Өз өніміңді шығар, өз өніміңді тұтын. Сонда жатқа қарап жалтаңдамайсың, өзгеден күтіп елеңдемейсің. Бүгінгі нарықтық кезеңнің талабы осы, дағдарысқа қарсы тұрудың қалқаны да осы. Сондықтан, Мемлекет басшысы отандық өнім мәселесіне айрықша назар аударып, қолдау көрсетіп келеді. Осы тұрғыда ауыз су тапшылығы бар Маңғыстау өңірінде жаңалықты жайттың хабары бар, ол – Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында минералды су шығаратын жаңа нысан ашылуға жақын.
Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Маңғыстау облысының екінші бесжылдығына арналған индустрияландыру картасын жасақтау және жаңа жобаларды енгізу жұмыстарына сәйкес, «Шетпе Сулары LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы құны 225 млн. теңгені құрайтын минералды су шығаратын зауыты инвестициялық жобасы таяу күндері іске қосылмақ. Бұл жоба Маңғыстау облысының аймақтық үйлестіру кеңесінің 2015 жылдың маусымында қаралып, аймақтық индустрияландыру картасына енген болатын.
Зауытта минералды су шығару технологиясының және суды құятын пластик шөлмектерді дайындау құрылғыларын реттеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстары 2014 жылы бастау алған зауыттың жер көлемі 0,7 га құрайды. Қазіргі таңда өндірісті іске қосу мақсатында толыққанды жұмыстар жүргізілуде. Зауытта минералды судың газдалған және газдалмаған түрде шығарылуы қарастырылған. Өнім әртүрлі сыйымдылықтағы 0,5 литр, 1 литр, 1,5 литр, 5 литр, 6 литр және 19 литр ыдыстарда шығарылады. Барлық пластик ыдыстар да осы зауытта дайындалады. Дайын өнім «Шайыр суы» және «Мөлдір су Шайырдан» атты екі маркада шығатын болады. Конвейер сағатына 0,5 литр – 2200 дана, 1 литр – 2000 дана, 1,5 литр – 1800 дана, 5 литр – 120 дана, 6 литр – 110 дана және 19 литр 100 дана өнім шығаруға қауқарлы. Бүгінгі таңда зауытқа аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан 14 адам жұмысқа тартылған. Алдағы уақытта зауыт іске қосылған соң, ауданнан қосымша 15 адам жұмысқа қабылданбақ, дейді зауытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған өндіріс басшысының орынбасары Рафхат Қорабаев.
Зауыт жұмысына кәсіпкерлер палатасы тарапынан, зауыт басшысына су өніміне Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарт сертификатын алу жөнінде, жұмысқа аудан тұрғындарын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қабылдау туралы және тағы сондай басқа да мәселелерді шешу жөнінде кеңестер берілді.
Шайыр ауылына барып, зауыттың құрылыс-жабдықтау жұмыстарымен танысып шыққан өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Жаңбырбай Доспаев, шалғай ауылдардағы кәсіпкерлердің басқа облыстарға, алыс-жақын шетелдерге танылуына күш салуға дайын екендігін жеткізді.
– Ең бастысы, осындай қолынан іс келетін азаматтарға СТ-KZ сертификатын алу мәселесін тез арада шешіп беруге дайынбыз. Аталмыш сертификат арқылы олар арнайы экономикалық аймақтарда әрекет етуіне болады, сондай-ақ, өз тауарларын өзге елдерде таратып, мемлекеттік сатып алу кезінде артықшылыққа ие болу мүмкіндіктеріне қол жеткізеді. Экспортқа жөнелтілетін тауардың шығу тегін анықтап, халықаралық нарық жағдайына бейімделуге бет бұруына ықпал етуге дайынбыз, – деді Ж.Доспаев.
Маңғыстаудың шалғай ауылында шаруасын бастаған жігіттер өз кәсіптері елдің нәсібіне айналады деп күтуде.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.