ІССАПАР АЛДЫНДАҒЫ ОЙ. Жақында ғана бұқаралық ақпарат құралдарында әлемдегі әскерлердің әлеуетіне байланысты ақпарат жарияланған еді. «2016 жылғы жаһандық әскери қуаттылық рейтингісін» түзгендер нақты деректі қайдан алғанын қайдам, осы рейтинг бойынша Қазақстан 66-орынға жайғасыпты. Орталық Азия елдері ішінде Өзбекстан бізден 12 саты жоғары тұр...
Соңғы бірер жылдың көлемінде елімізде ауқымды түрде «Айбалта» оқу-жаттығу жиыны өткізіліп келеді. Біздің осы жолғы Семей қаласына іссапарымыз да «Айбалта-2016» оқу-жаттығуын өткізу ниеті мен жоспарына сәйкес «Шығыс» полигонындағы әзірлікпен танысу болмақшы. Елордадан әуеге көтерілген әскери ұшақ бір жарым сағаттан соң «Жаңа Семей» аэродромына табанын тигізді.
Ұшақтан түсе салысымен әскери тікұшақтардың оқу-жаттығуға әзірлік барысымен таныстық. Авиациялық базаның командирі, полковник Талғат Сыздықов: «Оқу-жаттығуға «Жаңа Семей» аэродромында орналасқан авиациялық топ, яғни Ми-8, Ми-17, Ес-145 тікұшақтары жеке құраммен бірге алдымызға қойған міндетті орындау үшін сақадай сай тұр. Әскери авиацияның міндеті – құрлық әскерлеріне алдыңғы шепте қолдау көрсетіп, десантшыларды межелі жерге жеткізу. Сондай-ақ, заңсыз құрылымдардың көзін жою болып табылады. Қазіргі уақытта 26 ақпанда өтетін ауқымды әскери жаттығуға даярлығымызды пысықтап жатырмыз», – деп мәлімдеді.
Эскадрилья командирі, майор Азамат Нұрахметов те берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, құрлық әскерлерін шұғыл тиесілі жерге жеткізіп, оларды әуеден сүйемелдеуге әзір екендіктерін айтты. Белгіленген нысананы дер кезінде жоятындықтарына да сенімді.
Семей қаласында орналасқан әскери авиация базасынан шыға бере, «Абай жолы» арқылы тікелей «Шығыс» полигонына жол тарттық. Ұлы ақынның кіндік кескен жеріне бастайтын сара жолдың 40-шы шақырымына таяу маңда әскери полигон орналасқан. Жол бастаушылар айтпаса, қар қымтаған даладағы полигонды «ә» дегеннен аңғара қою қиын. Әскери техникалар түгелдей дерлік қар түстес аппақ жамылғымен көмкерілген, жанына жақын барған кезде ғана зеңбірек-гаубицаның тұмсықтары шошайып тұрғанын байқайсыз. «Жау» аңғармайтын кейіпке енген оқу-жаттығудың басты талаптарының бірі бұл, қарсыластың көзіне түсіп қалмау.
Журналистер мінген автобус далалық әскери қалашықтағы сырт көзге байқала бермейтін, сыртқы жамылғысы ғана емес, бетпердесі де ақ түсті есік алдындағы күзетшілер тұрған тұсқа келіп бір-ақ тоқтады. Сөйтсе, командалық пункт осында орналасқан көрінеді. Бүкіл оқу-жаттығудың жүзеге асуы осында жоспарланып, операцияны бастауға бұйрық осы жерден беріледі.
Командалық пунктте оқу-жаттығуға қатысушы командирлердің жиыны өтіп жатыр. ҚР ҚК Құрлық әскерлері, ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы мен ҚР Әуе қорғанысы күштері бөлімдері мен құрамаларының басқару органдары арнайы операцияны жоспарлау үстінде. Бүгінгі оқу-жаттығудың ерекшелігі әскерлер арнайы операцияны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мәселелерді пысықтауды аяқтап, қорғаныс операциясын жоспарлауға кірісті.
«Шығыс» полигонындағы жағдай қыс мезгілі болғанына қарамастан, нағыз әскери қимылдарға сай деп айтарлықтай. Әскери техникалардың орналасуы өз алдына, сондай-ақ, қосалқы қызмет түрлері де түгелдей осында көрсетіледі. Әскери техникаларды жөндеу дейсіз бе, істен шыққан құрал-жабдықтардың ақауын реттеу дейсіз бе, оларға жанар-жағармай құю дейсіз бе, барлығы далалық жағдайға бейімделген. Биылғы оқу-жаттығу жиынының бір ерекшелігі, әскерилер қыс мезгілінде бірлесе жұмыс істеуге машықтанады.
