• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2016

Жақсарған жария ету жұмысы

213 рет
көрсетілді

Елімізде 2015 жылдың желтоқсаны мен 2016 жылдың қаңтар айы аралығында 160 млрд. теңгеден астам ақша заңдастырылған. Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Баспасөз мәслихатында елімізде жүргізіліп жатқан заңдастыру жайы талқыланды. Оған Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Даму және жаңғырту департаменті директоры Ержан Біржанов және Тәуекелдер, талдау және статистика басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Сағынаев қатысты. «Заңнамаға енгізілген өзгеріс­тер өз тиімділігін көрсетті. Екі айда заңдастырылған ақша 160 млрд. теңгеден асты. Яғни, ол 2015 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіштен 2,5 есе өсті. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп есептеймін, енгізілген жаңашылдықтардың нәтижесінің айқын айғағы», дейді Е.Біржанов. Айта кетейік, капитал мен мүлікке рақымшылық жасау акциясы 2014 жылдың қыркүйегінде басталған болатын. Таяуда осы рәсімді жеңілдету үшін тиісті заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілді. Нақтырақ айтқанда, 2015 жылғы 13 қарашада тиісті заңға қол қойылып, 2015 жылдың желтоқсанынан бастап заң қол­данысқа енгізілді. Ақшаны жария ету рәсімі түбегейлі оңай­латылды. Яғни, талаптар біраз жеңілдетілді. Нәтижесі өткізіліп жатқан акцияның қарқынын жақсартып отыр. «Енді ақшаны екі тәсілмен заңдастыруға болады. Біріншісі – оларды банк шоттары арқылы көрсету және өзінің кез келген мұқтаждықтарына пайдалану. Мысалы, бизнеске салу, жылжымайтын мүлік сатып алу және т.б., және жай ғана банк шотынан алуға болады. Осының барлығы 10 пайыз алымды төлемей жүргізілетін болады», деді департамент директоры. Екінші тәсіл – шетелде орналасқан немесе қолма-қол айналымдағы ақшаны өтініш беру нысанында, банк шотында көрсетпей-ақ заңдастыруға болады. Бірақ бұл ретте бюджетке 10 пайыз алым төленеді. Осы және басқа жағдайда да жария ету субъектісі мемлекеттік кірістер органына тиісті декларацияны тапсырады. Мүлікті жария ету рәсімдері елеулі оңайлатылды. Енді Қазақ­стан аумағында орналасқан және тиісті түрде ресімделген мүлікті заңдастыру үшін мем­лекеттік кірістер органдарына тиісті декларацияны және ілеспе құжаттарды тапсыру жеткілікті. Осы жағдай шетелде орналасқан мүлікті жария етуге де қатысты. Жария ету субъектілеріне қосымша кепілдіктер берілді. Мүлікті жария етумен байланысты кез келген мәліметтер банктік және салықтық құпия болып табылады. Сондай-ақ, жария етілген мүлік тәркіленуі мүмкін емес. Қаржы министрлігінің Мемле­кеттік кірістер комитетінің мәлі­метіне сүйенсек, жария ету басталғаннан бері барлығы 704 млрд. теңге жария етілген. Оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлік бойынша 498 млрд. теңге сомаға, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс орналасқан мүлік бойынша 1 млрд. теңге сомаға, ақша 191 млрд. теңге сомасына жария етілген. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».