің заңыңа түкірмеймін де» деп, әйелін ешқайда жібермейді екен. Қалада әскери гарнизон бар. Біздің студент қыздар институтта ұйымдастыратын кештерге әскерилерді шақыруға құмар. Ал, әскериге шыққан қыздар өздерін жіберген мектепке бармайды. Мен, ендеше, бұл мәселені дұрыстап шешейін дедім де, бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру факультетін ашуға бекіндім. Бүкіл Қазақстанда Қарағандыда ғана, бір-ақ жерде, осындай факультет бар екен. Сол Қарағандыға барып, факультет жұмысын үш күн зерттедім. Ұсыныс жасап, «Мына қыздарды күйеусіз қалдырып, өлтіреміз бе, бітірген қыздар жолдама бойынша жіберген жерге бармай жатыр» деп, республикалық мемлекеттік жоспарлау комитетінің бірінші орынбасары Гарай Қалапашович Сағынбаевқа кіріп, түсіндіріп, көндіріп, үш мамандықты бірден ашып келдім. Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру факультетіне әскери міндетін атқарып келген ер балалар ғана түседі. Сөйтіп, институтта әскери міндетін өтеп келген жігіттер қаптады. Қыздар гарнизондағы әскерилерді іздемейтін болды. Ақырында қыздарымыз өзімізді бітірген жігіттерге тұрмысқа шығып, мектептер мұғалімге жарып қалды. Содан соң тағы бір жүзеге асырған ісім обкомның бірінші хатшысы мен облыстық атқару комитеті төрағасының келісімін алып, үлкен кеңес өткіздім. Барлық аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшыларын, атқару комитеттерінің төрағаларын, аудандық оқу бөлімі меңгерушілерін, мектеп директорларын қатыстырдым. Сөйтіп жер-жерде жұмысқа жіберген жас мамандарды түгел пәтермен қамтамасыз еттік. Соның нәтижесінде кадрлар тұрақталды, облыста білім сапасы күрт жақсарды. Біздің бұл тәжірибеміз рес­публикада мақұлданды. Жетісу өңірі ежелден-ақ таланттарға бай ғой. Соларды жинайын, жан-жаққа кетіп қалмасын деп музыка факультетін аштым. «Жетісу» деген ансамбль құрдым. Оның хор, әншілер, бишілер топтары, қазақтың ұлт аспаптары және орыстың халық аспаптары оркестрлері болды. Сол ансамбльдің арқасында біздің музыкалық факультетке өзге облыстардан, бүкіл Қазақстаннан талантты жастар келіп түсті. «Сендер мұнда не үшін келдіңдер?» деп сұраймын ғой. «Ансамбль үшін келдік» дейтін. Автор: Мырзеке, мен бүгінгі әңгімеге дайындалу барысында сіздің күнделіктеріңізден мынадай бір жазбаны тауып алдым. Былай депсіз: «Теледидардан баяғы Талдықорған пед­институтында өзім құрған «Жетісу» ансамблінің концертінен үзінді көрсетілді. Талай сабылған күндер. Алматы мен Талдықорғанның екі ортасын шаң қылған жылдарым, сол ансамбльді құруға үлкен үлес қосқан бауырларым композиторлар Нұрғиса Тілендиевтің, Кенжебек Күмісбековтің, дирижер Алдаберген Мырзабековтың, балетмейстер Дәурен Әбировтің, ақын Қадыр Мырзалиевтің еткен еңбектері, төккен тері есіме түсті. Ансамбльдің музыкасын арнайы – Нұрғиса аға, өлеңін Қадыр жазып, билерін Дәукең қойып еді. Ансамбльдің өзі, оның репертуары қандай керемет еді – дүрілдеп республикаға атағы шықты, талай концерттерге қатысты, бірнеше сапарларға шықты. Ансамбль мүшелерінің негізін Жетісудан, қалғанын Қазақстанның түкпір-түкпірінен жинадық. Бәрі де талантты жастар еді, облысқа, қала берді, республикаға белгілі өнер қайраткерлеріне айналды. Ел-жұрт мо­йындады. Сөйтіп, эстетикалық тәрбие саласындағы үлкен жетістігіміз ретінде танылды. Жап-жас институттың осындай қуанышы төбемізді көкке жеткізді. Ансамбльдің костюмдерін Мәскеуде, Алматыда тіктірдім – керемет әдемі, үйлесімді болатын. Талай рет Алматы теледидарына шақырылып, концерті жазылып, бірнеше рет рес­публика жұртшылығына көрсетілді. 1980 жылы құрылған «Жетісу» ансамблі бертінде Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің ше­ші­мімен әрі жолдамасымен Испанияға сапар шекті. Жетекшісі ретінде мені де бірге жіберді. Кеше архивімді ақтарып отырып сол Испан сапары туралы жазған қысқа жазбаларымды тауып алдым. Әрбір өткізген күні адамның өмірі ғой, зияны болмас деп осы дәптерге көшіруді жөн көрдім,» – депсіз. Мырзатай: Иә, біздің ол барға­нымыз «Достық рейсі» атты Совет жас­тарының Испан еліне тұңғыш сапары екен. Испанияға, Мәскеудегілердің айтуынша бұрын-соңды мұндай делегация бармаса керек. Біздің сол жолғы жауапкершілігіміз де сондықтан өте зор еді. Автор: Кітаптағы ол жазбаларыңыз өте қызықты оқылады. Мадрид универ­ситеттерінің бірінің жатақханасына орна­ласқандарыңыз, ел тарихы, жер тарихы, елді аралап концерт қойғандарыңыз, кездесулер, көрген­деріңіз, білгендеріңіз – бәрі тамаша айтылыпты. Сол сапардағы сіздің ансамбль мүшелерінің туған күндеріне арнаған өлеңдеріңіз, сіздермен бірге барған Ақселеу Сейдімбеков ініңізге айтқан әзіліңіз де жақсы екен. Ол әзіліңіз есіңізде бар ма? Мырзатай: Ақселеу қашанда әде­мілікті қадірлейтін, сөзге шешен, талантты жігіт еді ғой. Әлдеқалай себеппен қолына түскен Құнанбайдың насыбай шақшасын белдігінен өткізіп, ашық ұстап жүретіні де қызық. Сол шақшаны сән-серілікпен қолына алып, анда-санда атып қояды. Бір жолы бізбен кездесуге келгендердің ішінде қараторы, бойшаң, арғымақтай испан қызы да болды. Сыған іспеттес әлгі қыз университеттің студенті екен, жүрісіне қарағанда биші секілді, екі көзі оттай жанады. Соны көріп Ақселеу бәйек болып, жанынан шықпады... Артынан мен Ақселеуге екі шумақ өлең арнадым. Ақселеу, атып жібер насыбайды, Насыбай атпай мауқың басылмайды. Шақшасы Құнанбайдан қалған екен, Иесі оны ешкімнен жасырмайды. Басында жігіттердің қыжым бөрік, Жастар жүр Испанияда ізіме еріп. Апырай, Ақселеудің есі шықты-ау, Испанның қараторы қызын көріп, ­– деген әзілімді тыңдаған қыз-жігіттеріміз ду күлісті. Ағасының әзілін Ақселеудің өзі де күліп, жадырап қарсы алған еді. Автор: Сіз Талдықорғанда ректор болған жылдарда обкомның үш хатшысымен қызмет істестіңіз ғой. Алғашқысы Алыбаев. Ол кісінің басшы ретіндегі және адами жақсы қасиеттері, институтқа