• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

«Әдемі-ау»

1080 рет
көрсетілді

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің естен кетпейтін, ұрпақтан-ұрпаққа мәдени мұра болып қалатын әндерінің бірі – «Әдемі-ау». Ескендір ағамыз 60 жылға жуық аралықта 200-дей ән жазса да, соның ішінде үш әнді ерекше атайтынын білеміз. 21 жасында өнер айдынына алып шыққан «Анаға сәлемі», әнұран іспеттес «Атамекенінен» кейін, өмірдегі қосағы, өнердегі музасы, Дарико апамызға арнаған осы әніне деген көңілі алабөтен екенін еш жа­сырған емес. Бұл әннің қалай жазылғанын білсек те, оны композитордың өз аузынан естиік деп, хабарлас­қа­нымызда, әдеттегідей, Дарико апамызбен Сарыағашта курортта қолтықтасып бірге жүрген жақсы аға ішіп отырған асын қоя қойып, еш ренжіместен, дәл сол күнгідей эмоциямен ән тарихын баяндауға көшті. – Сонау 1970 жылы Қарағанды облысына концерт беруге бардық. Ол кезде мен жаспын, бар бол­ғаны отыздамын, Комсомол сый­лығының лауреатымын. Жеке концертім Қарағанды қаласындағы Кеншілер сарайында өтіп жатты. Жаңадан шыққан әндерімді сахнадан айтып жатырмын. Әншілердің де жазылмаған бір заңы бар. Әніңді біреуге арнауың керек. Залға қарасам алдыңғы қатарда әртүрлі ұлттың өкілдері отыр екен. Көзім бірінші қатарда отырған, көзі тостағандай аппақ қызға түсті. Осыдан кейін айтып жатқан әндерімді осы қызға бағыштай бердім. Концерт аяқталғанша солай болды. Ән біткен соң сахнаның сыртына шығып, жаңағы қызды қайта көргім, танысқым келе берді. Сол концертті ұйымдастыруға ұйыт­қы болып жүрген облыстық комсомол комитетінің жігіті бар еді. Сырымды соған айттым. Кон­­цертте алдыңғы қатарда бір қа­зақтың қызы отыр. Сол қызбен қалай танысуға болады, деп едім: – Сол да сөз болып па? Реті кел­се таныстырайын, – деп жүгіріп кет­кен, іле-шала қайтып келіп тұр. – Бір мәселе болып тұр, – дейді. – Ол қандай мәселе? Сөйтсек, ол қыз Қарағанды об­лысының құрметті әрі белгілі аза­маты Сопыжан Әшляев деген кі­сінің қызы болып шықты. Әлгі әдемі қыз Әшляевтар әулетінің тұңғышы екен. Ұлдарының көбі спортпен шұғылданатын көрінеді. Спортпен айналысып аты шыққан, лауазымды қызмет атқарып отыр­ған 5-6 інісі бар. Тіпті, Қазбек Әш­ляев деген інісі бокстан Еуропа чем­пионы атанған. Содан бұл қалай болады деп ойланып қалдым (Ескендір ағамыз осы жерде рахаттанып күліп ал­ды). Сәл тұрдым да, көп болса бір таяқ жеп, бір нокаут алармын, деп қалайда танысуға тәуекел еттім. Қысқасы, не де болса осы қыз­бен таныстыр дедім. Шақырған қыз сахнаның артына келді. Мен қазақша: – Сәлеметсіз бе! – дедім. Ол орысша: – Здравствуйте! – деді. Ауылдың баласымын, ой­пы­рым-ай, білетін бір уыс орысшам таусылып қалмаса екен деп, қа­зақша-орысша араластырып сөйлеп тұрмын. Таныса келе қыздың Қараған­дыдағы медициналық институтты тәмамдап, Мәскеуде ординатурада оқып жатқанын білдік. Ер­тесіне таңертең Мәскеуге қайта ұшатынын естідік. Қарағандының көшесінде менің біраз әндерімнің сөзін жазған Бәкір Тәжібаев, Дари­коның дос қызы бар, қыдырыстап біраз жүрдік. Осы танысудан кейін де 3-4 жыл уақыт өтіп кетті. Бірақ ол қыз есімнен шыққан жоқ. Жүре­гім­нің түкпіріне жайғасып алды. Ұдайы қалай жолығуды ойлап жүрдім. Бастапқыда бірге та­ныс­қан құрбысы Алматыда қызмет істейтін, содан сұрастырып жүр­дім. Мекен-жайы, телефонын біл­меймін дейді. Кім білсін, өзінің де ойы болды ма? (Ескендір ағамыз тағы да рахаттанып күліп алды. Дарико жеңгеміз де естіп отыр). Сөйтіп жүргенде менің бір досым бірде Алматыдағы өкпе аурулары ғылыми-зерттеу институтына барған екен, сол жерден Мәскеуден оқып келген жас маман бар екенін естіп келіпті. – Есімі Дарико! Мәскеуден оқып келген қыз екен, – дейді. Сол Дарико ма екен деп жүрегім дір ете қалды. Содан уақыт тауып, туберкулез институтына барайын. Бұл мекеменің басшысы үлкен кісі, мені бұрыннан танитын еді. – Оу, Ескендір, неғып жүрсің? Аманшылық па? Ешкімің ауырып қалған жоқ па еді? – деп сұрап жатыр. Мен осында жаңадан жұ­мысқа келген Дарико деген дә­рігерді іздеп жүргенімді, Қара­ғандыда та­нысқанымды, үш жыл бұрын жоғалтып алғанымды айттым. Сол Дарико ма, басқа Да­ри­ко ма, көрсем деген тілегім­ді жет­кіздім. Институттың басшысы көп сөзге келмей жаңағы дәрігер қыз­ды шақыртып алды. Кабинетке ақ халат, ақ қалпақ, бетіне маска киген қыз кіріп тұр. Тек көздері ғана көрінеді. Орнымнан ұшып тұра келдім де: – Сәлеметсіз бе! – дедім. Ол тағы да: – Здравствуйте! – деді. Мас­ка­сын алғанда қуанып кеттім. Сол Дарико! «Әдемі-ау», «Асыл арман», «Есіңе ал» әндерінің бәрі де, әри­не, осы жеңгелеріңе арналған. Одан кейін де Дарикоға арнап «Ескірмеген махаббат» деген ән жаздым. Өмір болған соң талай қиыншылықтар да болды. Біз сол қиыншылықтарды бірге жеңдік. Қуаныштарды бірге көрдік. Сыйластығымыз да, сезіміміз де суыған жоқ. Өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге болсын деп, осы күнге дейін қол ұстасып келе жатырмыз. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.