2015 жылғы 31 наурыз, Астана қаласы
Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 37-бабы 1-тармағының 7-7) тармақшасына сәйкес, бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А.МАМЫТБЕКОВ.
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі _______________ Ә. Исекешев
2015 жылғы « »
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі _______________ Е. Досаев
2015 жылғы « »
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі _______________Қ. Қасымов
2015 жылғы « »
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі ______________ В. Школьник
2015 жылғы « »
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 31 наурыздағы № 19-4/294 бұйрығымен бекітілген
Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 37-бабының
7-7) тармақшасына сәйкес әзірленген және тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын (бұдан әрі – су шаруашылығы құрылыстары) пайдалануды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ағымдағы жөндеу – тірек элементтерді қоспағанда, су шаруашылығының құрылыстары конструкциясының жекелеген элементтерін ауыстыруды немесе қалпына келтіруді көздейтін жұмыстар кешені;
2) бассейндiк су шаруашылығы басқармалары (бұдан әрi – бассейндiк басқармалар) – уәкiлеттi органның облыстарда бөлiмдерi бар негiзгi мiндетi тиiстi бассейн аумағында су қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттiк басқаруды жүзеге асыру болып табылатын өңiрлiк органдары (екi және одан да көп облыстардың аумақтарында олардың қызметi жүзеге асырылады және оның өкiлеттiктерi қолданылады);
3) жобалау ұйымы – объектіні (құрылысты) жобалаған кәсіпорын немесе тиісті объектілерді (құрылыстарды) жобалау жөніндегі мамандандырылған кәсіпорын;
4) жөндеу – су шаруашылығы құрылыстарының жарамдылығын қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар кешені (жөндеудің түрлері ағымдағы жөндеу мен күрделі жөндеу болып табылады);
5) күрделі жөндеу – су шаруашылығы құрылыстарының конструкциясының кез-келген элементтерін, оның ішінде тірек элементтерін ауыстыруды немесе қалпына келтіруді көздейтін жұмыстар кешені;
6) қалыпты пайдалану – су шаруашылығы құрылыстарын оның жобалық параметрлеріне сәйкес пайдалану;
7) нақты тозу – механикалық тозудың, коррозияның, деформациялар мен қираудың салдарынан су шаруашылығы құрылыстарының жобада белгіленген өзінің параметрлерін біртіндеп жоғалтуы;
8) пайдалану – су шаруашылығы құрылыстарының мақсаты бойынша пайдаланылатын, жарамды жай-күйде ұсталатын және құрылыс жобасында белгіленген бастапқы параметрлерді алғанға дейін қалпына келтірілетін тіршілік циклының сатысы (пайдалану құрылысты мақсаты бойынша пайдалануды және оны техникалық пайдалануды қамтиды);
9) пайдалану режимі – құрылыс жобасында айқындалатын немесе су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану процесінде белгіленген параметрлері бар су шаруашылығы құрылыстарын мақсаты бойынша пайдалану қарқындылығы;
10) пайдалану шарттары – су шаруашылығы құрылыстарында пайдалану кезінде оған әсер ететін факторлар жиынтығы;
11) пайдаланудан шығару – су шаруашылығы құрылыстарының тағайындалуы бойынша одан әрі пайдалану мен жөндеудің мүмкін еместігін немесе тиімсіздігін тіркейтін және белгіленген тәртіппен құжаттамалық ресімделген оқиға;
12) пайдалануға енгізу – су шаруашылығы құрылыстарының мақсаты бойынша пайдалануға дайындығын тіркейтін және белгіленген тәртіппен құжаттамалық ресімделген оқиға;
13) реконструкциялау – су шаруашылығы құрылыстарының параметрлерін қалпына келтіру, жақсарту немесе жаңа пайдалану режимі кезінде оның мақсаттарын өзгерту жөніндегі жұмыстар кешені;
14) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – елді мекендер шегінен тыс жерлерде су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
15) су объектісі – шекарасы, көлемi мен су режимi бар құрлық бетi бедерлерiндегi және жер қойнауындағы судың жинақталуы. Олар: теңiздер, өзендер, соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, мұздықтар және басқа да жер үстi су объектiлерi, жер асты сулары бар жер қойнауының бөлiктерi;
16) су шаруашылығы құрылыстары – су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу, сумен жабдықтау, суды бұру және судың зиянды әсерiн жою мақсатында жасанды құрылған гидротехникалық құрылыстар мен құрылғылар;
17) техникалық жай-күй – су шаруашылығы құрылыстарының пайдалану процесінде өзгеріске ұшыраған, белгілі бір уақыт кезеңінде қадағалау арқылы анықталған белгілермен сипатталатын параметрлер жиынтығы (техникалық жай-күй түрлері су шаруашылығы құрылыстарының жарамдылығы және жарамсыздығы болып табылады);
18) техникалық қызмет көрсету – су шаруашылығы құрылыстарын мақсаты бойынша пайдалану кезінде оларды жарамды күйде ұстау жөніндегі операциялар кешені.