да, сізге де жасаған қамқорлықтары туралы біраз айтылды. Одан кейін хатшы болып Тыныбаев келді. Ол кісімен қарым-қатынастарыңыз қалай болды? Мырзатай: Иә, Алыбаевтың орнына Тыныбаев келді. Жайлы, сақ кісі еді. Қызы пединститутта оқыды. Ол кісімен де өне бойы жақсы қарым-қатынаста болдық. Тыныбаев – су шаруашылығының маманы еді, техникум ашамын деп бір тамаша құрылыс салдыра бастады. Базасы керемет жақсы. Гидромелиоративтік техникалық тұрғыдан жабдықталған үлкен ғимараты, жатақханасы, керемет гаражы бар. Тұтас бір қалашық. Біздің институтқа берсе, тынысымыз кеңіп қалар еді-ау деп іштей қызығып жүрдім. Бір-екі рет сипақтап сұрап көріп едім, қимады, жолатпады. Бермейтінін білдім. Бітуге жақын қалғанда Алматыға, Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа келіп, институттың материалдық базасының әлі де төмен екенін айтып, жәрдем сұрадым. «Талдықорғандағы педагогикалық институт ашылғанына біраз бол­ғанмен, жағдайы әлі ойдағыдай емес», – дедім. «Не істеу керек?» – деді Нұрекең. Қалада техникумға деп бір ғимарат салынып жатқанын, соны пединститутқа беруін өтіндім. Нұрекең Шайсұлтан Шаяхметовты шақырып алды. Ол сол кезде Ми­нистрлер Кеңесінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі. – Мырзекең институтқа Тал­дықорғанда техникумға деп салынып жатқан ғимаратты сұрайды. Одан хабарың бар ма? – деді Нұрекең. – Иә, ол биыл бітеді, – деді Шайсұлтан. – Сен, ендеше, Совминнің қау­лысын дайындап, Гребенюктың қолын қойдыр, – деді Нұрекең. Гребенюк – бірінші орынбасары. – Оған кіріп шығыңдар. Мені келісті деп айтыңдар. Қазір өзім звондаймын, – деді де, Гребенюкке телефонмен: – Сізге Талдықорған пединститутының ректоры Жол­дасбеков Шаяхметовпен бірге кіреді. Қабылдаңыз. Қойылып отырған мәселемен мен келісемін, – дегенді айтты. Бұрын білмейді екенмін, сөйтсем, Гребенюктың өзі де талдықорғандық болып шықты, Сарқандтан екен. Талдықорған пединститутының жағдайын жақсарту мәселесіне оң қабақпен қарады. Шайсұлтанға «шешімді дайында» деді ол да. Бірақ сол күні өзі тағы бір жиналысқа кетіп қалып, амал жоқ, Алматыға қонып қалдым. Ертеңіне таңертең қаулыны қолға алып, Талдықорғанға қайттым. Келсем, Талдықорған у-шу. «Совминнің қаулысы шықты, айырылдыңыз ана базадан» деп Тыныбаевқа біреу жеткізіп қойыпты. Оның алдында мен музыкалық факультетке деп орталықтағы тағы бір корпустарды алып алғанмын ғой. Үйге бармай, бірден жұмысқа келсем, хатшы қызым Саша Гончарук: – Мырзатай Жолдасбекович, сізді бірінші хатшы іздеп жатыр. Қайда екеніңізді біз ешкімге айтқан жоқпыз, – деді. – Сен онда біріншінің қабылдау бөлмесіне телефон соғып, «Қазір сіздерге бара жатыр» деп айт, – дедім Сашаға. Келсем, ана кісі бюроны жинап қойыпты. Бұрын сәлемі жақсы кісі ғой. «Иә, Мырзатай, қалайсың» деп тұратын адам. Аңқылдаған ақкөңіл. «Әубәкір Әлиевич, іздепсіз» деп жетіп келдім. Біліп отырғанын сездім. Қаулы қолымда