• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Биыл киік қатыгездікті көтермес

279 рет
көрсетілді

Осы түз тағысы адамдардан өздеріне оң көзқарас қалыптасқанын қалайды Қыр астынан көктемнің төбесі көрін­гендей. Қарлы, ауыр қыстан кейін келетін көктем малға да, жанға да, тіпті, даладағы аңға да жеңіл бол­май­тын түрі бар. Қазір облыста көк­темгі су тасқынына қарсы дайындық кү­­шейтілген. Қардың суы біраз әлек салатын секілді. Мұның сыртында ветеринарлар мен экологтар, орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының мамандары да киіктің келу қарсаңына өз саласы бойынша дайындықты тездетуді бастады. Сәуір басталысымен Бетпақдала мен Сарыарқаға киіктер де келіп же­теді. Қостанай облысының Қарасу, Амангелді, Жангелдин, Науырзым, Әулиекөл аудандары киіктің жолында жатыр. Өткен жылы Қазақстанның киік үйірлері жайылатын үш облысы аумағында 150 мың бас «дала сұлуы» қырылды. Соның 129 мыңы Қостанай облысынан саналды. Айтпақшы, былтыр келеңсіз жағдайдан кейін киіктің қаншасы тірі қалғаны әзірге белгісіз. Ол Қостанай облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы сәуір-мамыр айларында киіктерге санақ жүргізген соң анық­талады. – Негізі, киіктерге санақ жыл сайын көктемде жүргізілетін. Өткен жылы экологиялық апаттың салдарынан оған үлгермедік. Биыл киіктің келуіне және төлдеуіне қарсы облыс өңірінде облыстық ішкі істер департаментімен, «Охотзоопром» республикалық кәсіп­орнымен, «Алтын дала» резерватымен, тағы басқа да тиісті орындармен бірлесіп жұмыс жоспарын жасап отыр­мыз. Киік төлдейтін кезде күзет күшейтіледі, жедел топтар құрылады, – дейді аталған инспекцияның бөлім меңгерушісі Боранбай Айтқожин. Киіктің келуі қарсаңында облыс ветеринарлары да алаңдаулы. Өйткені, былтыр киіктің қырылуына негізінен пастереллез ауруы себеп деген пікір басым болды. Мұның үй малына жұқпауы үшін барлық шаралар жасалады. Сондықтан, киіктің жолындағы бес ауданда сәуір-мамыр айларына дейін үй малдарын пастереллезге қарсы вакцинациялау жұмысы кезек күттірмейтін мәселе болып тұр. – Өткен жылы киіктер жолында жатқан бес аудандағы малдың 30 пайызына вакцина егілген болатын. Биыл осы аймақтағы малды 100 пайыз вакцинациялайтын боламыз, – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбай. Әдетте, ақбөкен жылда өзінің келу-кету жолын, төлдейтін мекенін өз­герт­­пейді екен. Алайда, биыл қар­дың көптігінен су тасығандай болса, олар жылдағы орнынан ығысуы ықтимал. Мұның өзі киіктерді ба­қылау жұмысын қиындатуы мүмкін. «Даланың ботагөзіне» сұқ көзін қа­даған дала тағысы мен адам тағысы тағы бар. Өткен жылы қырылып жат­қан киіктің өзіне оқ атқандардың төрт оқиғасы тіркеліп, олардан 30 киіктің өлексесі табылған болатын. Мұның сыр­тында полицейлер киік мүйізін сатудың 14 фактісін тіркеді. Биылғы киік­тің үйірі мұндай қатыгездікті кө­терер ме екен? Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.