3. Су шаруашылығы құрылыстарын техникалық пайдалану:
1) су шаруашылығы құрылыстарының пайдалану режимін белгілеумен және оны сақтаумен;
2) су шаруашылығы құрылыстарына техникалық қарап-тексеру, оларға қызмет көрсету және зерттеп-қарау жүргізумен;
3) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын қажетті көлемде уақтылы жүргізумен;
4) аса маңызды су шаруашылығы құрылыстарын реконструкциялауды және жөндеуді жаңа құрылыспен байланыстыра және үйлестіре отырып, перспективалы жоспарлаумен;
5) су шаруашылығы құрылыстарын реконструкциялаумен, ағымдағы және күрделі жөндеумен;
6) су шаруашылығы құрылыстарының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ететін нұсқаулықтар мен басқа да құжаттарды сақтаумен;
7) су шаруашылығы құрылыстарына қызмет көрсететін білікті персоналдың болуымен;
8) су шаруашылығы құрылыстарының техникалық жай-күйі мен пайдаланылу режимінің өрт қауіпсіздігінің, санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалардың талаптарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында су шаруашылығы құрылыстарына белгіленген еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы талаптарына сәйкестігімен қамтамасыз етіледі.
4. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануды жеке және заңды тұлға (бұдан әрі – меншік иесі) жүзеге асырады.
2. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану тәртібі
5. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану режимі олардың жобалық сипаттамаларына, нақты жай-күйіне, пайдалану шарттарына, олардың қызмет ету мерзіміне және әрбір су шаруашылығы құрылысының мақсатына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану режимінің өзгертілуі үш жұмыс күні ішінде бассейндiк басқарманы хабардар ете отырып, меншік иесінің иелік ету құжатымен ресімделеді.
7. Су шаруашылығы құрылысын пайдаланудан шығарған кезде меншік иесі үш жұмыс күні ішінде бассейндiк басқармаға бұл туралы хабарлайды. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланудан шығару меншік иесі құратын жұмыс комиссиясының қорытындысы бойынша жүргізіледі және су шаруашылығы құрылысын пайдаланудан шығару қажеттігі туралы актімен ресімделеді.
Жұмыс комиссияның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, уәкілетті орган ведомствосының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, жобалаушы ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.
8. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану процесінде техникалық құжаттама жүргізіледі, оның тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшада келтірілген.
9. Салу, реконструкциялау немесе күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға қабылдау (енгізу) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-тарауына сәйкес жүргізіледі.
10. Су шаруашылығы құрылыстарын салу, реконструкциялау, күрделі жөндеу және пайдалануға енгізу жөніндегі барлық құжаттамалар су шаруашылығы құрылысының меншік иесінде сақталады.
11. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланатын меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану режимін сақтауды қамтамасыз етеді.
12. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланудың белгіленген режиміне өзгерістер енгізу су шаруашылығы құрылыстарына жүйелі түрде байқау нәтижелерінің және оларды пайдалану шарттарының өзгергені туралы деректердің негізінде жүргізіледі.
13. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жабдықтардың жұмысы кезінде және гидрометеорологиялық факторлар әсер еткен кезде су шаруашылығы құрылыстарының қауіпсіздігін, сақталуын және олардың беріктігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Су шаруашылығы құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарттарының бірі табиғи немесе техногендік сипаттағы апаттарды немесе төтенше жағдайларды болдырмау жөніндегі шұғыл шараларды қабылдау және алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін төмендетілмейтін резервті (жабдықтар, бұйымдар, тораптар, бөлшектер мен құрылыс материалдары) құру болып табылады.
Меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану шарттарына және су шаруашылығы құрылыстарының конструкциялық ерекшеліктеріне байланысты төмендетілмейтін резерв көлемін белгілейді.
14. Су шаруашылығы құрылыстарын қалыпты пайдалануға кедергі келтіретін немесе құрылыстың жекелеген элементтерінің қирауына әкеп соғатын табиғи тозған су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға рұқсат етілмейді.
15. Барлық су шаруашылығы құрылыстары олар үшін белгіленген пайдалану жүктемелері нормаларын қатаң түрде сақтай отырып пайдаланылады.
16. Су шаруашылығы құрылыстарының жүктемелер белгіленген нормалардан тыс ұлғайтуға рұқсат етілмейді. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануды жүзеге асыратын меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарына рұқсат берілетін жүктемелер нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді.