ғой. – Бұл не деген сұмдық! Бұл қалай өзі? Жолдасбеков жарты қаланы алып алды деп жүр жұрт. Ол аз болғандай, менің салдырып жатқан гидромелиоративтік техникумымның да ғимаратын түгелімен алып қойды, – деді. Бюро мүшелері үндемей отыр. – Ал, қане, баянда қалай болғанын, – деді. – Маған өзіме ештеңенің керегі жоқ, Әубәкір Әлиевич, институттың базасын нығайтамын, оны еліміздегі алдыңғы қатарлы институт жасаймын деген әрекет қой. Неге ашуланасыз, қуанбайсыз ба қайта? – дедім. – Мен техникум ашайын, мына өңірді суландырайын деп жүрген жоқпын ба? Қалай болды бұл өзі? – деп ренжіді. Үндемедім. Тыныбаевтың жақсы қасиеті – кекшіл емес еді. Артынан бәрі басылды. Қарым-қатынасымыз да оңалды. Келе-келе, тіпті, ағалы-інілі болып кеттік. Алдында, орайы келген бір сәтте ол кісіге домбыра сыйламақ болған едім. Айтулы домбыра еді. «Ойбай, жұрт сөз қылады» деп алмай қойған. Қызметтен босап, кетерінде «Мырзатайдың берем деген домбырасы бар еді» деп, шопырын жіберіпті. Беріп жібердім. Өзгеріп жатқан өмір ғой. 1983 жы­лы обкомға бірінші хатшы болып Сақан Құсайынов келді. Оның алдында Торғай обкомының бірінші хатшысы болып жүргенде Социалистік Еңбек Ері атанған. Жасы 66-ға келген, зейнет жасынан асып кеткен адам еді (ол уақытта ер адамдар 58 жастан бастап зейнетке шығатын – автор). Актив өткізді. Оған «Алтын жұлдызын» тағып келіп, «бәріміз бірігіп жұмысты жақсы істейік, сіздер маған енді екінші жұлдызды алуға көмектесіңіздер» деген сөздерді айтты. Институтта болып, жағдаймен танысты. Кеңес Одағының жоғары оқу орындары арасындағы ауыспалы Қызыл Ту бізде болатын. Сол кезде Мәскеуден, КПСС Орталық Комитетінің лекторлар тобынан екі адам келді. Бірі – сектор меңгерушісі, бірі – нұсқаушы. Бұған дейін Талдықорғанға ондай дәрежедегі адамдар келмеген екен. Басшылардың бәрінің жаны қалмады. Қонақтарды Қапалдағы санаторийге жатқызды. Біздің институттың «Жетісу» ансамблі сонда барып, концерт берді. Обкомда бұрын Орталық партия комитетінде қызмет атқарып, ысылған Өмірбаева Күмісжан деген келіншек идеология жөніндегі хатшы болып істейтін. Жас болғанымен білімді, өткір, алғыр еді. Қонақтарды ылғи сол кісі алып жүретін. Олар Мәскеуге қайтарында обкомда болып, бірінші хатшыға: «Сіздерде өмірге деген көзқарастары кең, білікті, жұмысқа берілген, өз істерін жақсы білетін, жандары таза, тамаша адамдар жұмыс істейді екен» деп, Күмісжанның, менің атымды атап, жылы сөздер айтыпты. Сақан Құсайынов сонда: «Иә, бізде осындай адамдар істейді, мен де институтта болғанмын, ректордың жақсы істерін біздер үнемі қолдап отырамыз» деп біраз қолпаштаса керек. Сөйтіп жүргенде, біраз уақыттан кейін, арамызға сайтан кірді. Бірінші хатшының маған деген көзқарасы күрт өзгерді. Содан бір күні мынадай жағдай болды. Ол кезде студенттер бір ай ауыл шаруашылық жұмыстарына көмекке жіберілетін. Тамыздың 25-інде жинап, түгендеп, тізімдеп