Биылғы оқу-жаттығу кезінде жеке құрам далалық жағдайда жұмыс жасайды. Жедел басқару үшін әскерлерді автоматтандырылған басқару элементтері бар командалық-штабтық машиналарды, палаткаларды, далалық ас үйлер мен автономды электр агрегаттарын қолдана отырып, жауынгерлік қызмет және тыныс-тіршілікті қамтамасыз етудің барлық түрлері бар басқару пункттері қанат жайды.
«Біздің алдымызға басты міндет – құрамның әскери қуаттылығын арттыру, штабтар қызметінің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету. Оқу-жаттығу армиямыздың әскери даярлығын, біздің қабілетімізді көрсетеді, штабтарымызды, әскерлерімізді әзірлеуге және соғыс қимылдарына жақын жағдайда әскери операцияларды жоспарлауға дайындайды, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Бектанов. – Қыстың өз талабы бар: жұмысқа саперлік бөлімдер белсенді түрде тартылған, жер қазатын машиналар, ауыр инженерлік техника жұмылдырылған. Сарбаздардың тамағы мен тұрмысына қажетті шаруаны ұйымдастыру да үлкен рөл атқарады».
«Біздің мақсатымыз – шекара шебін күзетуді күшейту, басқа да Қарулы Күштерімізге айтылған мақсатқа сәйкес жол ашып беру. Мысалы, бүгінгі күнде оқу-жаттығу жоспарына сәйкес шекарашылар 40 шақырым аумақтағы шекараны күзетеді. Әрине, басты мақсат заңсыз күш құрылымдарының шекарадан өтуіне жол бермеу болып табылады», – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бас штаб бастығының бірінші орынбасары, полковник Жәнібек Төлебаев.
«Ұйымдасқан күш ретінде армиядағы адамдардың қимыл-әрекеті, күштің бағытталуы және мақсатқа ұмтылушылығы әскери парызды терең түсінуге негізделеді де, бағынуға, командованиеге сүйенеді», дегені бар еді атақты Бауыржан Момышұлының. Командалық пункттен шыққаннан кейін әскери парызды терең түсінгендердің ғана әскери тәртіппен кез келген жағдайға бейімделетініне көз жеткізгендей болдық. «Шығыс» полигонындағы оқу-жаттығуға әзірліктен осыны байқадық.
Кезінде еліміздің оңтүстігіне жоңғарлар шабуыл жасағанда шығыс пен батыстан қазақ жасақтары хабарды ести сала атқа қонып, бес қаруын асынып, шұғыл көмекке аттанбап па еді. Бүгінде де шығыс өңіріндегі әскери полигонға елдің оңтүстігінен, батысынан әскерлер келіп, шартты жаудың көзін жою операциясына қатысып отыр. Әне, Ақтөбеден келген артиллеристер калибрі 1500 миллиметрлік гаубица Д-20-ның ұңғысын шаңнан, майдан тазалап жатыр. Әрбір атыс алдында ұңғыны осылайша тазаламаса болмайды. Ал тазаланған зеңбірегіңіз 17 шақырым 400 метр аралығындағы нысананы қағып түсіреді.
Жоғарыда «Айбалта-2016» оқу-жаттығуы алғаш рет қысқы уақытта соғыс қимылдарына жақындатылған жағдайда өткізіліп жатқанын айтқан болатынбыз. Оқу-жаттығу ақпанның 22-сі мен 28-і аралығында ұдайы орналасу пункттерінде, «Шығыс», «Сарыөзек» және «Спасск» полигондары мен қозғалу бағдарларында өтеді. Барлығы оқу-жаттығуға 5 мыңдай адам, 1 500-ден аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника және шамамен 30 бірлік авиациялық техника тартылып отыр. Біз «Шығыс» полигонындағы оқу-жаттығуға әзірлік жөнінде баяндадық. Ал 26 ақпан күні «Шығыс» полигоны нағыз әскери қимыл алаңына айналатыны сөзсіз.
ІССАПАРДАН ОРАЛҒАНДАҒЫ ОЙ. Анабір жылдары қорғаныс саласының былық-шылығынан былайғы жұрт түңіліп, әскери қуатымыздың әлеуетіне сызат түсе бастап еді. Соңғы кездегі бір-біріне жалғасқан әскери дабылдар мен оқу-жаттығулар қазақ әскерінің стратегиялық және тактикалық мүмкіндігін айғақтай бастаған тәрізді. Ақпанның арқыраған аязында нағыз далалық әскери қалашықта әскери басшылықтың талаптарын жүзеге асырып жатқан әскерлердің қимылынан осыны аңғардық.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА – СЕМЕЙ – АСТАНА.