17. Су шаруашылығы құрылыстарына арналған пайдалану жүктемелерінің нормалары құрылыстың конструкциялық элементтерінің нақты жай-күйін және оның қызмет ету шарттарының жобалау және салу кезінде алғаш қабылданған шарттарға сәйкестігін ескере отырып, ұдайы қайта қаралады және әрбір су шаруашылығы құрылыстары үшін белгіленеді. Пайдалану жүктемелері нормаларын қайта қарауды жобалау ұйымының зерттеп-қараудан кейінгі ұсынымдары негізінде меншік иесі жүргізеді.
18. Су шаруашылығы құрылыстарының пайдалану шарттары мен олардың жай-күйі өзгерген жағдайда, жобалау ұйымы есеп айырысуды жүргізеді, оның нәтижелері бойынша су шаруашылығы құрылыстарының меншік иесі пайдаланудың жаңа режимін белгілейді.
19. Су шаруашылығы құрылыстарын қысқы кезеңде пайдаланған кезде меншік иесі ауданның климаттық және гидрометеорологиялық сипаттамалары мен су шаруашылығы құрылыстарының конструкциялық ерекшеліктерін ескере отырып, қысқы жағдайларда техникалық пайдалану жөніндегі іс-шараларды әзірлейді.
3. Су шаруашылығы құрылыстарына техникалық қызмет көрсету
20. Су шаруашылығы құрылыстарына техникалық қызмет көрсету:
1) белгіленген пайдалану режимін және құрылыстардың жай-күйін бақылауды қамтамасыз ететін байқауларды;
2) қондырғылар мен жабдықтарды жарамды жай-күйде ұстап тұру жөніндегі жұмыстарды;
3) жағалауды нығайту құрылыстарының беткейлерін ластанудан тазартуды, су шаруашылығы құрылыстарының су үсті бөлігінің ұсақ зақымданулары мен ақауларын жоюды;
4) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 145-бабына сәйкес су шаруашылығы құрылыстарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптар нормаларын сақтау жөніндегі жұмыстарды қамтиды.
21. Түбін тазалау жөніндегі және басқа да су асты жұмыстарды, сондай-ақ су шаруашылығы құрылыстарына қызмет көрсетуге байланысты жарылыс жұмыстарын мамандандырылған ұйымдар жүргізеді.
22. Меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарының су асты бөлігіне зерттеп-қарау жүргізуді мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып қамтамасыз етеді.
23. Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануды жүзеге асыратын меншік иесі осы құрылыстардың су үсті бөлігінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптар нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді.
24. Меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарының беткейлерінде ақаулар пайда болған кезде беткейлердің кескінін қалпына келтіру және оларды бекіту жөнінде шұғыл шаралар қабылдайды.
25. Су шаруашылығы құрылыстарының меншік иесі су шаруашылығы құрылыстарын тұрақты техникалық байқап-қарауды, кезеңдік техникалық байқап-қарауды, кезекті және кезектен тыс техникалық тексерулер жүргізуді және оларды пайдаланудағы режимнің сақталуын бақылауды көздейді.
26. Техникалық жай-күйі мен пайдалану режимі су шаруашылығы құрылыстарын пайдаланудың бүкіл кезеңінде су шаруашылығы құрылыстарын техникалық байқап-қарауды және зерттеп-қарауды жүзеге асыру жолымен айқындалады.
Техникалық қарау мен тексерулер:
1) тұрақты техникалық байқап-қарауды;
2) кезеңдік техникалық байқап-қарауды;
3) кезекті және кезектен тыс зерттеп-қарауды қамтиды.
27. Кезеңдік техникалық байқап-қарауды, сондай-ақ су шаруашылығы құрылыстарын кезекті және кезектен тыс зерттеп-қарауды жүргізу үшін меншік иесі комиссия құрады, оның құрамына меншік иесінің өкілі, жобалау ұйымының, жергілікті атқарушы органның, уәкілетті орган ведомствосының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.
28. Тұрақты техникалық байқап-қарауды су шаруашылығы құрылысын пайдаланушы меншік иесі жүргізеді.
29. Тұрақты техникалық қарау нәтижелері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйі мен оларды пайдалану режиміне техникалық байқап-қарауды жүргізу журналына түсіріледі.
Су шаруашылығы құрылыстарының жауапты қызметкері техникалық байқап-қарауды жүргізу журналын тоқсан сайын қарап отырады және су шаруашылығы құрылыстарына техникалық қызмет көрсету мен оларды ағымдағы жөндеу сапасына жалпы баға береді.
30. Су шаруашылығы құрылыстарын тұрақты техникалық байқап-қараудың кезеңділігі су шаруашылығы құрылыстарының техникалық жай-күйіне және оларды пайдалану шарттарына байланысты белгіленеді, бірақ бір тоқсанда кемінде бір рет болуы керек.