жіберетінбіз. Ол жөнінде Орталық Комитеттің, Совминнің, Қазсовпрофтың қаулысы болатын. Сол қаулы бойынша қыркүйектің бірінен аяғына дейін студенттер ауыл шаруашылығы жұмыстарында болады. Мен оны бұлжытпай орындайтынмын. Ал студенттер сабаққа бір күн кешіксе менің мазам кетеді. Бұл жолы студенттерімізді уақытында қайтармады. Мен енді бірден Орталық Комитеттің хатшысына шықпаймын ғой, бер жағында жетекшілеріміз, кураторларымыз бар. Соларға айтумен болдым. «Жарайды, жарайды, шешемізбен» қазанның жетісі болып кетті. Серғазы Құрмашевич Беспаев деген кісі Панфилов ауданының бірінші хатшысы еді, тамаша адам. «Секе, мен автобустарымды дайындаймын, балалардың ақшасын төлей беріңіз, ертең оларды алып кетемін» деп хабарластым ол кісіге. – Ойбай-ау, жұмыс бітпей жатыр еді, жауын жауып кетеді, тағы біраз болсаңыздаршы, – деп өтінді. – Болмайды, Секе. Сабақты қазанның бірінде бастауымыз керек еді, студенттер онсыз да кешікті, – дедім. Содан ол «Мырзекең студенттерді алып кетемін деп жатыр» деп обкомның бірінші хатшысына шығыпты. – Сен өзің кімсің? Ойыңа келгенді неге істейсің? – деп Құсайынов маған телефон соқты. – Мен не істеппін? – Студенттерді алып кетемін депсің ғой. – Иә, алып кетемін. Студент жүгері жинаушы емес қой, ол оқуы, білім алуы керек. – Тұра тұр, оны біз шешеміз. – Жоқ, мен шешемін. Менің қолым­да Орталық Комитеттің, Совмин, Қазсов­профтың қаулысы бар. Сіз онда қаулыны қайта шығартыңыз, – деп едім, боқтап жіберді. Мен айтқан сөздерін өзіне қайтардым. «Қолы­ңыздан келгенін істеңіз» дедім. Өзім де ол кісінің жазықсыз түрткілеуінен де, мазасыздығынан да шаршап, кеткім келіп жүрген. Бұрынғы бұрынғы ма, содан кейін мені нағыз қудалау басталды. Көп кешікпей тұңғыш қызым Ғайни облыстық милиция бастығы, генерал Әбді­қадыр Болсамбековтың баласы Ниязға тұр­мысқа шықты. Біз қыз ұзатып, олар келін түсіріп, той жасадық. Екеуміз және бір үйдеміз, бір есіктен кіріп-шығамыз. Олардың келімді-кетімді адамы бар, бізге де құтты болсын айтып келетіндер бар. Жасыратыны жоқ, бір ай тойладық, созылып кетті. Бір күні облыстық активте мен қалғып кетіппін. Ана кісі баяндама жасап тұр. Мен облыстық КГБ-ның бастығы Хамит Шоқалақов ағайдың қасында отырамын. Екінші қатарда. Түртіп қалды. Хатшы лупа сияқты көзілдірік киетін еді, бадырайып маған қарап: «Ректордың ұйқысы қансын, сосын жалғастырамын» деп тұр екен. Орнымнан тұрып, кешірім сұрадым. «Институт аумағын арамшөп басып кеткен, оны ректор тазартайын демейді, тазалайтын адамды табамыз» деп қалды. Актив біткен соң мен кірдім, қабылдамады. «Әкесі Құсайынның салдырып берген обкомы емес бұл. Мен партия мүшесімін. Қабылдасын» дедім. Қабылдады. – Жасыңыз үлкен ағасыз, айтатын сөзіңізді осы жерде айтпайсыз ба маған. Жұрттың алдында сонша мұқатқаныңыз не қылғаныңыз, – дедім. – Қой партбилетті мына жерге, – деді. – Партбилетті мен сізден алған жоқпын. Керек болып жатса Қонаевқа тапсырамын, – дедім. Сөйтіп біраз жерге барыстық. Менің құдаммен аралары жақсы еді, екеуі Торғайда бірге істеген. Әбекеңмен ақылдаса алмадым. Ашу деген қысып, қинап, теріме сыймадым. «Сізді айдап салушылар бар. Келген кезде жақсы едіңіз, жақсы сөздеріңіз бар еді айтқан» деп едім, «онда шаруаң болмасын» деді. «Мен билетті Қонаевқа тапсырамын. Бүгін жүремін» дедім. Қорқып кетті. «Әй, сенің сондайың бар ма, ондай емес едің ғой. Әбекеңе айтамын, құдаңа» деді. «Айта беріңіз» дедім. Әбекең қабылдау бөлмесінде отыр екен, «Мырзеке, Мырзеке» деп еді, құдамды тыңдамай кетіп қалдым. Содан кейін Құсайыновпен арамыз мүлде суып кетті. Менің артыма шам алып түсті. Көктем келді. Ақсу жағында, Бөр­літөбе ауданына бұрылатын тұста аймаққа суғару жүйесін жасаймыз деп, облыс басшысы аудандардың бірінші хатшыларымен жиналыс өткізеді. Түскі дәм үстінде әңгімеден әңгіме шығып, Құсайынов жиналғандарға: «Наш ректор влип» депті. Бірінші хатшылардың бәрімен жақсымын, әлгілер «Не болды? Не болды?» деп абыржып қалысыпты. Сондағысы: Зылиха Тамшыбаеваның совхозына студенттер қызылша теруге барғанда менің деканым Когай бір рет студенттерге: «Бүгін жалпы жиналыс өткізейік, тапқан табысымызға факультетте стенд жасайық» деген көрінеді. Содан кәсіподақпен бірлесіп шешім қабылдайды. Оны мен білмеймін. Соны бұрмалап әкеліп, студенттерге берілген ақшаны әртүрлі жолмен Жолдасбеков өзі алып қояды деп милицияға, қаланың, облыстың прокуратурасына тапсырма берген. Менен бастап студенттерге дейін бәріміз бір ай тексерістен өттік. Тексерушілердің кейбірінің маған жаны ашиды. «Әйтеуір бір нәрсе табыңдар. Жоқ емес, бар. Табыңдар» деп жанымызды шығарып жатыр дегенді айтады. Содан ешнәрсе таппаса да, ананы-мынаны құрастырып, менің үстімнен рес­публикалық прокуратураға материал жібертіпті. Олар оны республикалық парт­комиссияға жолдайды. Сондағы мақсаты – мені жұмыстан босату. Жүйкем тозып, басым қатты. Алматыға тарттым, Нұрекеңе кірдім. Болып жатқан әңгімені баяндадым. «Өзің тазасың ба?» «Иә». «Онда қорықпа» деді. Таңертең жұмыста отырмын. Құдам звондайды «Қайдасың?» деп. «Жұмыстамын». «Бір жаққа бардың ба?» «Жоқ». «Мен милициямын ғой. Мені алдай алмайсың. Алматыға бардың ғой» деді. «Бардым. Көріп жүрсіз ғой. Маған күн бермей жатыр. Мен қарап отырамын ба, Нұрекеңе кірдім, Димекеңе айтыңыз дедім. Мен нақақтан нақақ қор болып кетпейін, түрі жаман,» – дедім. Содан бәрібір тыныштала ал­мадым. Еш кінәм болмаса да, үстім­нен жасалған жалған қағаздар респуб­ликалық парткомиссияға түскенін есті­дім. Ондағылардың қандай шешім қабылдары белгісіз. Ертеңіне Өмірбек ағаға звондадым. ҚазГУ-дың ректоры ғой. «Давай кел, мен Максимовты шақырып қоямын үйге» деді. Максимов – генерал, Орта Азия әскери округінің бұрынғы командующийі. Бүгінде Қазақстан компартиясының парткомиссия төрағасы. Оның әйелі мен ҚазГУ-де декан болғанымда қарамағымда