31. Кезеңдік техникалық байқап-қарау су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйі туралы толық мәлімет береді және пайдалану бойынша жөндеу мен басқа да іс-шараларды жоспарлауға арналған деректерді қамтиды.
32. Су шаруашылығы құрылыстарын кезеңдік техникалық байқап-қарау жылына кемінде бір рет жүргізіледі. Кезеңдік техникалық байқап-қараудың нәтижелері техникалық байқап-қарау актісі түрінде ресімделеді.
Су шаруашылығы құрылыстарына кезеңдік техникалық байқап-қарауды жүргізу жөніндегі материалдарды меншік иесінің пайдалану қызметінің қызметкерлері жинақтайды және сақтайды.
33. Су шаруашылығы құрылыстарын кезекті зерттеп-қарау құрылыстардың жай-күйіне және оларды пайдалану шарттарына байланысты жүргізіледі.
34. Су шаруашылығы құрылыстарының техникалық жай-күйін жалпы бағалау және оларды жөндеу немесе қайта жайластыру жөніндегі ұсынымдарды қамтитын кезекті зерттеп-қараудың негізгі нәтижелері зерттеп-қарау туралы актімен ресімделеді.
35. Су шаруашылығы құрылыстарын кезектен тыс зерттеп-қарау оларды қалыпты пайдалану шарттары бұзылған жағдайда немесе олар апатты болғанда, сондай-ақ ығысуы, деформациясы немесе зақымдануы анықталған жағдайда жүргізіледі.
36. Кезектен тыс зерттеп-қараудың нәтижелері бойынша зерттеп-қарау (зерттеулер) актілері негізінде комиссия анықтаған бұзушылықтарды жою жөнінде жөндеу жұмыстарының тізбесін жасайды, олар жөндеу жұмыстарының жоспарына енгізіледі.
37. Су шаруашылығы құрылыстарын және жабдығын жөндеу (ағымдағы, күрделі) тұрақты, кезеңдік техникалық зерттеп-қараудың, кезекті және кезектен тыс зерттеп-қараудың нәтижелері бойынша жоспарланады.
38. Су шаруашылығы құрылыстарын күрделі жөндеуді және реконструкциялауды Заңның 65-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң тиiстi түрлерiн жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар орындайды.
Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидаларына 1-қосымша
Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі техникалық құжаттаманың тізбесі
№ Құжаттаманың атауы Құжаттаманы жүргі-зетін лауазымды тұлғалар Құжаттаманы сақтау орны Ескертпе
1 2 3 4 5
1 Су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйін және оларды пайдалану режимін техникалық байқап-қараудың журналы меншік иесі меншік иесі толтырылған журналдар техникалық мұрағатта сақталуы тиіс
2 Су шаруашылығы құрылыстарын кезеңдік техникалық байқап-қарау жөніндегі актілер мен есептер кезеңдік байқап-қарауды жүргізу жөніндегі комиссия және меншік иесі меншік иесі кезеңдік байқап-қарауды жүргізу жөніндегі материалдар есепке жинақталады
3 Су шаруашылығы құрылыстарын кезекті байқап-қарау туралы акт кезекті зерттеп-қарауды жүргізу жөніндегі комиссия және меншік иесі меншік иесі
4 Су шаруашылығы құрылыстарын кезектен тыс зерттеп-қарауды туралы акті кезектен тыс зерттеп-қарауды жүргізу жөніндегі комиссия және меншік иесі меншік иесі
5 Су шаруашылығы құрылыстарын күрделі жөндеу жөніндегі жұмыс-тарды қабылдау-тапсыру актілері құрылыстарды күрделі жөндеуден қабылдап алу жөніндегі комиссия меншік иесі
Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидаларына 2-қосымша
нысан
Тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйін және
оларды пайдалану режимін техникалық байқап-қарау журналы
_____________________________________________________________________________________
су шаруашылығы құрылысы
Су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйін және оларды пайдалану
режимін техникалық байқап-қарау журналы №_____________________________________________
су шаруашылығы құрылысын пайдаланушы меншік иесі
_____________________________________________________________________________________
_____________________________________________________________________________________
тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) және қолы
_____________________________________________________________________________________
журналды жүргізуші қызметкердің лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) және қолы
Журналды жүргізудің басталған немесе жалғастырылған күні
Басталуы: ____________________
Жалғастырылуы: ______________
Тұрақты техникалық қараулар Анықталған ақауларды жою жөніндегі іс-шаралар
Күні, саны, айы, жылы Байқап-қараудың нәтижелері және анықталған ақауларды жою жөнінде белгіленген іс-шаралар Күні, айы, жылы Орындалған жұмыстар туралы мәліметтер
1 2 3 4
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 28 шілдеде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11775 болып енгізілді.