істеген. Келсем, екеуі де ағаның үйінде отыр. «Қане, уақытты босқа өткізбейік, баян­да» деді. Бәрін айттым. Сөйтсем, республикалық прокуратура саусақтан сорған бірдеңелерді, студенттерді, Когайды жазып, парткомиссияға беріпті. Өмекең: «Иә, сонымен қалай?» деп еді, Максимов: «Ол іс бізде жатыр. Жақында алдық. Құлағынан тартып келтірген, түкке тұрмайтын нәрселер. Ал егер қажет болып жатса, іске асырып, пайдалануға да болады» деді. Өмекең ха-ха-халап күлді. Содан соң: «Сіз ондай адам емессіз ғой. Мырзатай адал адам, білесіз ғой» деді. «Менің оған ешқандай күмәнім жоқ. Сондықтан ешнәрсе болмайды. Алаңдамаңыздар» деді Максимов. Ертеңінде бұл істі парткомиссия қарайды. Нәтижесін облысқа жібереді. Кешке қарай мені Құсайынов шақырады. Сөйтсем, Орталық Комитеттегі өзінің таныстары «парткомиссия қарады, ешнәрсе тапқан жоқ, мәселе жабылды» деп хабарлапты. Шақырған соң обкомға келдім. – Сен не істедің, қайда болдың? – деді маған. – Сақан Құсайынович, не айтып отырсыз, түсінбедім, – дедім. – Сен Алматыға барыпсың ғой. – Алматыға шығуға болмайды деген шешім бар ма? – Жоқ. Мәселе онда емес. Бірақ сен әр жолғы баратыныңды бізбен келісуің керек. – Мен бөлім меңгерушімен келіс­кенмін, – дедім. Обкомда бөлім басшысы Сәрсенбаева дейтін кісі еді. Жаны қалмайтын. Бәрін өзі көріп, біліп жүр. «Әңгіме шиеленісіп барады. Барып келейін» дегенімде: «Барсаңыз барып қайтыңыз» деген. Сол үшін оны жұмыстан шығарып жіберді. Кейін ол Алматыда балалар үйінің директоры болып қызмет істеді. Жылда жазда Димекең облыстарды аралайтын еді ғой. Актив өткізетін. Жазда Димекең келді. Нұрекең бірге келді. Ол кезде мен Ілияс Жансүгіровтің музейін ашқанмын. Ол үшін көп жұмыстар істелген еді. Халқына, ұлтына жан аямай қызмет еткен, тамаша шығармалар жазған, жазықсыз құрбан болған Ілияс Жансүгіровтің есімін жас ұрпақ біліп өссін деген оймен институтқа да ол кісінің атын бергізгенмін. Музейді жұрттың алаңсыз аралап көруіне ыңғайлы болсын деп жеке ғимаратқа көшіргенбіз. Обкомның тапсырмасымен республика басшыларын музейдің алдында қарсы алдым. Алдымен мен кірдім, Димекең, Нұрекең, содан соң Сақан Құсайынов кірді. Сыртқы есік жабылды. Ішке кірген бойда Димекең маған қарап: «Мырзатай шырақ, сен қайдансың?» – деді. «Аға, мен Жамбыл облысы Талас ауданынанмын». «Ай, Талас ауданы менің ата-бабамның өскен-өнген жері ғой», – деді. Құсайыновтың мені орынсыз қудалап жүргенін ол кісіге Өмірбек ағам, Нұрекең айтты ма екен... Содан бастап Сақан ағамызбен қарым-қатынасымыз күрт өзгерді, дұрыс арнасына түсті. Жұмысқа да жаңаша құлшындым. Көп ұзамай Сақан Құсайынович жасына, денсаулығына байланысты зейнетке шығып, Алматыға көшіп кетті. Бір күні маған досым Сәбит Оразбаев: «Сенің Құсайыновың емханада көрін­генмен ұрсысып жүр» деп звондады. Көзі – глаукома, жүйкесі әбден тозған адам еді. Жаным ашып кетті. Кешікпей мен Астанаға министр болып оралдым. Пединституттардың бәрі қарамағымда. Талдықорғанда өзім құрған ансамблді шақырып, Пионерлер Сарайында концерт ұйымдастырдым. Оның алдында күз келген, күздік болсын деп, Ақсуда Амантай деген жөн білетін азамат бар еді, соған: «Сен бір жас мал сойып, Сақан ағаның үйіне апаршы, менің атымнан сыбаға деп» деген едім, ол оны тез орындады. Концерт болатын күні өзім звондадым. «Мырзатай, сәлеміңді алдым, өзім де барсам ба деп жүр едім, рахмет» деді. «Жарайды, аға, ол біздің інілік міндетіміз ғой. Өзіңіздің қамқорлығыңызда болған «Жетісу» ансамблі осында келіп, концерт берейін деп жатыр. Соған шақырып, телефон соғып отырмын» деп едім, еңкілдеп тұрып жылап жіберді. «Мырзатай, көзім көрмейді. Жүре алмаймын. Сен кешір, кезінде айдап салушылар болды. Пендеміз ғой. Қазір солардың бірде-біреуі хабарласпайды. Артық кеткен жерім болса, кешір» деді. «Аға, өмірде бәрі де бола береді. Көңіліңізге алмаңыз. Бәрін түсінемін. Шаруаңыз болса қысылмаңыз, айтып тұрыңыз» дедім. «Азаматсың» деді. Одан кейін сөйлесудің реті келмеді. Көп кешікпей ол кісі қайтыс болып кетті. Сақан ағамен арамыз осылай болды. Өмірде не болмайды дейсің. Бәрі де болады. Автор: Енді республикамыздың өмірі­не көп өзгерістер әкелген 1986 жылдың оқиғаларына тоқталсақ. Мырзатай: Несін айтамыз оның, Болат. Ол күннің қарасы батсын. Ішкеніміз – ірің, жегеніміз – желім болды. Қазақтың басына қайта күн туды. Сегіз күн күні-түні кабинеттен шыққанымыз жоқ. Ректордың кабинетін обкомның, горкомның, КГБ-ның, прокуратураның, милицияның қызметкерлері басты. Нәтижесінде көптеген үлгілі сту­дент­­тер оқудан шығарылды, декандар қызметтен босатылды. Жалақысын тұрмы­сы нашар студенттерге бөліп беретін, «Жетісу» ансамблін құрысқан музыка факультетінің деканы Ақсұлу Манасбаева партиядан, жұмыстан шығарылды. Маған облыстық партия комитетінің бюросында «студент жас­тар арасында коммунистік тәрбиені әлсіреткені үшін» деп қатаң сөгіс жарияланды. Автор: Мен әуелбастан-ақ, сіз туралы кітап жазуға кіріскелі бері, министр қызметіне қалай тағайындалғаныңыз жөнінде сұрақ қойғалы жүрген едім. Министрдің жоғарыда аталған естелік кітапшасында соның жауабы бар екен. Ол кісі былай деп жазыпты: «Зейнетке шығуым жөнінде алғаш шешім қабылдаған кезімде-ақ, желтоқсан оқиғаларына дейін, мен бұл жоғары және жауапты лауазымға бірден-бір лайық адам деп Жолдасбеков Мырзатайды ұсындым. Әрине, Орталық Комитет бас­шылығы тарапынан, әсіресе облыстық партия комитеттері хатшылары арасынан ұсынылған өзге де кандидатуралар болды. Бірақ мен ең соңына дейін өзім ұсынған кандидатураны қорғап бақтым. Бұл істе мен саланың мүддесін бәрінен жоғары қойдым, оқушы жастарға білім, тәрбие берудің күрделі мәселе екенін, оның дұрыс шешілуі еліміздің келешегін айқындайтынын ойладым. Сондықтан бұл саланы оның барлық проблемаларын, жай-күйін, қиындықтарын білетін адамның бас­қарғаны жөн еді. Ақыры 1987